Баяғыда дүниені тәрк еткен бір зәһид сопы: «Әркімнің ризығы Алладан келеді» деген хадистің мәнін тереңірек түсінгісі келді.
Бір күні ол осыны іс жүзінде сынамақ болып, иен далаға бет алды. Шөл далаға барып, даланың бір шетіне барып, жата кетті де:
— Көрейін, Алла маған ризығымды қалай жеткізер екен?! — деп ойлады.
Көп ұзамай жолдан жаңылған бір керуен әлгі жерге келіп тоқтады. Олар оңаша жатқан адамды көріп:
— Бұл кісі елсіз жерде неге жатыр? Аңнан да, дұшпаннан да қорықпай ма? Өлі ме, әлде тірі ме? — деп таңырқасты.
Керуеншілер қасына жақындады. Ал зәһид болса еш үн қатпады. Денесін де қозғалтпады, көзін де ашпады.
Сонда олар:
— Байғұс аштықтан әбден әлсіреп қалған екен, — десті.
Олар дереу ас-су әкелді. Бірақ зәһид аузын ашпады. Аузын тас қылып жауып алған. Сонда керуеншілер пышақтың сабын тістерінің арасына сұғып, аузын зорлап ашты да, сорпаны аузына құйып, асты күштеп жегізеді.
Міне, Алла Тағала кейде пендесіне ризығын осылай зорлықпен болса да жегізеді екен. Адам баласы өзінің ризығынан қашуға тырысса да, өзіне жазылған ризық түбінде иесін міндетті түрде тауып барады екен.(1).
(1) Жәләлуддин ар-Руми: "Мәснәи шәриф". 5 том, 100 шығарма.