Қайыршы кемпір (әңгіме)
Қайыршы кемпір (әңгіме)
4 ай бұрын 3322
Бақыт Қарманқызы, қаламгер

Ғалия күндегісінше мектептен үйіне келе жатып, Абай көшесінің бұрышында үстіндегі камзолын жерге төсеп, қырынан дем алып жатқан әжейді көрді. Ол қолындағы нан қыртысын мүжгілеп отыр екен. Үйіне келіп әжесі Жамилаға айтып еді, ол:

— Таң қалма, қызым, ол бір мүсәпір әжей, балалары далаға қуып шыққан. Құдайға қарағандар анасын алақанына салып күтеді, құдайдан безгендер аналарынан безеді, — деп басын шайқады.

Кейін келе Ғалия бұл әжейдің аты Мәпіш екенін бір-ақ білді. Кемпірдің аты да осы бейкүнә өміріне сай кеп тұрғандай.

Бір күні Ғалия үйге келсе, Мәпіш әжей төрде дастарқан басында әжесімен шүйіркелесіп шәй ішіп отыр екен. Ол қуанып кетіп, әжесінің бетінен сүйіп алды да:
— Әжетай, мен сені жанымдай жақсы көремін ғой, — деп еркелеп мойнына артылды.

— Әже, сәлеметсіз бе? — деп Мәпіш кемпірге жымия қарады.

— Мәпіш, же, іш дала салқын, біраз жылынып ал, — деп әжесі құрақ ұшып жатыр.

Содан соң ол мүсіркеп:
— Мен қызым мен күйеу баламның қолына қарап отырмын ғой, әйтпесе үйге кіргізіп алар едім, — деп әжейді мүсіркей сөйледі.

— Қайтесің, Жамиля, ұл мен қызды өсіріп бірінен жақсылық көрмедім, жазаларын құдай берсін, — деп әжей қарғап-сілеп жатты. Ғалияның әжесі абдырасын ашып, киілмей қалған жасыл шапанын кемпірдің арқасына жапты да:
— Мәпіш, көзімдей көріп киіп жүр. Өзіңе де жылы болады, — деп қайыршы кемпірді шығарып салды.

Еш адам Мәпішті үйіне кіргізбек түгіл маңайына жолатпайды екен. Үйге кіргізіп, тамақтарын беріп, тойғызып шығарса, сол үйдің иесін далада балағаттап:
— Бәленше ақшамды ұрлап алды, — деп жала жабады екен, деген сыбысты талай естіген еді. Бірақ Жамиля апай өсекке құлақ аспаған.

Мәпіш келіп қонып кеткен соң, көршісі Қадишаның үйіне барып еді, ол:
— Түбінде Жамиля, сені жомарттығың, кісіні аяғыштық қасиетің өлтіреді. Мәпішті неге үйіңе қондырғансың? «Жамиля менің ақшамды ұрлап алды» деп бүкіл көшеге айқайлап жүр демесі бар ма, шошып кетті. Жамиля жалма-жан Мәпішті іздеп, күнделікті отыратын дүкенге кіріп еді, жерге өзінің берген шапанын төсеп тастап отыр екен.

— Бұның не, Мәпіш-ау, сені аяп үйге қондырып, тамағымды беріп жүрсем… — деп бастап еді, ол жұлып алғандай:
— Менің қалтамдағы ақшамды ұрлап алдыңдар, ұрлықшылар, — деп тарпа бас салды.

— Ендеше, үйімнің маңайына жолаушы болма, — деп Жамиля ызаланып дүкеннен шыға жөнелді.

Кешке жақын қызы да:
— Біз зауытта ауыр жұмыс істеп жүрсек, сен үйде отырып алып қайыршы кемпірді тойғызып жүрсің. Алған сыбағаң сол ма? — деп шешесіне ұрсып та алды.

Осылай қысы-жазы Мәпіш апай қыста дүкенді, жазда даланы сағалап күн кешіп жүрді. Ол жазда далада арқасын қасып, битін сыққылап отырушы еді. Өйткені оған шомылу қайда.

Бір күні біреулерден:
— Мәпіш кемпір қайтыс болыпты, — дегенді естіп, Жамиля әжейдің мүсіркеп жылағаннан басқа шарасы да болмады.

— Еш жақсылық көрмей өтті мына жалғаннан. Ақыры ол дүниеде жаны тыныштық тапсын, — деп қариялар аяушылық білдіріп жатты.


 Бақыт Қарманқызы Бұланбаева, "Әңгімелер". Павлодар, 2010 жыл. 

0 пікір