Көшенің қақ ортасында, тапа тал түсте бес-алты адам қолына жүні жұлынған қызыл айдарлы әтешті қолына ұстап кетіп бара жатқан адамға үрке қарап қапты. Бірден таныдым – өзіміздің Маусымбек! Бұл не істеп жүр бұл жақта? Қолындағы жүні жұлынған, бір қызығы, бауыздалмаған әтешті не істемек? Осындай қым-қуат сауалдардан ойым сан-саққа жүгіріп Маусымбекке қарай жүрдім. Кенет... басы шалқасынан салбыраған әтеш басын көтерді. Көзі кілбие ашылып, кукареку деп шақырды да есінен танып қалды, басы қайта сылқ етіп құлады.
- О, тоба!Ойбай, мынау тірі әтеш қой?! Елдің таңданысында шек жоқ, кейбіреуі ішегін тартып жатыр. Тобыр Маусымбекті қаумалап, жүргізбеуге айналды. – Мына әтешті неге қинайсыз, неге тірідей жүнін жұласың, жауыз?! деген жазғырған дауыстар үдеп барады.
– Жіберіңдер мені! – деп Маусымбек жандәрмен олардың арасынан сытылып шықпақ болып кимелеп алға ұмсынды. Өзін қаумалаған тобыр ақыры жібермейтін болған соң енді Маусымбек контршабуылға, яғни, қарсы шабуылға көшті. Сасқан үйрек артымен жүзедінің керін келтірді. Сирек әрі қысқа шашын негрлердің шашындай бұйралап алған, бас құйқасы ағараңдап көрініп тұрған, бұтына тылтитып бірдеңе киіп алған әйелге дүрсе қоя берді:
- Что за вид? Боже мой, боже мой! Что за наряд? Как вы подаете пример подрастающим поколениям, ай-ай, женщина! - деп әйелдің өзіне жазғыра қарап, басын шайқады. Содан соң құр футболка мен шорты киген, құлаққап таққан, шәпкісін көзіне түсіре киген жігіт рингте тұрғандай жұдырығын "фук, фук" деп сермеп тұр еді, енді соған шүйлікті:
- Вот, вы, молодой человек, последний раз когда навестили родителей? – деді. Кеудесі шыныққаннан тырсиып шығып кеткен анау сүзеген бұқаша алара қарағанымен жауап қатқан жоқ. Жауап қатуға фантазиясы жетпеген сияқты. Кенет:
- И-и, и... муж-чи-на, и мужчина, деп жандәрмен қылқына шыққан дауыс жаққа бәрі жалт қарады. Үстеріне тылтитып бірдеңе киіп алған екі жуан әйел сызыла қалыпты:
- Не угостите сигаретам, - деді бұларға. – Қазақша сөйлеңдер, - деп бұл барқ ете қалды (өзінің орысшалап кеткені қаперінен шығып кетсе керек). Тылтиған киімнен бұттары бұлтиып тұр. Өлімсіреп жатқан әтеш те басын қайқайтып көтеріп алыпты. Екеуінен көз алмайды.
– Білесіздер ме, сіздердің дау-дамайларыңызды бағанадан бері сырттан бақылап тұрмыз, - деді кенет біреуі. – Сіздерде табиғи үйлесім жетпей жатыр, табиғи үйлесім... – деді. – Сізде де мына кісіні түсініңіздерші... Әтеш биттеп кеткен шығар, әйтпесе, бекерден-бекер жүнін жұлмайды ғой, деді енді екіншісі сөзге араласып.
Маусымбек осы ұрымтал сәтті пайдаланып, тобырдың арасынан сытылып кетпекші болып еді, әтеш мұның ниетін аңғарғандай бар даусымен шақырып, шын ба, өтірік пе, тағы есінен танып, талып қалды. Әтештің шақырғанына да қарамады, алды-артына қарамай безектеп барады. Кенет желкесінен бүрген қол иесіне қарап еді, кеудесі тырсиған, өзі ұрысқан жігіт төне қарап тұр екен. Шашын бигудимен бұйралаған әйел де көшені басына көтеріп айқайласын кеп:
- Ұстаңдар ана жауызды. Полиция! Полиция! – деп ышқынды. Ауыз жапқанша сиренасын қосып қиқулап жеткен патрулдік көліктің ішінде кетіп бара жатты бұл. Әтешімен бірге. Содан кейінгі оқиғалар қайғылы болып кетті ме-ау... Әтешті заттай айғақ ретінде тәркілеп, Маусымбектің өзіне жануарға қатыгездік танытты деген айып тағылып, он бес тәулікке қамалды және айыппұл салынды. (Сатиралық шағын әңгіме).