Жамбылдың Абайға көңіл айтуы
Жамбылдың Абайға көңіл айтуы
18 күн бұрын 1135 islam.kz/ Фото: kaganmedia.org

Қазақ журналистері: «Абай мен Жамбыл кездесті ме?» - деген сұрақты көп қояды. Ал, қазақтың ұлы ақындары бірін-бірі естісе бармай, кездеспей қоймайды.

Жөкенің бір өлеңінде:

Семейге де барғанмын,
Көп жақсы адамның,
Ортасында болғанмын,
Талай жақсы адаммен,
Бірге отырып сайрадым, - дейді.

Жөкеңе Мұхтар Әуезов сұрақ қояды: «Жөке, Абайды қандай ақын, - деп, білесіз?» - деп. Сонда Жөкең ойланыңқырап отырып: «Ол Абай – қазақ ақындарының пайғамбары емес пе?!» - деп, жауап береді.

Академик Мұхтар Әуезовтің бір мақаласын оқығанымда, Жетісу ауылына Ақбақай деген жеңгесін іздеп, Абай келеді. Ұлы жүздің Қасқарау руынан Ноғайбай деген кісінің үйінде болады. Ноғайбаймен, жеңгесімен амандасып, қайтарда Майтебе жайлауында әкем Құнанбайдың жолдасы бар еді, - деп, қажыға барған Жамбылдың ағасы Тәйтiге сәлемдеседі. Тәйтi атамыз тай сойып, құрмет көрсетіпті, қатты ризашылықпен, жекжат болып қайтыпты.

Тәйтінің, Абайдың, Жамбылдың жегжаттығына мынадай дәлел бар. 1974 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Қорқыт ата ескерткішінің ашылуынан келе жатып едім, қолымда қабымен домбырам бар, вагонда бірге отырған бір қарияға сәлем бердім, сәлемімді алды. Ол қарт ашық әңгімешіл адам екен. «Балам, сен ақынсың ба, әртiссің бе?», - деп, сұрады. Мен жөнімді айттым: «Тойдан келе жатырмын. Ұлы жүз Шапырашты руы, Екей еліненмін, Жамбыл атамның домбырасын ұстап жүрген немересімін, ақынмын» дедім. Сонда қарт қалтасынан алып, бір өлең көрсеттi, өлең Жамбылдың Абайға көңіл айтқан өлеңі екен. Абайдың ұлы Әбдірахман Алматыда қайтыс болып, соған Семейден баласы Мағауия келіп, Алматы қаласында тұратын шалақазақ Әбсемет байға, Байбұлан байдың үйінде жаздың күні қайтқан Әбдірахманды суық киізге орап, үстіне мұз бастырып, суық күзде бір-ақ апарады. Жамбыл атаға Жаныш Сәт Ниязбеков және Қисбай Сарбайұлы болыстар келіп: «Алматы қаласында Абай ақынның ұлы қайтыс болыпты. Соған бауыры Мағауия келіпті. Олар шалақазақ Әбсемет пен Байбұланның үйінде екен, соған барып, көңіл айтып қайталық» дейді. Үшеуі атпенен Алматыға келіп, шалақазақ Әбсемет үйінде Мағауиямен кездесіп, Жамбыл ата бір жағы жекжаты, бір жағы замандасы Абайға сәлем бере, осы өлеңді жолдапты:

Сәлем айт, барсаң Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалайда.
Бір жұтқан дүниесі
Ащысын татып, күймесін.
Жапанға біткен бәйтерек,
Жалғызбын, - деп, жүрмесін.
Кемелге келген осылай
Тасқынды тәңір басуы-ай!
Нар көтерген ауырға,
Арқасын тоссын жасымай!

1896 жылы көктемде Алматыдағы Әбдірахманның сүйегін алып қайту үшін Мағауия бастаған Ысқақ Сатыбаев, Тәуеке Байтуаров Әбсеметтің үйіне келді. Әбсемет – Құнанбайдың інісі Жақыптың қызынан туған жиені, ол Жамбылмен сыйлас, құрметтес адам болған. Жаңағы вагондағы қария Павлодар облысы Қызылжар ауылының ақсақалы екен. Мен сол уақытта аудандық «Сталин жолы» газетінің және Алматы облыстық «Коммунизм таңы» гезетінің штаттан тыс белсенді тілшісі едім. Осы Жамбыл атаның Абай атаға көңіл айту өлеңін екі газетке де бердім.

Нағашыбек Қапалбекұлы, Шығармалар жинағы, 3 том.

 

0 пікір