Қазақтың азаттық феномендері
Қазақтың азаттық феномендері
1 ай бұрын 3229
Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист

(тарихи эссе)

Қазақ қауымы бодандыққа түсіп отаршылдардан қанша қорлық көрсе, азаттыққа жету жолында да сонша күш-қайрат көрсетумен келе жатқан жанкешті халық. 

Сөйтіп, азаттық жолында қайталанбайтын ғаламат оқиға-құбылыстар мен ғажайып тұлғаларды тудырды.  Қоғамтану тілінде оны «феномен» деп атайтындықтан соның ең айтулыларын «ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТТЫҚ ФЕНОМЕНДЕРІ» деп еске алып, азаттықа ұмтылған санамызды бір серпілтіп алсақ дейміз. 

Қазақ қауымы бодандыққа түсіп отаршылдардан қанша қорлық көрсе, азаттыққа жету жолында да сонша күш-қайрат көрсетумен келе жатқан жанкешті халық. 

Сөйтіп, азаттық жолында қайталанбайтын ғаламат оқиға-құбылыстар мен ғажайып тұлғаларды тудырды. Қоғамтану тілінде оны «феномен» деп атайтындықтан соның ең айтулыларын «ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТТЫҚ ФЕНОМЕНДЕРІ» деп еске алып, азаттықа ұмтылған санамызды бір серпілтіп алсақ дейміз. 

1916-жыл! Қазақтың соңғы тарихындағы айтулы жылнама. Қазақ сахарасын түгел жайлаған алапат көтеріліс өрті! 

Бір ғасырдан астам уақыттан бері жарты әлемді жамбасына басып, жайбарақат жатқан Патшалық Ресейді қатты састырған тосын құбылыс. Махамбет-Исатай, Кенесарыдан кейін енді бас көтере алмас, деп әбден сенген «киргиздердің» оқыс мінез көрсетуі – патшаның империялық саясатында қатты таңданарлық, әрі аса ашу тудырарлық оқиға саналды. 

Өйткені, бұған дейін қазақ жерін Ақ патшаның меншігі деп жариялағанда, одан кейін шұрайлы жерлеріне қара шекпен орыс шаруаларын қаптатқанда, осыған дейін қазақ даласының шығыс бөлігін манжурялық-қытаймен сырттай бөліске салғанда үнсіз қалған «жабайы киргизге» не бола қалды!?

Осы жолғы Ақ патшаның жарлығы бұларға қарағанда ештеңе емес еді ғой. Бар болғаны, Ақ патша «Киргиз еркектерін соғыс тылындағы қара жұмыстарға жегу» деген ғана жарлық шығарған жоқ па, еді? Мұнда олардың шамына сонша тие қоятындай не бар? 

Бар еді, залым патшаның білмеген нәрсесі жалғыз сол еді, ол – дала көшпенділерінің «намыс» деп аталатын ең жанды жері болатын. Содан да, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы»... дейтін далалық пәлсапалары олардың әрбірінің жүрегіне жазылған бұлжымас заңы болатын... Өйткені, еркін далалықтар үшін елі-жері жауға тапталса да оны қайтарып алуға, кегін қайтаруға да болады, бірақ намыс тапталса бәрі бітетінін олар жақсы білетін-ді. 

Ал, дала көшпенділерінің осындай «ердің намысы» деген ерекше рухани жігерін «ұлт намысы» дейтін дәрежеге көтерген тарихи оқиғалар осылай басталған-ды. 

Атақты ОН АЛТЫНШЫ жылғы халық көтерілісі қазақтың бодандықта мүлде басыбайлы қалмайтындығын, Ресейдің құрамына кірген басқа бодан халықтар секілді (саха, буряд, хахас т.б.) ұлт ретінде жойылып кетуге жол бермейтіндігін көрсетті. Оны сонда ғана нақты түсінген Ақ патшаның каретель қосындағы өз бодан қауымын айуандықпен жазалады. 

Атаусыз әдейі ұмыттырылған көп көтерілістің бірі «Созақ көтерілісін» суреттейтін Асқар Сүлейменовтың «Бесатар» хикаятында, жазалау отрядының офицері бір атаның бес жігітін «оқ қаншасын тесіп өтер екен?» деп, қабаттап тұрғызып қойып бесатармен атады. Тірі қалып жараланып жатқан біреуін жерошақта маздап жатқан шоққа лақтырады... 

Бұл жазалаушылардың жасаған мыңдаған жауыздықтарының бір көрінісі ғана. Өзін бұл кезде бодан халықтан әлдеқайда мәдениетті санайтын орыстардың осындай адамшылықтан жұрдай әрекетке баруы, «басбұзарларды» қайта баскөтерместей етіп жаншып тастау деген зымиян пиғылдан шыққан саналы түрдегі зұлымдық еді. 

Алайда, сексеуілдей терең тамырлы елдің бұтағын қанша отаса да, тамырын суырып тастауға, жойып жіберуге олардың шамасы жетпеді. Өйткені, тамыр терең болған сайын, оның жемісі де сонша өміршең, феникс құстай өртенген күлден тірі шығатын жанкешті болатынын жаужүрек қазақтар дәлелдеген сәтте ғана «хозяйындар» іштей есі шыға таңданып, сырттай ашуға мінетінін тарихи оқиғалар әшкерелеумен келеді. 

Мың жылдық бай тарихы бар, дала өркениеті кемелденген, сахара мәдениеті әбден бойына сіңген қазақ деген халық та ақыры отырықшы, от қарулы өркениеттің алдында тізе бүгуге мәжбүр болған кез еді. Қоғамы да құлдырап, құлауға бет алған...

