Мәулана Румиден тағылымды хикая: Тотықұс пен саудагер
Мәулана Румиден тағылымды хикая: Тотықұс пен саудагер
29 күн бұрын 1598 Фото: ЖИ
islam.kz

Мәулана Жәләлуддин Руми — жүректерге жол табар хикмет иесі. Оның әрбір хикаясы — рухани тереңдікке жетелейтін, адам болмысына үңілуге мүмкіндік беретін бір ғалам. Солардың бірі — «Тотықұс пен саудагер» атты тағылымды әңгімесі. Бұл хикая адамды еркіндік, нәпсі, рух және ақиқат туралы ойға жетелейді.

Хикая былай басталады:

Ертеде бір дәулетті саудагер өмір сүріпті. Ол жиі Үндістанға сапар шегіп, сауда жасайды екен. Үйінде алтын торда ұстайтын бір тотықұсы болыпты. Тотықұс өте әсем үнді, сөзге шешен, ақылды құс екен. Саудагер оны ерекше жақсы көріп, барған сайын бағалы сыйлықтар әкеліп беріп тұрады.

Кезекті сапар алдында саудагер отбасы мүшелерінен және тотықұстан қандай аманаттары бар екенін сұрайды. Әркім өз тілегін айтады. Саудагер соңында тотықұстан:

— Саған не әкеліп берейін, сұрауың бар ма? — дейді.

Сонда тотықұс:

— Иә, тақсыр, менің бір ғана өтінішім бар. Үндістанда менің туыстарым — еркін өмір сүріп жүрген тотықұстар бар. Соларды көрсеңіз, менің сәлемімді жеткізіңіз. Оларға айтыңыз: «Бауырыңыз тұтқында отыр. Алтын торда сағынышпен өмір сүріп жүр. Сіздер еркін қалықтап, сайрап жүрсіздер, ал ол мұнда тор ішінде қамалып отыр. Бұл айырылысу қашанға дейін созылады деп сұрайды», — деңіз, — дейді.

Саудагер бұл сөздерді көңіліне түйіп, сапарға аттанады. Істерін аяқтап, Үндістандағы бір орманға кіргенінде, ағаш бұтақтарында еркін сайрап жүрген тотықұстар тобына жолығады. Тотықұсының аманатын жеткізіп, олардың бір бауыры тұтқында екенін баян етеді.

Сол сәтте тотықұстардың бірі дірілдеп, жерге құлап түсіп, тап бір жан тәсілім еткендей, қозғалыссыз жата қалады. Саудагер шошып кетіп, «Мен не істеп қойдым?» деп қамығады. Тотықұсына бұл жайды қалай жеткізетінін білмей, көңілі құлазып, елге қайтады.

Үйіне оралғанда, тотықұсы оны қуанышпен қарсы алады. Ең бірінші сұрағы:

— Бауырымнан не хабар бар? Не айтты? — деу болады.

Саудагер мұңайып:

— Ей, сүйікті құсым, айтып не қылайын... Сәлеміңді жеткіздім. Сол сәтте бір тотықұс дірілдеп, жерге құлап түсіп, өліп қалды. Мүмкін, ол сенің бауырың болған шығар... — дейді.

Осыны ести сала, тор ішіндегі тотықұс та селк етіп, дірілдеп барып, тор түбіне сұлап түседі. Саудагер жаны күйіп, оның да жан тәсілім еткенін ойлап, торды ашып, құсты терезе алдына шығарып қояды.

Бірақ кенеттен тотықұс тіріліп, көкке самғап ұшып кетеді! Артынан таң қалып қарап тұрған саудагерге аспанда қалықтап тұрып:

«Уа, менің қожайыным! Үндістандағы сол тотықұс маған өзінің өлімі арқылы сабақ берді. Ол маған: ‘Егер бұл тұтқыннан құтылғың келсе, сен де өлімге бас тігуің керек’ деді. Мен де оның айтқанын істеп, азаттығыма қол жеткіздім!» — деп дауыстайды.

Хикаяның терең мағынасы:

Мәулана бұл хикая арқылы сопылық ілімнің өзегі саналатын «өлмей тұрып өлу» қағидасын баян етеді. Бұл – тәннің емес, нәпсінің өлімі. Адам өзін дүниеқоңыздықтан, менмендік пен құштарлықтан арылтпайынша, рухани еркіндікке жете алмайды.

Тотықұстың тордан құтылуы — рухтың тән шідерінен босап, Хаққа ұмтылғанының бейнесі. Азаттық сыртқы емес, ішкі еркіндікте. Бұл хикая әр адамның өз ішіндегі тордан – нәпсінің, қорқыныш пен дүние байлауының торынан – босау жолын көрсетеді.

Сонымен қатар, хикая сөзден гөрі іс арқылы берілген сабақтың әсерін көрсетеді. Кейде үнсіздік — ең әсерлі уағыз. Сырт көзге жансыз көрінген әрекет — шынайы хикметтің кілті болуы мүмкін1.


1) M. Şevket Ustaosmanoğlu, Mesnevî’den Kıssalar ve Hisseler, s. 34.

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: