"Алланы молшылықта танысаң, таршылықта Ол да сені таниды". (Хадис тағылымы)
"Алланы молшылықта танысаң, таршылықта Ол да сені таниды". (Хадис тағылымы)
2 ай бұрын 1870
Абдусамат Қасым

Сахаба Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) мынадай риуаят жеткен:

 تعرَّفْ إلى اللهِ في الرخاءِ يعرفُك في الشدَّةِ ،

«Молшылықта Алланы таны, таршылықта ол сені таниды».
(Имам Суюти, «әл-Жәмиъ»; Имам Тирмизи, «Сүнән»; Имам Ахмед: «Мүснәд»).

Басқаша айтқанда: "Молшылықта Алланы ұмытпасаңыз, таршылықта ол да сізді ұмытпайды" дегендік.

Түсіндірме

«Молшылықта Алланың таны...» - бастың аманында, мошылықта және деннің сауында Аллаға шүкір етіп, оның бұйрықтарын орындап, игі сауапты істер істеп, Оған жағыныңыз. Жақын болыңыз.  

«Таршылықта Ол сені таниды» - сонда басыңызға қиындық түскенде Жаратушы Иеңіз ол қиындықты бертарап етіп, қиындықтан шығар жол жаратады және қайғыңызды қуанышқа айналдырады.

Мысалы, үңгірдің аузын үлкен тас бітеп қалып, үңгірде қамалып қалған үш адамның оқиғасын еске алайықшы. Ол үш адам бастарына іс түспей тұрғанда істеген амалдарының арқасында Алланың жәрдеміне қол жеткізіп, қамалып қалған жерлерінен аман шыққан еді. Бірі - Алла ризалығы үшін ата-анасына жақсы қарайтын. Екіншісі – Алла ризалығы үшін зинадан қашты. Үшіншісі – Алла ризалығы үшін кісі ақысын жемейтін. Ол үшеуі жақсылықта Алланы ұмытпай, Алланың бұйрықтарын істеп, тыйымдарынан тыйылғандықтан, Алла Тағала да оларды бастарына қиындық туғанда құтқарған еді[1]. Әйтпесе, айдаладағы үңгірден ешкім құтқара алмайтын еді.

Демек, молшылық пен рақат заманда Жаратушыңызды ерікті түрде ұмытпай, оның бұйрықтары мен тыйымдарына сақ болсаңыз және Алла ризалығы үшін сауапты істер істеп жүрсеңіз, Ол да басыңызға іс түскенде жәрдем қолын созып, сізге шығар жол көрсетіп қояды екен. Мысалы, Юнус ғалейһиссәләмды балық жұтып қойған кезде, Алла оны құтқарған болатын, себебі Юнус ғалейһиссәләм одан бұрын Алланы зікір етіп, еске алып тұратын намазхан пенделердің қатарынан болған. Ол жайында Құдай Тағала аятта: «Ол (Юнус ғ.с.) Алланың пәктеушілерден (намаз оқушылардан) болмағанда, киттің ішінде қияметке дейін қалып қояр еді» - деп баяндайды[2]. Бұл аяттың астарында «бәлеге тап болмай тұрып басының амандығында оқыған намазы, тартқан зікірі – оны алып балықтың ішінен шығарды, болмаса шыға алмай, өмірлікке ішінде қалып қояр еді» дегендік жатыр.

Ал, суға кеткен Перғауын керісінше құтыла алмады. Себебі, ол асып-тасып жатқан заманында Аллаға шүкір етудің орнына, қарсы шығып, адамдарға зұлымдық қылды, ол жетпегендей өзін құдайға теңеді. Сондықтан да, суға батып, өлетіндігін түсінген сәтте: «Исраиль ұлдары сенген Құдайдан басқа Құдай жоқ екеніне сендім және мен мұсылмандардан болдым» деп, Алладан жәрдем тілесе де, Алла оны құтқармады. Қайта оған: «Енді ма? Одан алдын сен қарсы шыққан едің және бұзғыншылардан болғансың» - дейді Алла Тағала[3].

Ендеше заманның тынышында Жаратушыны ұмытпай, Оның беріп жатқын ырыс-несібесіне шүкір етсек, маңдайымызды сәждеге қойып, оған мінәжат қылсақ, қиындыққа душар болған кездерімізде Ол да бізді ұмытпайды екен. Оған алақан жайып медет сұраған заматта, Өзінің мейірім-берекетімен қолымызды қайтармай, демеу болады екен. 

Жәләлуддин Руми айтқандай:

"Молшылықта сен Аллаһ десең, таршылықты Ол "пендем" демей ме?!".

Алла Тағала панасынан айырмасын[4]! Уә ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!


[1] Бұл хадис «Сахих Бұхари» және «Сахих Мүслім» хадистер жинағында келтіріледі, Абдулла ибн Омардан жеткен.
[2] «Соффат» сүресі, 144 аят.
[3] «Юнус» сүресі, 90, 91 аяттар.
[4] Абдуррауф әл-Мәнәуи (р.а.): «Фәйдуль қадир» атты хадис түсіндірмесі.

0 пікір