1816-дан 1916 жылға дейінгі 100 жыл - Ресей отаршылығының қазақ даласын халқымен қоса күйзеліске ұшыратқан, елдің тұрмыстық әрі рухани жағынан тұралатқан кезең!

Мәселен, Қазақтың алып даласы қанша кең болса да, ешқандай босқа жатқан жер жоқ көшпенді өмірге сәйкескен, төрт түлік малдың қыстау, көктеу, жайлау, күзеуі дейтін ғажап бөлінісіне сай келетін байтақ өлкесін отаршылар өз білермендігімен меншіктеп, шұрайлы жерлерді орыс шаруаларына үлестіріп, қолайлы мекендердерге әскери бекіністер салып байырғы халықтың шырқын бұзды. 

Ауылдық, туыстық, рулық, жүздік деп аталатын жер бөлінісі мен хандық, төрелік, билер, ақсақалдық дейтін далалық басқару жүйесін бұзып, болыстық-әкімшілдік дейтін бүтін халықты алауыздыққа ұшыратып, іштей ірітетін жаңа басқару жүйесіне көшірді. 

Хақ дінді халықтың дәстүріне сіңіріп жіберген төл мұсылмандықты, молдалық-миссионерлік тәсілмен бүлдіріп қауымның біртұтас діни сеніміне селкеу түсірді. Міне, осындай отаршылдық ұзақ жылдық жоспар іске асқан сайын «қазақтың азаттық феномендері» де қатар жарысып, күрестің керемет әдісі іске жегіліп отырды. 

Халық жадындағы азаттық таңбалары 

Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісі – қара бастың қамынан ел қамы артық екенін, басыңды берсең де елдікті бермеудің шарт екенін, ел басшыларының мансап үшін халқын сатуы тарих алдында қара әріппен жазылатын масқара екенін, қалың қауымның санасына ісімен де, алмас қылыштай өткір сөзімен де өшпестей етіп жазып кеткен қайталанбас құбылыс. «Еңку-еңку жер шалмай, егеулі найза қолға алмай ерлердің ісі» бітпейтінін іспен көрсеткен ұлы оқиға!

Одан кейінгі Кенесары ханның қарулы күресі де, Ресейдің аристократ билеушілерін қатты ойландырды. Кенесарының асқан білімдарлықпен ел иесіміз деп отырған отаршылардың ресми ісіндегі заңсыз-әділетсіздігін әшкерелеуі, көтерісшілердің ізіне түскен жазалаушы жасақты оқ шығармай-ақ иен түзге қаңғырытып кететін соғыс тактикасы, кемел қолбасшылығы, елді артынан ерте білетін ақсүйек дегдарлығы, досына да, жауына да арамза қулық жасамай адалдықпен қатынас орнататын даналығы, қазақтың келешегінен үміт үзбеген көрегендігі – халық санасына гауһартастай жарқырап жататын сахара еркіндігінің бірегей ескерткішін салып кетті. 

Бұл феномендер, басынған дұшпанымен қылыш жүзімен қалай сөйлесудің жолын көрсетіп, келешек ұрпаққа ерлікті аманаттап кеткен кереметтер болатын. 

Сонымен бірге, жаны мен тәнін тең ұстайтын сахара сайыпқырандары үшін рухын шар болаттай шыңайтын рухани ғаламаттар да қатар жасалып жатты. Оның ең бірегейі қазақтың күй өнері. Төгілген шешен тіл айтып жеткізе алмайтын рухтың тылсым тілін тудырған қос шекті домбыра азаттықты ту еткен өршіл ерлердің рухын дауылпаз күй етіп асқақтатты. 

Құрманғазының «Сарарқа», «Адай», «Кісен ашқан», Тәттімбеттің «Саржайлау, Дәулеткерейдің «Әсемқоңыр» күйлерін тыңдағанда жер бетінде рухтанбайтын қазақ жоқ. Әрбір қазақы отбасының домбыраны төріне іліп өзінің рухани байрағы етіп қоюы содан. 

Келесі кезекте, бүкіл түркі текті халықтардан ән-әуен өнерінде шырқау биікке көтерілген қазақтар рухани күресте сезімді асқақтататып, көңілді көлдей толқытатын ғажайып әндер тудырды. Біржан Сал мен Ақан Серінің қозы көш жерден естіліп, белес-белес жайлауларда жаймашуақ жатқан ауылдарды дүр сілкіндіретін асқақ әндері «Жонып алды», «Ләйлім», «Көкшетау», «Маңмаңкер». Балуан шолақ пен Жаяу Мусаның, Мәдидің әділдікті ту еткен әрбір қазақтың көкейінен орын алған өршіл әуендері «Ғалия», «Ақсиса», «Қарқаралы». Осы даңқтылардың артынан қатар тұрған Мұхит, Естай, Үкілі Ыбырай, Әсет... әндері қазақ даласын қайғы тұманынан айықтырушы рухани дауыл іспетті болды. 

Өз халқына қарсы қызмет етуден бас тартқаны үшін патша жарлығымен қудаланып, аты-жөні аталмай қалса да Сегіз Сері деген лақап атымен «Гауһартастай» теңдессіз ән қалдырған қазақ күрескерінің әні, әлемге мәшһүр Париж «Марселлезасынан» кем емес, азаттыққа үндеуші әрі ән эстетикасындағы қайталанбас туынды еді. 

Міне, бұл аталған «азаттық феномендері» бүкіл қазақ жұртына әйгілілері ғана, әйтпегенде әр ауылдың, әр өлкенің біртуар осындай күрескерлерін атай берсек қастерлі тізім аяқталмайды...

