Профессор Раби Э. Абдель-Халимнің жазуынша, қазіргі медицина тарихы туралы дереккөздердің көбісі мынадай пікірді алға тартады: эксперименттік ғылымның, соның ішінде клиникалық сынақтар мен дәрі-дәрмектің тиімділігін зерттеудің негізі тек XVI-XVIII ғасырлардағы еуропалық Қайта өрлеу дәуірінде қаланды-мыс.
Алайда, ислам медицинасының тарихы бізге мүлдем басқа суретті көрсетеді. Мұсылман ғалымдары қолданған әдістерге толығырақ тоқталып көрейік:
Алдыңғы тәжірибені сыни көзқараспен бағалау
Орта ғасырлардағы ислам әлемінде медицина мен басқа ғылымдардың маңызды ерекшелігі — олардың логикалық және ғылыми негізде, ең алдымен әдебиеттерді мұқият зерттеуден басталғанында еді. Ислам ғалымдары ежелгі өркениеттерден қалған мұраларды жай ғана қабылдай салмай, оларды сын көзбен қарап, бағалады. Олар қате тұстарын алып тастап, тек өздерінің бақылаулары мен тәжірибелері және эксперименттері арқылы дәлелденген деректерді ғана қабылдады. Мұндай көзқарас бұрынғы білімнің растығын тексеріп қана қоймай, оған жаңа, төл материалдар қосуға мүмкіндік берді. Олар өз теорияларын эксперименттер арқылы тексеріп, тапқан нәтижелерін кестелерге түсіріп, жүйелеп отырды. Антикалық медицина мұсылман ғалымдарының арқасында бүгінге дейін жетті деуге әбден болады.
Клиникалық бақылау және ауру тарихын жүргізу
Науқастарды күтудің жаңа рационалды әдісін IX ғасырдың басында парсы ғалымы және дәрігер ар-Рази жасап шығарды. Бұл әдіс клиникалық және эксперименталды бақылауларды тіркеуге, түсіндіруге және жіктеуге негізделген. Осы ерекше тәсіл клиникалық медицина мен дифференциалды диагностика әдістемесінің іргетасын қалап, ислам медицинасына ұзақ уақыт бойы әсер етті. Кейінірек Ибн Сина, әз-Захрави (936-1013), Ибн Зухр (1091-1162) және Ибн ан-Нафис сияқты ғалымдар ар-Разидің дәстүрін жалғастырып, оның жаңашыл мектебін одан әрі дамыта түсті. Олар клиникалық бақылау мен диагноз қоюға басты назар аударып, өз тәжірибелерін ауру тарихы, есептер мен түрлі клиникалық сипаттамалар түрінде жазып, жүйеледі.
Клиникалық терапиялық сынақтар
Емдеу шараларының құндылығын бағалауға арналған «жағдай-бақылау» (case-control) типіндегі мақсатты эксперименттер — қазіргі медицинаның басты белгілерінің бірі. Осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын ар-Разидің осындай эксперименттерді жоспарлап, жүзеге асырғанын және нәтижелерін жазып қалдырғанын білу өте қызық. Өзінің «әл-Хави» атты кітабында менингит туралы бөлімінде ол мынадай жағдайды сипаттайды: ол менингит белгілері бар науқастардың бір тобына қан алу (кровопускание) жасап, ал екінші тобына жасамаған. Бұндай әдіс қаншалықты тиімді екендігін тексеру үшін жасалған еді. Мұндай тәжірибені басқа да ислам медиктері қолданған.
Дәрілік заттардың тиімділігін сынау
Ибн Сина өзінің «Медицина ғылымының каноны» атты еңбегінің дәрілердің негізгі түрлеріне арналған 2-ші кітабының 2-ші тарауында былай деп жазады:
«Дәрінің табиғи күшін (амзия) екі жолмен анықтауға болады: бірі – аналогия (қияс), екіншісі – эксперимент (тәжірибе)». Содан кейін Ибн Сина дәрілерді сынау үшін эксперимент жүргізу кезінде ескерілуі керек жеті ережені көрсеткен. Ол әрбір алғышарттың маңыздылығын егжей-тегжейлі талқылап, олардың барлығын білу қажеттігін атап өткен.
