"Жеті түрлі жаман мінез бар...": Ы. Алтынсарин мінездің түрлері жайында
"Жеті түрлі жаман мінез бар...": Ы. Алтынсарин мінездің түрлері жайында
1 жыл бұрын 10613

Пенденің көңілінде болатын пиғыл екі түрлі-ді. Бірі – көркем, бірі – бұзық сипатты. Аят пен хадисте білдірілген жаман мінездер алпыс түрлі. Мұның бәрін бұл кішкене кітапта баян етуге орын болмайды, бірақ сол алпыс түрлі жаман мінездің шығатын түп асылы жеті түрлі мінезден десіпті. Біз осы жеті түрлісі турасында ғана айталық. Бұл жетеудің арабша аттары:

  •  әуелі – куфр (Куфр – дінге сенбеу, дінсіздік).
  •  екінші – бидғат, (Бидғат – діннен бөлек өз ойынан шығарған үкім, шариғатта жоқ нәрсе).
  •  үшіншісі – кибр, (Кибр – менмендік, өзімшілдік).
  •  төртіншісі – рия, (Рия – мақтану, өзін-өзі көрсету).
  •  бесіншісі – хасад, (Хасад – қызғаншақтық, күншілдік).
  •  алтыншы – бухл, (Бухл – сараңдық).
  •  жетіншісі – исраф. (Исраф – дүние шашқыштық, ысырапшылық).

Бұларды ахлақ зәмимә деп атайды. (Ахлақ зәмимә – жағымсыз, ұнамсыз мінез-құлықтар).

Осыларға қарсы жақсы құлық жетпіс сегіз түрлі. Олардың шығатын түп асылы тағы да жеті түрлі мінезден болса керек. Бұларды "ахлақ хамидә" деп атайды (Ахлақ хамидә – мақтаулы, игілікті мінез-құлықтар):

  •  әуелі, куфрлікке қарсы – иман,
  •  екіншісі – зидду (қарсы) бидғат, яғни бидғатқа қарсы ағмал
  •    самғия (ағмал самғия – Құран хадиспен бекітілген амалдар).
  •  үшінші, рияға қарсы – ихлас, (ықылас).
  •  төртінші, кибрге қарсы – тауәдуғ. (Тауәдуғ – сыпайылық, момындық, шын берілгендік, кішіпейілділік).
  •  бесінші, хасадқа қарсы – насихат. (Насихат – ақ көңілділік, адал ниетпен берілген кеңес, өсиет)
  •  алтыншы, бухлға қарсы – сахауәт, (Сахауәт – жомарттық, кең пейілділік, қайырымдылық).
  •  жетінші, исрафқа қарсы – машруғ. (Машруғ – шариғат бойынша дұрыс заңды. Мұнда: малын орынды, үнемді жұмсау). 

ЖАМАН МІНЕЗДЕР (АХЛАҚИ ЗӘМИМА)

Куфр

Ахлақ зәмимәның, яғни жаман мінездің әуелі куфр дегені – иманы жоқтық яғни растыққа ешбір нанбайтындық. Мәселен, Кұдай тағаланың бірлік, барлығына, пайғамбар хақтығына нанбай, халалды харам, харамды халал деушілер. Бұл мінезбен пенде мәңгі тамұқта қалса керек. (Тамұқ - тозақ).

Бидғат

Бидғат дегеніміз - пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салләллаһу әләйһи уә сәлләмды һәм пайғамбарымызға жолдас болған сахабаларды көріп, сөздерін естіп қалған адамдардан кейінгі уақытта өз ойынан жаман пиғылмен шариғат бұйрығы деп әмір шығарып, ол пайғамбар жолдастарының айтып кеткен  шын шариғат бұйрықтарынан бас тартып немесе мағынасын өзгертіп жүрушілерді айтады. Бұл мінезді кісілер пайғамбар шапағатынан алыс болса керек. Мұның хақында пайғамбарымыз әләйһис-сәләм айтыпты: (ля яқбәлуллаһу тағала лисахибил-бидғати саумән уә ля хажжан уә ля ғумратән уә ля жуһдан уә ля сарфән уә ля адлян уә йахружу минәл-ислами кәмә йахружуш-шағру минәл-ажин). Яғни Құдай тағала қасында бидғат иесі-адамдардың оразасы, хажы, дінге дұшпан халықтарға қарсы соғысқа барулары, зекет-садақалары, әділдіктері болса да мұсылманшылықтан олар шығарылар бейне қамыр ішінен қыл алып шығарып тастаған рәуішті деген сөз.