Қазақ қауымы отаршылық қамытына түскеннен кейін бодандыққа қарсы Сөз өнері арқылы күресу де тоқтамай, бірінен бірі асып түсіп отырды. Зар Заман жырауларының атамекеннің бүтіндігі үшін зар еңіреген ескерпе жырларын («Жайықты келіп алғаны жағаға қолды салғаны...») өршіл терме жырымен жалғастырған Махамбеттен кейін, Абай хакімнің жаңа сыпаттағы өлеңдері мен ғақлия сөздері жаңа буын қазақ жастарын жаңаша күреске білім-ғылым арқылы отаршыл жүйемен үздіксіз күресуге шақырды. 

Осы рухани үндеуді іс жүзіне асырған, отаршылдардың аристократ билеушілерімен тең дәрежеде білім жарыстырып, олардан артық болмаса бір де кем емес ғылым жолында да, саяси күресте де көктегі жарық жұлдыздардай жарқырап шыққан Алаш Ардагерлері «қазақтың азаттық феномендерінің» жемісі әрі жеңісі деуге болады. 

Кейінгі қазақтың ғұлама көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы», «Тіл ұстартқышы» мен «Маса» сынды әдеби-ғылыми туындылары бүкіл түркі жұртының қоғамтану ғылымын жаңа сатыға көтерді. 

Қазақтың жаңа заманғы мемлекеттігінің негізін салушы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның энциклопедиялық терең білімі, саяси көрегендігін Ақ Патшаның отаршыл билігі де мойындап Дума депутаты етіп сайлады. Қызыл төңкерістен кейін большевиктер көсемі Ленинді ықтыра пікір алмасқан біртуар саясаткер Әлихан Бөкейхан Қазақтың автономиялық құқығын мойындатып, ежелгі жерінің шекарасын қалпына келтіртті. Совет Империясының тираны Сталин болса алаштық идеологиядан зәресі ұшып, өзінің барлық жендеттерін ұлт зиялыларына қарсы күреске жекті. 

Және, Алаш арыстары Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұстафа Шоқай, Нәзір Төреқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міражақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұхамедұлы, Тұрар Рысқұлов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сәкен, Ілияс, Бейімбет... әлі есім-сойлары анықталамай жатқан аттары әдейі ұмыттырылған көптеген Алаш зиялыларының қазақ даласына арнап шығарған «Қазақ» гәзеті, «Айқап» жұрналы сынды өзге де басылымдарға жариялаған азаттыққа шақырған, білім-ғылымды насихаттаған құнды еңбектері, мақалалары көкірегі ояу, көзі ашық қазақ қауымының ой-санасын жаңа биікке көтерді. 

Міне, қазақтың 1916-жылғы ҰЛТАЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ патша билігіне қарсы аяқ-астынан шыққан бүлік емес, бір ғасыр бойы жоғарыдағы аталған «азаттық феномендері» арқылы дайындалған тарихи оқиға болатын. 

Алайда, ОН АЛТЫНШЫ жылғы ұлтазаттық көтеріліс қазақ даласына қоғамдық-әлеуметтік тұрғыда қаншама шығын әкелсе де, Алаш елінің рухын көтеріп кетті. Отаршыл патшаға ешқашан басыбайлы құл болмайтынын көрсетті. «Ежелгі дұшпан ел болмас» деп, Зар заман жыраулары ескертіп кеткен Ресей патшалығының өз бодан халқынына ешқашан жанашырлық жақсылық жасамайтыны әшкереленді. 

Сөйтіп, алғаш рет өз жерінен еріксіз түрде бас сауғалап көрші елдерге үдере көшкен қазақ босқындары тарих сахнасына шықты. Бұлар келешекте Қазақ елін қайта толықтыратын «донор» болатынын сол кезде Алаш арыстары пайымдаған болуы да мүмкін...

Ал, дәл осы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегі қазақ қауымы үшін азаттық үміті мен мүмкіндігін қатар әкелген жылдар деуге болады. Өйткені, Ресейге үш жүз жыл бойы үстемдік еткен Романовтар әулетінің монархиялық билігіне қарсы шыққан орыстың республикашыл күштерінің қоғамдық-әлеуметтік бағадарламалары Патшалықтың құрамындағы бодан елдерге пайдалы көрінген. Содан да, Алаш көсемдері Ресейде етек алған бұл саяси қозғалыстан кейін қалмай жедел ұйымдастырған «Алғашқы бүкіл қазақ құрылтайы», «Бүкіл қазақ кеңесі», «Алаш Түркістан үкіметі», «Алаш партиясы..» сынды қозғалыстар мен ұйымдарды құруы соның дәлелі. 

Алайда, Ресейдің социал-демократ күштері ықпал еткен Ақпан төңкерісінің оңды нәтижелерін большевиктер басымдыққа ие болған Қазан төңкерісі өз пайдасына шешіп кетті. Ақ Патша иелік еткен монархиялық Ақ империя енді, әскери-диктатор басқарған Коммунистік деп аталатын бір партияның бірбеткей ұстанымынан басқаны қабылдамайтын Қызыл империяға айналып шыға келді. 

Ресми түрдегі бұл Совет Одағы деп танылған империя сөз жүзінде құрамындағы бодан елдерге автономия, республика тағайындаса да, іс жүзінде оларды одан әрі ассимилацияға ұшыратып, халық ретінде жойып «бір тұтас совет халқы» деген ат тағынған бүтіндей орыстанған жаңа империяның халқын қалыптастыратын саясат ұстанды. 

Одақ құрамындағы басқа елдерге қарағанда осы саясаттың аяусыз құрбандығына шалынған тағы да қазақтар болды. 1916-жылдан 1956-жылға дейін жалғасқан «қырық жылғы қырғын» қазақ даласын түгел қансыратты. 

