Тұлпардан тұлпар туады...
Тұлпардан тұлпар туады...
3 жыл бұрын 6573

Мұны Абдулла бин Динар (р.а.) әңгімелеуде. Ол Омарұлы Абдулланың қызметкері еді. Меккеге қарай жолға шыққан болатынбыз. Омарұлы Абдулланың түйесі шаршағанда ауыстырып мінетін есегі болатын. Сондай-ақ, сапарда киетін арнайы сәлде бар еді. Жол жүріп келеміз. Омарұлы Абдулла (р.а.) есегін мініп алған. Бір уақытта алдымыздан бәдәуи шыға келді. Бәдәуи – дала арабы. Ибн Омар сәлемдескен соң: Сен пәленұлы түген емессің бе?,-деп жөн сұрады. Бәдәуи: Иә, айтқан кісіңіз мен боламын,-деді. Ибн Омар лезде есегінен түсіп: кел, мынаны мініп ал, - деп көлігін ұсынды. Сәлдесін беріп, мынаны басыңа киіп ал, -деді. Осылайша, бәдәуиді шығарып салды.    

Мұны көрген біз:

- Алла ісіңізді оңғарсын. Бұл дала араптары - азға да қанағат ететін халық, - дедік. Осылайша, астындағы мінген көлігін, басындағы бөрігін бермей-ақ қойса болатынын айтпақ болдық. Жай ғана ішерге су, бір үзім нан берсе жеткілікті дегендей едік. Жалпы, бәдәуилер табиғаты сый-сияпатты күтетін халық емес. Оның үстіне Омарұлы сияқты күллі жұрт танитын ғұламаның бейтаныс малшыға мұншама қошеметінің бір сыры бар еді.

Сонда, сахаба Ибн Омар (р.а.):

- Бұл кісінің әкесі Омардың (әкемнің) жолдасы еді. Әкем Омар:

إنَّ أبَرَّ البِرِّ, أنْ يَصِلَ الرَّجُلُ أهْلُ وُدِّ أبيه

«Әкеге жасалған ең үлкен құрмет, әкенің сыйласқан достарымен ара-қатынаста болу[1]», - деп айтушы еді, - деген екен. Әкесі де, өзі де пайғамбардан тәлім алған Омарұлы Абдулланың бұл әрекеті марқұм әкесіне деген құрметі еді. Ескере кететін жайт, әлігі бәдәуи Омардың досының баласы еді. Сахабаның жора-жолдастары айтқандай жай ғана амандасып, жылы пейілін танытса жеткілікті еді. Алайда, адам өзінің тәрбиесіне және деңгейіне сай жұртқа мәміле жасайтыны анық. Майқы би:

Тұлпардан тұлпар туады,

Сұңқардан сұңқар туады,

Асылдан асыл туады, - демекші, Омарұлы Абдулла да өзіне жараса пейілін көрсетті. Әкесі бақилық болған соң, оның жақын араласқан жора-жолдастарымен ара-қатынасын үзбеу. Бұл әкеге деген үлкен құрметтің белгісі. Әкесінің достарынан ақыл-кеңес сұрап тұру. Ара-кідік дастарқан жайып қонақ ету. Қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше қол ұшын беруге даяр тұру. Осы орайда, атам қазақтың: «Әкең өлсе өлсін, әкеңді көрген өлмесін» деген дана сөзі еске түседі.

 .Әке мектебі" кітабынан"


[1] Имам Тирмизи: "Сүнән". 

0 пікір