Имам Ғазали тек өз дәуірінің ғұламасы ғана емес, Ислам тарихының әр дәуіріне тән ең ірі ойшылдардың бірі. Оның еңбектері мың жылға жуық уақыт бойы мұсылман үмбеті үшін темірқазық болып келеді. Назарларыңызға ұлы ғұламаның 20 нақыл сөзін ұсынамыз:
- «Жаңғақтың қабығын жарып, дәніне жете алмаған адам – бүкіл жаңғақты тек қабықтан тұрады деп ойлайды».
- «Батын (ішкі, жасырын) ілім – Алланың құпияларынан бір құпия. Алла Тағала бұл сырды Өзі қалаған құлының жүрегіне салады».
- «Мөлшерден тыс көп ұйқы адамның жүрегін қатайтып, рухын солдырады. Ал қажетті мөлшердегі ұйқы – ғайып әлемінің сырларын ашуға (кәшф) себепші болады».
- «Өзіңе қажетті нәрсені сұрағанда, тым қадалып, шектен тыс табандылық танытпа».
- «Шынайы мүмін – бүкіл дене мүшесімен Алладан қорқатын адам».
- «Тірілер бір-бірін көрдегілер өкініп жатқан дүние үшін талап жеп жатыр».
- «Өзіңді өліп қалдым деп, кейін тілегің қабыл болып, саған тағы бір күндік өмір сыйланды деп елестетші. (Сол күнді қалай өткізер едің?) Ендеше, бүгінгі күніңді сол берілген бір күн деп есепте».
- «Егер адам үш күн қатарынан ілім іздемесе, кітап оқымаса, оның рухани күйі түбегейлі өзгеріске ұшырайды, бірақ ол оны сезбеуі мүмкін»
- «Фәни дүние – ақыреттің егістігі және тура жолдағы (һидаят) аялдамалардың бірі. Бұл әлем өз табиғатына сай «дүние» деп аталған, яғни, ең төменгі, ең жақын деген сөз».
- «Өзінің менмендігі мен тәкәппарлығын мақсат еткен адам – нағыз надан».
- «Мүмін адам оңашалықты және жалғыз қалып ғибадат етуді жақсы көреді».
- «Сен бейқамсың, жүрегің қателікке бой алдырған, өмірің өтіп жатыр, ал күнәларың болса еселеніп барады».
- «Білгін, жүрек – бір бекініс, ал шайтан – сол бекініске басып кіріп, оны иемденгісі келетін жау».
- «Уа, Алла Тағалам! Өлім келмей тұрып шынайы тәубе етуді нәсіп ет. Ғапілдікте жүргенімізде бізді оятып, ескерту жібер. Бізді Елшілердің төресі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) шапағатына лайықты ете көр!»
- «Уа, дүние мүлкін тойымсыздықпен жинаушы! Мұның бәрін кім үшін істеп жүрсің? Сен түбінде өлесің ғой!»
- «Нәпсі патшаны құлға айналдырса, сабырлылық құлды патша дәрежесіне көтереді».
- «Жүректі шайтанның азғыруынан қорғау керек. Бұл – ақыл-есі бүтін әрбір мұсылман үшін «фарз айн» (жеке міндет)».
- «Бұл өмірді ораза секілді өткіз, ал ауыз ашар ашар - ақыретте болсын».
- «Уа, адам баласы! Жамандыққа бастайтын нәпсің сен үшін Ібілістен де қауіптірек жау екенін біл».
- «Білгін, нәпсінің қалауынан туған күнәлардың кешірілуі мүмкін, бірақ тәкәппарлықтан туған күнәнің кешірілуі қиын. Шайтанның лағынетке ұшырауына оның бұйрыққа бағынбауы емес, сол кездегі тәкәппарлығы себеп болды»[1].
[1]Исламосфера