Он алтыншы жылы басталған Ақ патшаның жазалаушы каратель қосындарының жасаған қырғыны, он жетідегі төңкерістен кейінгі ақ пен қызыл армия отрядтарының тонаушылығына қатар ұшыраған қаншама ауылдар, жиырмасыншы жылдары басталған қулак, молда-қожаларды жер аудару, байларды тәркілеу сынды жергілікті халықты жою саясатының кесіренен елдің бетке ұстар азаматтарынан жұрдай айырылған ел... Жиырмасыншы жылдардың аяғында зорлықпен ұжымдастыру науқанының салдарынан көшпенді малшаруашылығы толық күйреп, қазақ даласын жайлаған жасанды аштықтан халықтың үштен бірі қырылып, үштен бірі босқындыққа ұшыраған сұмдық геноцид орын алды. Бұл жаппай қырып-жоюдың бір халыққа шаққандағы масштабына бүгінде халықаралық мамандардың өзі үрейлі көзқараспен қарауда. 

Келесі кезекте дала халқының аман қалған үштен бірінің тағдырын арқалап, қалған елді аман алып қалу мен азаттық үмітін сөндірмеуге жанталасқан Алаш ардагерлері мен ұлт зиялыларының аяусыз репрессияға ұшырауы... 

Осынша қастандықтан, сексеуілдей берік сахара халқының белі қанша бүгіліп, әлсіресе де, елдік үміті өшпей орнынан тұрып енді ғана есін жыя бастағанда, екінші дүние жүзілік соғыс деп аталған Германия мен Совет империясының қырғын жаушылық амбициясынан жарты миллионға таяу қазақтың жас түлектері тағы да опат болды. Артта қалған қазақ еліне қайсар аналар мен жесір келіншектер, жетім жеткіншектер ғана ие болып, жанкешті жылдарды да бастан кешті. 

Советтік империя адамзат қауымын пролетар және буржуазия деп екі тапқа бөліп, бүкіл адамды материалдық тең дәрежеге жеткіземіз деген қияли коммунизм арқылы өз халқын да, өзге алпауыт елдерді де коммунисттік идеология арқылы қанша алдаусыратса да, Ресейдің бұрынғы отаршылдық пиғылы еш өзгермендігін, Қазақ ССР-ы деген тамаша атауға ие болған елде, іс жүзінде байырғы халықты тарихи жерінде азшылыққа ұшыратып, ұлттық негіздерін біртіндеп жоюдың қаншама жымысқы жоспары іске қалай асырылғанынан-ақ нақты көрініп жатты. 

«Қырық жылғы қырғын» деп аталған қазақ халқы геноцитке ұшыраған жылдардың соңғы он жылы яғни 1946-шы соғыстан кейінгі қайта ес жыю кезеңінен 1956-жылға дейінгі уақыт, қазақ қауымы үшін алдыңғы жылдардан да ауыр болды. (Бұл жылдарда тұрмыстың жақсаруы, қарынның тоюы мен материалдық жетістіктердің болуы, ұлттың рухани күйреуіне пайдасы аз, тек советтендірудің шарасы болғаны белгілі)

Өйткені, «тың игеру» деген атпен қазақ даласын жаппай жыртып егістікке айналдыру үшін басталған алапат науқанда Одақ көлемінен ағылған басқа ұлттардың басым саны атамекеніне аз санды болса да ие болып отырған қазақты мүлде сансыратып кетті. Жергілікті қазақтың тілден, ділден айырылуы яғни рухани күйреуге бет алу кезеңі туды. Ұлттық тілін ұмытқан, діні тәрк етілген, ділі бұзылған социализм дейтін казармалық қоғамның «Совет халқы» деп аталған жалшы тобыры қалыптасса, отаршылдардың көзінің құрты болған қазақ сахарасы уыстарына толық түсудің тарихи сәті таяп қалған еді. 

Оның үстіне, капитализм мен коммунизм деп екі дүниеге бөлінген алпауыт империялардың арасында қырып-жоюдың жаңа қаруы саналған атом сынақтары қазақ халқының қайнаған ортасында жасала бастады. Қазақтың даналары шыққан Семей өлкесі мен батырлары үзілмеген батыста, радиация арқылы жеркілікті халықтың ұрпағына кесір келтіретін атом сынақтарының жасалуын қастандықтың қандай түріне жатқызуға болады?!

Бірақ, сахараның сексеуіліндей тамыры терең, жаны сірі, рухы биік қазақ қауымы отаршыл қастандықтың қанша түрі жасалса да, жер бетінде халық ретінде аман қалудың мүлде жаңаша «азаттық феномендерін» ұдайы жаңғыртумен болды.

Соның ең айтулысы, «қырық жылғы қырғын» аяқталып бүкіл жағынан сансыраған қазақты орнынан тік тұрғызған Алаш ардагерлерінің аманатын мойынына алып қалған Омарханұлы Мұхтардың «Абай жолы» эпопеясы! 

Бұл роман мәжбүрліктен қанша тап күресі идеологиясымен жазылса да, бүкіл қазақтың ғажайып өмірін қайта тірілткендей, ұлт данышпаны Абай хакімнің даналығын барлық халыққа қайта қауыштырғандай рухани серпіліс тудырды. Оның үстіне жаңа заманғы сөз өнерінің шыңы саналатын роман жанрында дүниежүзілік әйгілі жазушылармен қазақтың тайталаса алатынын дәлелдеп ұлт мерейін үстем етті. 