Рия

Үшінші, рия дегеніміз – Кұдай тағалаға қылған құлшылық, адамға еткен жақсылықтың бәрін де Құдай разылығы үшін етіпті. Осы істерімді көріп бөтен адамдар мені жақсы кісі деп білсін деп жүретін мінез, не болмаса, біреуге тілменен жақсы сөйлеп болмаса сырттан жақсы көрінген болып жүріп, ішкергі көңілі бұзықтықта яки дүние, пайдасына ғана керекті пиғылда болуды айтады. Бұл рияменен де Кұдай тағалаға не адамға да еткен қызмет пен жақсылық зайиғ (бос, бекер), һәм зор күнәһарлықтан болып табылады, бәлки куфр болудың да қаупі бар.

Кібір

Кібір деген тәкәппаршылық, яғни, өзін-өзі бөтендерден білімде болсын, құлшылықта болсын яки дүниеде адамдар арасындағы істерінде болсын жоғары санап жүру. Тәкаппаршылық дүниеде өткен жақсылықтарыңды жойып кететін мінез. Хатта пайғамбарымыз әләйһиссәләм айтыпты «адамның көңілінде бір мысқалдай тәкаппаршылық болса да ұжмаққа кіре алмас» деп.

Хасад

Хасад дегеніміз күншілдік; яғни біреудегі Құдай тағаланың берген дәулетін, не ілімін, не бір пайдалы ісін көріп, ол дәулеттердің ол адамнан кетуін тілемек. Ұрлық ету, біреудің не малын, не білімін, не бағын күндеп қас болу немесе өлтіру, малын алу, біреуді талау, пәре, өсім алу. Осындай бұзық істердің бәрі де кісідегі дәулетті өзімдікі етіп алайын не болмаса өзімнен білімді кісі болмасын деп ойлайтын мінезден табылады. Құдай тағала мұндай пиғылдан әр мұсылман пендені өзі сақтағай. Пайғамбарымыз әләйһиссәләм айтыпты: «...әл-хасиду ля йадхулул жаннатә уәл хасаду йакулуль-хасанати кәмә йакулу-н-наруль-хатаба». Яғни күншіл кісі жаннатқа кірмес, күншілдік - от отынды жойған рәуішті құлшылығыңды жояды деген сөз.

Бухл

Бухл дегеннің мағынасы – сараңдық. Сараңдық деп Құдай тағаланың уәжиб еткен мырзалықтардан яғни зекет, хаж, құрбан сою, бейшараларға, пақырларға қарасу, нафл садақаларын беруден қашуды айтады. Бәрімізге мағлұм бүл дүниедегі кісілердің бәрі де әуелінде бір Адам ата, Хауа анадан өрбіген ағайын екендігі; екінші, біреуді бай, біреуді жарлы ету Құдай тағаланың тағдыры екендігі, яғни дүниеде ұйықтап жатпай халал мал тауып бала-шаға, ата-ананы асырау – уәжиб. Бірақ біреудің еңбегі дүниеде пайда болып табылып, бай болады, біреудегі пайда бола алмай, жарлы болады. Соның үшін де пақыр мискиндерге байлардан Құдай тағала зекет, хайыр-садақалар бұйырды. Бірақ осындай рахымды болуды Құдай тағала сүйемін һәм ахиретте бұл қайырларының орнына ұжмақ бұйырып, мәңгі рахатта қалдырармын деп уағда етті. Егер дүниедегі малды Құдай бергеніне түсінбей, жалғыз өз малым деп, бар зекет-хайырдан тоқталған адамдар, яғни өзі қолынан келіп тұрғанда бөтенге хайыр етуді білмеген адам өзгеден һәм хайыр үміт етпесе керек. Пайғамбарымыз әләйһиссәләм айтқан: «...хасләтәни ля яжтәмиғани фил-мумини әл-бухлу уә сууль-хулуқи», яғни, екі нәрсе шын мумин пенденің көңілінше қонбас: біреуі – сараңдық, біреуі – бұзықтық деп. Бұзықтық деген сөзге көп жаман мінездер кіреді. Өтірікші, қиянатшыл, зорлықшыл ұрысқақ мінездердің бәрі де бұзықтыққа қосылады.

Исраф

Исраф дегеніміз - Құдай тағала берген дәулетін харам, макруһ орыңдарға яки қай түрлі болса да тиіссіз орындарға шашып жұмсауды айтады. Бұлай болғанда мырзалық хайырлы болмақ деп бет алдына тиісті-тиіссіз орынға мал жұмсауды мырзалыққа, жақсылыққа қоспайды. Бұл мінезді дүниеде ақымақтық һәм амалды исраф деп атайды. Исраф – харам. Харамды біле-көре еткен кісі отпен азапта қалса керек. Пайғамбарымыз ғаләйһиссәләм айтқан: «...сахибул-исраф ахун лиш-шайтани» яғни, исраф иесі шайтанның ағайыны деп.