Жануарларға жасалған эксперименттер
- а) Дәрілік заттардың қауіпсіздігін тексеру үшін: Дәрінің улылығын тексеру үшін жануарларға жасалған алғашқы тіркелген экспериментті IX ғасырда ар-Рази жүргізді. Ибн әл-Байтардың сипаттауы бойынша, ол сынаптың адам үшін қауіпсіздігін тексеру мақсатында оны маймылдарға беріп көрген.
- ә) Хирургиялық процедуралардың қауіпсіздігін тексеру үшін: Өмірге қауіп төндіретін тұншығу кезінде трахеостомияның (кеңірдекті тесу) маңыздылығы бірнеше ғасыр бойы даулы болып келді. Бұл жағдай ислам дәуіріне дейін созылды, кейін ар-Рази, содан соң Ибн Сина бұл ота туралы оң пікір білдіріп, оны жетілдірді. Әз-Захрави өзінің «Ат-Тасриф» еңбегінде кеңірдектің кесілген жарасын сәтті емдегенін айтып, трахеостомияның қауіпті емес екендігі туралы қорытынды жасайды. Дегенмен, дау тоқтамады. Осы хирургиялық процедураның қауіпсіздігін анықтау үшін андалузиялық дәрігер Ибн Зухр ешкіге эксперимент жасауды жөн көрді. Ол өзінің «Ат-Тайсир» кітабында жасалған отаны сипаттап, жануардың одан кейін ұзақ өмір сүргенін жазады. Бұл — тарихтағы эксперименталды хирургия әдісін қолдану туралы алғашқы мәлімет.
Мәйітті сою (Диссекция)
Ар-Рази, Ибн Сина, Мухаззаб ад-Дин әл-Бағдади, Ибн Зухр және Ибн Рушд медициналық білім мен тәжірибеде мәйітті союдың және анатомияны білудің құндылығын атап көрсеткен. Мұсылман медиктері өздерінен бұрын өмір кешкен Галеннің көптеген қате анатомиялық тұжырымдамаларын түзеп, осы саланың дамуына үлкен үлес қосты. Кіші қан айналым жүйесін ашқан Ибн ан-Нафис «Шарх ташри әл-канун» кітабында және Муваффак ад-Дин Абд әл-Латиф әл-Бағдади (1162-1231) «Китаб әл-ифада уа әл-итибар» кітабында мәйітті сою тәжірибелерін сипаттап, кейбір қалыптасқан қате түсініктерді сол жерде түзетеді.
Өлімнен кейінгі (посмертный) сараптама
- а) Жануарларға: Ибн Зухр «ат-Тайсир» еңбегінде өкпе жарасына қарсы ем іздеу мақсатында ешкілерге жасаған эксперименттерін сипаттап жазады, онда ол өлген жануарлардың өкпесін тексергенін жазады.
- ә) Адамдарға: Ибн Зухрдың перикардиті бар науқастардағы жүрек қабындағы сұйықтықты «зәрге ұқсас» деп сипаттауы қазіргі заманғы «сабан түсті сұйықтық» деген сипаттамамен өте дәл сәйкес келеді. Бұл оның осы сұйықтықты өз көзімен көргенін және оның қалай жиналатынын бақылағанын білдіреді. Бұл сұйықтықты перикардиоцентез немесе өлімнен кейінгі тексеруден басқа жолмен көру мүмкін емес. Екінші жағынан, Ибн Зухр «жүрек қабығының ішінде жиналатын, қабат-қабат мембраналарға ұқсайтын қатты заттар» туралы жазады. Мұны мәйітті сойып тексермейінше көру мүмкін емес еді. Бұл ислам ғалымдарының хирургтар үшін де, жалпы дәрігерлер үшін де анатомияны терең білу қажеттілігіне қаншалықты зор көңіл бөлгенін көрсетеді.
Қорытынды
Осы айтылғандардың негізінде, қазіргі түрдегі эксперименталды медицинаның дамуы, соның ішінде клиникалық сынақтар, дәрі-дәрмектің тиімділігін зерттеу, жануарларға жасалатын эксперименттер мен адам денесінің шынайы құрылымы мен қызметін сипаттау амалдары Ислам әлемінде сонау IX ғасырда-ақ басталды деген қорытынды жасауға болады.
Дереккөз: Исламсфера (орыс тілінде).