Алпысыншы жыл дегенде, қазақ әуен өнерінде бұрын-соңды болмаған, басқа түркі тектес халықтар әлі жете қоймаған жаңа әндердің тууы – қамкөңіл халықтың жан жарасын жазып, уайымын ұмытырған, келешек өмірге ерекше құштарлықпен қаруға шақырған керемет құбылыс болды. 

Вальс королі деген дара даңққа жеткен Шәмшінің біртуар әндерінен бастап, ұлы сазгердің алдыңғы және артқы буыны саналатын Бекен Жамақаевтың «Сен ғана», Әбілахат Еспаевтың «Әлі есімде», Әсет Бейсеуовтың «Алтыным», Ескендір Хасанғалиевтің «Елігім Еркем», «Ауылым әнім», Илья Жахановтың «Жайлаукөл кештері», Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтқанда», «Өз елім», Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры», Бәкір Тәжібаевтің «Ақбұлағы», Ә.Телғозиевтің «Алатау қызы», Ә. Молдағайыновтың «Аяулым, арманымдай асылым ең», Ш.Әбілтаевтың «Бірауыз сөз»... осындай әуені ғажап, қайталанбайтын біртуар... тағы қаншама әндер соғыстан кейінгі қамқөңіл қазақ қауымын уатқан, өмірге құштарлығын оятқан ғажап рухани дәрумен бола білді. 

Тағы да он жыл өтіп, жетпісінші жылдар дегенде, қазақтың сөз өнерінде айтулы туындылар өмірге келіп, сырттай «совет жастары» деп аталса да, қазақ жастарының ұлттық рухын тәрбиелеген Іляс Есенберлиннің «Көшпенділер» сынды әйгілі романы жазылып, бүкіл одақ тілдерінде аударылып, қазақтың тарихи санасын жаңғыртып жатты. Мұхтар Мағауиннің жанкештілікпен құрастырған «Қобыз сарыны», кәсіби тарихшы Ермұхан Бекмахановтың тарих оқулығы терең тегімізді ұмытпауды ескерткен ерлік еді. Және де үлкен ғалым Ақжан Машанидың ерен еңбегімен адамзаттың ұстазы саналатын Әбунасыр Әлфарабидың қазақ топырағының перзенті екенді дәлелденіп, ғылыми еңбектерінің қазақшаға аударылу да халқымыздың рухын асқақтатқан оқиға дей аламыз. 

Осы кезеңдермен тұспа-тұс әзір болған «Қыз Жібек» көркем-фильмі қазақ халқының даңқын тағы бір асырды. Баяғы салт-дәстүр ұмытылып советтеніп бара жатқан халқымыз, бұл көркем-фильм арқылы өзінің дегдар мәдениетті, салиқалы тұрмыс құрған, өзгеше сән салтанантты қоғамы болғанына көзі жетті әрі Одақтағы басқа халықтардың да құрметіне бөленді. Фильмнің бас актерлері Құман мен Меруерт сол кездегі жастардың идеал-үлгісіне айналды. 

Осылайша, өзінің терең тамырлы, асқан өнерпаз халық екенін көрсетіп жатқан жемісті жылдарда қазақтың бүкіл саладағы өнері жарқырай көрінгені - отаршыл биліктің байқай алмай қалған «азаттық феноменінің» ғажабы десе болады.

Мәселен, «Отырар сазы» әйгілі ансамблінің өмірге келуі – Нұрғиса Тілендиев сынды біртуар дарынның жемісі десек те, сол кезде шетелдерден келетін делегацияларға «Міне, біздегі қазақ деген халық» деп, көрсететіндей бір нысанның сол кездегі билікке қажет болуы түрткі болғаны да тегіннен тегін емес еді. Сахараның байырғы халқының даладай кең-тыныстылығымен қоса, желдің суылы, судың сылдыры, шөптің сыбдыры, орманның шуылы, торғайдың шырылы... секілді алуан әуенді саз аспаптары қазақтардың қалғи бастаған ұлттық санасы мен әсем әуендік эстетикасын оятса, басқа халықтардың қазаққа деген сүйінішін туғызды. 

Онымен қатар, жетпісінші жылдары жарық жұлдыздай жарқ етіп шығып келген «Дос-Мұқасан» вокальдық ансамблі қазақтың халық әндерінің жаңа мүмкіндігін ашып, қазақ жастарының асқан дарынды екенін тағы да дәлелдеп берді. Ансамбл тобы ол кезде біздің адамдар капиталистік жүйе деп жақтырмайтын батыс еуропа мен Америка елдерін гастролмен аралап бері айтсақ Совет Одағының абыройын асырып, ары айтсақ оларға әйгілі әнші Әміреден кейін қазақ деген халықтың бар екенін тағы бір таныстырып өтті. Олардың көптеген әндерін соның ішінде «Той жырын» сол кездегі шетел жастары жатқа білуі – қазақ әндерінің кез-келген халықты еліктіріп әкететіндей табиғи, шынайы екендігін паш еткен ерекше құбылыс болды дей аламыз. 

Роза Рымбаеваның София халықаралық жастар фестивалінде «Алтын Орфей» бас жүлдесін иеленуі советтік ұлтсыздандыру идеологиясына улана бастаған қазақ қыздарының өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттырып, намысын шыңдады. Өз халқының намысын қорғау бәрінен артық екенін ұғынып, алдағы болатын даңқты «ЖЕЛТОҚСАН ЖАНКЕШТІЛЕРІНІҢ» жалынды қыздарын осындай «азаттық феномендері» дайындап жатқанын ол кезде ешкім де пайымдай алған жоқ болатын. 