 ЖАҚСЫ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТАР (Ахләқуль хамида).

Ахләқуль хамидә деген көркем мінездердің әуелі – иман. Иман дегеніміз куфрлікке қарсы көңілменен рас тұту, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа әләйһис-сәләмның Құдай тағала жанбунан алып келген бұйрықтарының бәрін де.

Екінші, ағмал самғия бидғатқа қарсы яғни істелген дәлелдер суннат қауымындағы жақсылардың сахабалардан естіп, дұрыстаған жолында болуды айтады. Бұл екі жолдың мағынасын әуелгі баста иман турасында айтып өттік.

Үшінші рияға қарсы ихлас, яғни пендеге лайық, Құдай тағалаға сүйікті болуды тілемеқ, не жақсылық етсең, адам көзіне көрінсін деуден жырақ болып тек Құдай тағаланың разы болмағын іздемек керек. Пайғамбарымыз әләйһиссәләм айтқан:

«...уә һуә ән тағбудәллаһә кәаннәкә тәраһу фа ин лям тәкун тәраһу фәиннәһу яракә» деп. Яғни, ғибадат қылсаң Құдай тағаланы көріп тұрғандай құлшылық ет, сен бұл уақытта Құдай тағаланы көрмесең де Құдай сені көріп тұрушы деп.

Төртінші, тәкаппаршылыққа қарсы тауәдуғ. Әркімге лайық өзін-өзі жоғары тұтпай бәлки жамиғ жұрттан төменмін деп білмек. Бұл сөздің түсінікті мағынасы сол, хаким (дана) болсаң өзіңді зор тұтып, бөтенді қор тұтпай, һәм әр бейшараны аяп, рахыммен сөздерін тыңдамақ. Оқымысты болсаң білімсіп басыңды жоғары көтермей, бәлки надан ағайынынды аяп, білмегенін үйретіп тура жолға салуға тырыспақ. Бай болсаң баймын деп менменсімей, бай емес бейшараларға аяушаң болмақ. Осы мінездерді тауәдуғ деп атайды.

Пайғамбарымыз әләйһиссәләм айтқан: «...мән тауәдәға лилляһи дәражәтән яжғалһу фи әғля ғиллийин уә мән тәкәббәра аляллаһи дәражәтән уадағаһуллаһу дәражәтән хаттә яжғаләһу фи әсфәлис-сәфилинә» яғни, егер бір пенде Құдай тағаланың бұйрығына бой сұнып бір мысқалдай төменшілік етсе де, Құдай тағала ол пендеге жоғарының жоғарысы болатын дәреже берер. Егер біреу Құдай тағалаға аз ғана такаппарлық етсе де ол пенденің дәрежесі төменнің төмені болар деген.

Бесінші, рияға қарсы насихат – әркімнің өзіне тілеген жақсылықтарны өзгеге һәм тілемек. Оның үшін дүниеде қанша адам болса – бәріміз бір Адам атадан өрбіген ағайынбыз. Пайғамбарымыз әләйһиссәләм айтқан: «...мән кәнә фи ауни ахиһил-муслими уә мәнфәғатиһи фә ләһу сауәбулмужаһидинә фи сәбилилляһи» яғни, біреу мұсылман қарындасты аз нәрсемен ғана пайдаландырса, яки жәрдем берсе, ол адамдарға азат соғысқандардың сауабын беру.

Алтыншы, сахауәт – мырзалық мағынасында. Сараңдыққа қарсы яғни Құдай берген дәулетті Құдай тағаланың сүйетін һәм бұйырған орындарына жұмсамақ (зекет, садақа рәуіштілерге). Ғылым, білім, күш те, қуат та, хакімдік те – бәрі де дәулетке қосылады. Осылардың бәрін де ізгілік іске жұмсамақты сахауәт деп атайды. Пайғамбарымыз әләйһиссәләм айтқан: «...әс-сәхау шәжәратун фил-жаннати фәмән кәнә сахийан әхазә биғуснин минһа фә лям йушрак зәликә хаттә йадхулаһул-жаннатә» яғни, кім де кім сахи мырза болса, ол мырзалық – ұжмақта бір ағаш, мырза адам ол ағаштың бұтағынан ұстағанға мысал һәм ол бұтақпен ол мырза кісі ұжмаққа кірмей қалмас деген сөз.

Жетінші, машруғ – исрафтың қарсысы. Құдай тағала берген дәулетті тиісті орнына жұмсау. Бұл ниет шайтаннан алыс етсе керек.


 

Ыбырай Алтынсаринның "Мұсылманшылықтың тұтқасы" атты кітабынан. 

0 пікір