Қала орталығындағы жалдамалы пәтердің іші қапырық еді. Терезе сыртында жымыңдаған түнгі шамдар бөлмені жансыз сәулеге бөлеп тұр. Сол жансыздықтың ортасында Ербол үнсіз отыр. Жүрегі ғана тынышсыз емес, кеудесін де өкініш оты қарып барады. Ол бөлме бұрышында өз өкінішіне өзі тұтқын болған сорлыдай бүк түсіп отыр.
Қасында әлі де тәтті ұйқының құшағында жатқан Әсемнің бейнесі — жаратылыстың ең нәзік, ең мөлдір туындысы секілді. Бірақ дәл қазір оның лала гүлдей құлпырған сұлулығы Ерболдың зәре-құтын қашырып, жүрегіне үрей ұялатты. Кенет оның көзі келіншектің саусағындағы алтын неке жүзігіне түсті. Сол сәтте Ерболдың тұла бойы түршігіп, кеудесін мұздай суық аяусыз тіліп өткендей болды. Ол жүзік — бір шаңырақтың мызғымас адалдығының, пәк сертінің куәгері еді. Ал сен ше? Сен — сол қасиетті ошақтың күлін көкке ұшырып, адалдықты аяқасты еткен арсыз күнәһардың дәл өзі болдың.
Ерболдың кеудесіндегі жүрегі қақ айырылған мұз қатпарындай шытынап қоя берді. Ол өткен өмірінің соқпақтарына үңілді. Шіркін, жастықтың мас қылар лаулаған оты-ай... Нәпсінің жетегінде, соқыр сезімнің құлы болып не істемеді бұл бейбақ? Ақ пен қараның, обал мен сауаптың аражігін ажыратпай, «өмір бір-ақ рет беріледі» деген жалған тәмсілді ұран етіп, талай батпаққа батып еді-ау.
«Зина...»
Бұл сөздің тамаққа кептелген қорғасындай ауырлығын, адамның рухын қалай қарайтатынын ол кезінде мүлдем ойламапты. Күлкі мен қызыққа толы ессіз күндерінде, күнә атаулы оған жеңіл ғана ойын сияқты көрінген.
Бірақ қазір... қазір бәрі кеш. Ол терезеге жақындап, сырттағы зұлмат түнге көз тікті. Өткен күннің елестері санасында кинотаспаша тізіліп, жанын жегідей жей бастады. «Ол әйел — бір шаңырақтың ақ жаулықты ары, жарының қасиетті сенімі еді ғой, — деді ол іштей өзін-өзі аяусыз қамшылап. — Ал мен ше? Суық қолымды сұғып, азғырудың уымен есін тандырып, қасиетті ұясынан қалайша жұлып алдым?..» Бұл сұрақ кеудесін тепкілеп, алқымынан алды. Ол бұл түнде жеңімпаз емес, керісінше, өзінің адамдық қадір-қасиетін, иманының соңғы түйірін осы лас төсектің үстіне шашып кеткен бақытсыз сорлы еді.
Осы сәтте оның жадында балалық шағында қарт әжесінің мейіріммен айтқан сөздері жаңғырды: «Балам, нәпсі – адамның ең қауіпті жауы. Оған ерсең, бір күні өзіңді жоғалтасың. Иманыңды сақта.....»
Көкірегінде бір тамыр қиылғандай ашып қоя берді. Ол өткен өмірдің ластығы үшін ғана емес, сол күнәнің қара таңбасын бүгінгі күннің ақ парағына жұқтырғаны үшін өртеніп бара жатты. Екі көзінен жас парлап, басын жоғары көтерді де, еріндері кезеріп сыбырлады: — Иә, Жаратушы Ием! Мен өз жанымды өзім қорладым. Нәпсінің зынданына түстім. Өмірдің шынайы мәні — нәпсіні тыйып, рухты тазартуда екенін енді ұқтым. Өтінемін, жүрегімді мына қара дақтардан тазарта көр... Мен қайтадан адам болғым келеді!
Соңғы рет артына бұрылып, дірілдеген үнмен: — Мен... мен енді бұлай өмір сүре алмаймын, — деді де, бөлмеден атып шықты.
Суық көшеге шыққанда, түннің ызғарлы желі маңдайдан осып өтті. Салқын ауа тәнін сергіткенмен, жүрегіндегі өкініштің істік инелері жанын тілгілеп бара жатты. Ол өмір бойы осы сәт үшін өз арының алдында жауап беретінін, бұл күнәнің таңбасын ешқандай су жуып шая алмайтынын сезді. Ол үйіне емес, өз бойынан жоғалтып алған пәктігі мен адамгершілігін іздеу үшін белгісіздікке қарай аяңдады.
Осы сәтте, таң алдындағы мүлгіген тыныштықты қақ жарып, жақын маңнан азанның асқақ, қоңыр үні төгілді. Жан-дүниені шымырлатқан бұл қасиетті дауыс Ерболды кілт тоқтатты. Ол оң жағына жалт қарады.
Анадай жерде, ай сәулесіне шомылған мешіттің зәулім мұнарасы көк тіреп тұр екен. Түн құшағында жарқыраған сол мұнараның ұшар басы адасқан жанға жол көрсетер ақиқаттың шамшырағындай еді.
«Тәубе. Иә, Тәубе...» — деп сыбырлады ол, жанарынан ыстық жасы тамып. «Құдайдың кешірмейтін күнәсі жоқ. Шын ниетпен Жаратқанға бет бұрып, түзелсем, Ол мейірімді ғой, мені кешіреді... Әлі де кеш емес, әлі де үміт бар...».
Ол мешіт мұнарасына ұзақ қарап тұрды.
Сосын баяу ғана солай қарай жүріп кетті.
islam.kz