Міне, осындай қазақ халықының азаттық санасын оятатын ондаған «азаттық феномендері» Совет империясының бодан халқын сөзбен алдап, іс жүзінде рухани құлдыққа әкеле жатқанын Одақта алғаш әшкерелеп, дүние жүзінің алдында «Лениндік ұлт саясатын ұстанушы ел» деген өтірік бет пердесін сыпырып берді. 

Яғни, «1986-жылғы Желтоқсан оқиғасы» деп, өз елімізде мүлде жұмсартылып әшейін айтылып жүрген Алматыда және басқа облыс орталықтарында болған қазақ жастарының әйгілі «Желтоқсан көтерілісі» Совет Одағының іргесін шайқалтқан, әлемдік дәрежедегі саяси құбылыс екендігін сол кездегі санасы ашық адамзат қоғамы әлдеқашан тарихқа қашап жазып қойған-ды.

Былайша, айтқанда 1991-жылы Одақ құрамында болған бодан елдердің тәуелсіздік алуы, соның ішінде Қазақ елінің тәуелсіздікке жетуі – өз елінде 1956-жылдан  1986-жылға дейін отыз жыл бойы пісіп-жетілген «азаттық феномендері» арқылы дайындалған, Желтоқсан қаһармандары арқылы іске асқан тарихи оқиға екендігі бүгінде білгір қоғамтанушылар арқылы жан-жақты зерттелуде. 

Қазақтың «азаттық феномендерінің» үшінші кезеңі 1986-жылдан немесе деюре тәуелсіздік алған 1991-жылдан қайта басталды деуімізге болады. Өйткені, постсоветтік кезең деп, аталған осы тәуелсіздік жылдарында Қазақ елін советтік жүйеде тәрбиеленген, коммунистік басқару тәсіліне үйренген, интернационалистік моральдағы азаматтардың басқаруы – елдің тарихи иесі саналатын қазақ халқының рухани, әлеуметтік жағынан толық азаттыққа жетуіне кедергі келтіргенін көптеген қоғамдық көріністердің өзі дәлелдеп берді. 

Мәселен, қазақты қазақ етіп тұрған әрі оның мыңдаған жылғы ұлттық мәдениетін сақтап келе жатқан тілінің толық қолданысқа кірмей мемлекеттік басқару жүйесінде әлі де отаршыл тілдің үстемдік етуі. (Тәуелсіздіктің осынша жылы өткенде бір-екі ғана мемлекеттік заңның түпнұсқасы қазақ тілінде жазылуы, басқа дәлелді қажет етпейді!)

Екінші, мың жылдықтан бері осы елдегі нағыз жер-судың иесі қазақ халқы сол елдің моноұлты ретінде бодандық жылдарда отарланған көптеген рухани, мәдени, әлеуметтік жағдайларын қалпына келтіріп деколонизацялық үдерістің жүргізілмей аяқсыз қалуы. Үшінші, қоғамтану ғылымында «егер, саны аз-көп болса да өзінің тарихи жер-суы бар халықтар бір мемлекеттің құрамында болған жағдайда жеке ұлт ретінде саналып, ондай ел көп ұлтты деп аталады» деген ғылыми негізге мүлде қайшы үрдістің қалыптасуы. 

Яғни, Қазақстанда қазақ халқымен аралас құралас тұратын арнайы өлкесі жоқ диаспора өкілдерін «Қазақстан көпұлтты ел» деп атау арқылы ел иесі қазақтардың заңды мүддесі Қазақстандағы басқа диаспора өкілдері секілді елеусіз болып қалуы. Сөйтіп, Қазақстанда Ұлттар Ассамблеиясы дейтін, жасанды ұйым құрылып, олар Конституция бойынша қабылданған мемлекеттік тілде іс жүргізбей, бұрынғы отаршыл орыс тілінде іс жүргізуі бұған дәлел болады. 

Ең бір күлкілі жәйт әлгі біз «тілін қорғаймыз» деп, шыр-пыр болып отырған «көп ұлттардың» өз тілін де білмей орысша сөйлейтіні, мемлекеттік тілді менсінбейтіні! (Қазақстанда өз ұлттық тілінде нақты сөйлейтіндер болса орыс диаспорасы мен ұйғыр диспоралары ғана екені дәлелдеуді қажет етпейтін жағдай). 

Үшінші, осындай жетілген бай тіліміздің еліміздің қоғамдық-әлеуметтік салада түрлі тәсілдермен шеттетілуі қазақ тіліндегі БАҚ-ты да төмендетіп, ақпарат құралдарының орыс тілінде күш алуына жағдай тудырды. Яғни, осындай мүмкіндікті пайдаланған Ресейлік ақпарат құралдарының Қазақ еліне экспансиясының күшеюі, тәуелсіздік кезінде қалыптасқан жас буынның орыс тіліне бүйрегі бұрып тұратын, өз тілін менсіне қоймайтын теріс психология тудыруына әкеп соқты. 

Мемлекетіміздің іргетасы саналатын нағыз тәуелсіздік жемісі болған жеткіншек ұрпақтың ана тілі қалыптасатын орта мектепте өз тілін үстем етіп, таза үйретудің орнына балалардың балаң миын шатастыратын «үш тілдік» дейтін қитұрқы оқу бағдарламасының оқу жүйесінде үстемдік ете бастауы да ұлт руханятына қауіп төндіруде...

Деюре тәуелсіздік жылдарындағы қазақ халқының дефакт толық азаттыққа жетуіне арнайы іс шаралардың жасалмай, баяғы сөзбен алдаудың белең алғандығын айту басқа тақырыпты қажет етеді. 

Азаттық феноменінің жалғасы 

Алайда, рухы тек азаттықты аңсайтын қазақтар сырт көріністе сабыр сақтап жүргенімен отаршылдықтың қазіргі жаңа форматымен үнсіз күресуде.

Соның ең айтулысы шетелдегі қазақтардың Қазақстанға көш бастауы. «Дүниежүзі қазақтарының басын қосу» деген идеяның алғашқы авторы Моңғолиядағы қазақтар екеніне сол кездегі «Азаттық» радиосында мәтіндері оқылған Уланбатырдағы қазақ жастарының шығарған «Рух» журналы тарихи куә бола алады. Және олар мұны алғаш рет іс жүзіне асыра білді. 

Қазақстан әлі тәуелсіздік алмаған тоқсан бірінші жылдың мамыр айында «Еңбек шарты» деген атпен моңғолиялық қазақтардың Қазақ жеріне тікелей көшіп келуі, олардың Ресей федерациясының өлкесімен өтіп келуі шетелдегі этникалық қазақтардың нақтылы отаны Қазақстан екендігін дүние жүзіне әйгілеген оқиға болғандығы шетелдегі қандастарымыздың да тәуелсіздікті аңсайтындығын көрсеткен бірегей «азаттық феномені» дейміз. 

Бұл тарихи үдеріс кешікпей дүниежүзі елдерінде тұратын қазақ диаспораларының атажұртқа тоқтаусыз ағыла бастауымен әрі тәуелсіздік жылдарында бұл үдерістің одан ары үдеуімен ерекшеленуі – Алаш жұртының елдік рухын әлемге паш ете білді. 

Бүкіл Алаш жұртының рухын оятып, елдік мүддесі үшін жұмыла күресетіндей тарихи сәттің туғанын бұл кезде Мюнхенде қызмет ететін «Азаттық» халықаралық радиосының Қазақ редакциясы дүние елдеріне тынымсыз жариялап жатты. Осы радиохабарда ұзақ жыл журналист болып қызмет еткен Хасан Оралтай бауырымыздың жеке күресі мен жанкешті ерлігін Алаш ардагерлерінің ісін жалғаған ерекше тарихи құбылыс деп атауға тиіспіз. Дәл сондай, қазақ публицистикасында идеология дейтін «советтік шынжырды» алғаш тас-талқан етіп үзіп, «күртік қарды омбылап» жаңа жол салып көсемсөздің өрісін кеңейтіп кеткен дарынды қаламгер марқұм Марат Қабанбай да ұлт тәуелсіздігі тарихында қалатын ерекше есім.

Бірақ, постсоветтік кезең біздің армандаған ұлттың азаттығына қарай қарыштап кете қоймады.

Тарихи қолайлы кезең туып, Қазақ елінің тәуелсіздікке жетуі, осы тәуелсіздікті нағыз ұлттық кемелдікке келтіруге мүмкіндіктің болуы, Алаш ардагерлерінің дайындап кеткен бірегей бағдарламаларын іске асырудың сәтінің келуі, бөтен елдерге амалсыздықтан ауып кеткен қазақ диаспораларын және өзінің тарихи мекенінде отырса да бөгде елдің құрамында қалып қойған этникалық қазақтарды азаттық алған Атажұртына қабылдаудың кезі келіп тұрғаны... секілді көптеген оңтайлы қоғамдық-саяси шаралардың созбұйдаға салынып іске аспауы – қоғамдық көріністерде анық көріне бастады. 

Бұл тұста қазақ зиялылары байыптылық танытты: Баяғыдай Мәскеу төбесінен қарап тұрған жоқ Президент өзінен, Үкімет өзінікі, Парламент те өздері сайлаған халық қалаулылары. Сондықтан, жоғарыда аталған ұлттық ділгір мәселелер жайлы қаншама ұсыныстар, бағдарламалар, пікірлер... жазылумен, айтылумен болды, алайда іс жүзінде басқаша көріністер яғни қазақ ұлттық мүддесіне тікелей қайшы істер іске асумен болды.

Мәселен, Алаш арыстарының идеалары ескерусіз қалды, бөтен елдегі қазақ диаспораларының Қазақстанға келуі, тіркелуі, азаматтық алуы неше түрлі қитұрқы амалдармен, қағазбастылықпен бөгеттер қойылды. Соңғы ондаған жылда көші-қонның жалған бағдарламаларымен алдаусыратып, еліміздің демогафиялық саясатына бірден-бір дем беруші осы негізгі фактор елеусіз қалды. Әрі, шеттен келетін қандастармызды жеккөрінішті көрсететін жымысқы идеология да жүргізіліп жатты. 

Қазақ елін ұлттық бірегей ел етуге тиісті негізгі фактор саналатын Қазақ тілінің беделін, мәртебесін түсіретін қаншама амалдар да қатар жүріліп жатты. Басқару жүйесінде отырған биік лауазымдылардың өз тілін білмеуі кемшілік емес, бөтен елдің тілінде сайрауы кереметтей мәдениеттілік саналатын сұрқай саясат әлі ақылы қалыптаспаған тәуелсіздік кезеңінің жастарының миын улай бастады. Көпшілікке қызмет көрсету орнындары саналатын банк, дүкен, әкімшілікте... отырған қазақ жастары беттері бүлк етпей отаршыл тілде жауап беруі әдеттегі көрініске айналды...

Яғни, Советтің жүргізген интернационалистік саясатын Қазақстанда құрылған Ұлттар Ассамблеясы дейтін ұйымның отызға таяу жылда «табысты іске асырып» үлгергенін, ұлттық рухтың тағы да алданғанын Қазақ қоғамы білсе де, «бұдан да жаман күнімізде тойға барғамыз» дегендей бәріне көндігу үдерісі белең алды...

Бірақ, жоғарыда еске алған қазақ диоспораларының ашық түрдегі көші-қон саясатын бастаған «азаттық феномендері» енді, тәуелсіз елде басқа түрде көрінді. Оның ең атақтысы ретінде, «Қазақ жерін сатуға ешкімнің хақысы жоқ!» деп, басқару жүйесіндегілерді селк еткізіп, күйкі тіршілікпен елдікті ұмытып бара жатқан елді дүр сілкіндіріп оятқан Арон Атабек, Макс Боқаев т.б. ұлт батырларын «азаттық феномені» ретінде атауға тиіспіз!

Келесі кезекте, Қытайдағы этникалық қазақтардың құқын қорғау мақсатында ұйымдасқан «Атажұрт еріктілері» қоғамының ұйымдастырушысы Серікжан Білаш бастаған «Ақпараттық майданын» қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше «азаттық феномені» дей аламыз! Және Серікжан сөйлеу шеберлігімен қазақ тілінің ақпаратта да, саясатта да керемет шешен тіл екенін де дәлелдеп берді.

Өйткені, «Атажұрт еріктілері» адам құқын қорғайтын халықаралық конвенциялардың ұстанымын бұлжытпай орындай отырып, Қазақстанның заңдарын құрметтей отырып құқы тапталған, Қытай елінде жазалау орындарында қамауда қалған қаншама қазақтардың дәлел-деректерін өз қолымен жазылған арыз, тікелей түсірілген бейнекөрініс және бұлтартпайтын нақты құжаттар бойынша халықаралық тілдер арқылы әлем ақпаратына таратуы – дүниежүзінің өркениетті елдерін таңырқатып, қазақ деген халықтың асқан сауатты, жанкешті алғыр екендігін мойындатып үлгерді. Оған дәлел, осы «атажұрттықтардың» ақпараттық майданынан кейін Қытайдағы жазалау лагерінде қамалған қандастарымыздың босатыла бастауы, жалпы адам құқын қорғауға қатысты дүниежүзілік қаншама ұйымдардың Қытай билігіне қатаң ескерту жасап, бұл геноциттік әрекетті жедел тоқтатуға шара қолдануы.

Әсіресе, қазақ азаматы Серікжан Білаштың бұл ерлігі Қазақстанда қазақ ұлтының мүддесін қорғаудың қаншалықты маңызды екенін көрсеткені сонша, елдің белгілі тұлғалары мен қоғам белсенділері және әділеттікті жақтайтын бүкіл халықты жұдырықтай жұмылдырып, ауызбірлікке келе алатынын дәлелдеп берді. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мұстафа ӨЗТҮРІК, Ермахан Ибрагим, Бегзат Саттархандар бастаған біртуар қазақ спортшыларының даңқы және соңғы үш жылда яғни «азаттықтың жаңа феномендері» бас көтерген кезеңде Геннадий Головкин, Қанат Ислам деген даңқты есімдер қазақтың көк туын дүниежүзілік деңгейде желбіретіп, еліміздегі жастардың ерлік, елдік рухын аспандатты. 

Ал, Димаш Құдайбергеннің ән-әуен әлеміндегі құбылысы, 1960 жылдардағы «ғарышқа Гагарин ұшты!» деген әлемдік оқиғадан бір де кем болмағанын көзбен көріп отырмыз. Және, көпшілік қауым сырт көріністеріне қарап әлі түсіне алмай жүрген Ерболат Беделхан жетекшілік ететін «91 ТОБЫ» Қазақ Елін дүниежүзіне танытып жүрген ерекше құбылыс. Осы топтың тек қазақша айтатын әндерін Ресей, Оңтүстік Корея т.б. елдердің жастары өз тілдерінде титр аудармамен қызыға тыңдауын, әндерінің мағынасына назар аударуын әншейін еліктеушілік деу әбестік болар еді. 

Өздерін өнер мен мәдениеттің шыңына шықтық дейтін әлемдік алып державалардың көрермендері яғни Қытай, Америка, Жапония, Франция... Димаштың табиғи асқақ тамағы ғана емес, оның сахна өнеріндегі ең жоғарғы талғамдағы мәдениеттілігіне, туған халқының әндеріндегі бұлтқа жететін шырқау әуезділігі мен сан құбылған әуезділігіне көздерінен сүйіспеншілік жасын ағыза тыңдап, тамсана таңданды! Димаштың дарындылығының сыртында сонша жас жігіт бола тұра сабырлы ұстамдылығы, қарапайым кішпейілділігі, елігіп-еліріп кетпейтін бір мінезділігі оның туған халқының айнасы бола білгендігін, мұндай біртуар әншіні тек қана терең мәдениеті бар, рухани ұлы халық қана туғыза алатындығын дәл қазіргі сәтте әлем еліне мойындату үстінде. 

Қазақстан деген орта Азиядағы күні жарқырап, көк аспанында қыраны шүйілген елдің көк туы жарнамасыз түрде танылғаны өз ұлтын қораш санап, отаршыл тілде шүлдірлеуді мәртебе көретін мәңгүрттерді де тәубесіне келтіре бастады. Әрине, бұл біздің халқымыздың даңғой құр мақтанышы емес, нағызында азат рухты аңсайтын халқымыздың тағы бір «азаттық феноменінің» жарқырап көрінуі деп түсініуіміз керек-ті.

Енді, халқымыз сөз өнерінде де алдыңғы өткен «Абай жолы», «Көшпенділер», «Шақан шері», «Бесатар» сынды жаңа буынды жан-жақты шыңдай алатын феномен-кітаптарды күтуде....  

Дереккөз: Abai.kz

 

0 пікір