Алланы зікір ету
Алланы зікір ету
9 күн бұрын 1018 islam.kz/

Адам жүрегі – мәңгілікке деген сағынышпен соғатын нәзік әлем. Ол сағыныш – өзінің Жаратушысына деген сағыныш. Пенде дүниенің ыстық-суығына, бақ пен байлыққа, шаттық пен сынаққа толы сапарында жүрегінің шын тыныштығын тек бір ғана нәрседен табады – ол Алланы зікір ету.

Құранда Алла Тағала былай дейді:

"Ақиқатында, Алланы еске алу арқылы жүректер жай табады."
(Рағд сүресі, 28-аят)

Бұл аят – рухтың шынайы тыныштығы мен бақытын іздегендерге нұсқаушы шамшырақ іспетті. Себебі дүние атаулы – өткінші. Ал Алланы зікір ету – жүрекке нұр, жанға жұбаныш, санаға сергектік сыйлайды.

Пайғамбар (с.а.у.) зікір жайлы не деген?

Хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

"Раббысын еске алушы мен еске алмайтынның мысалы – тірі мен өлідей."
(Бұхари, Муслим)

Зікірсіз өмір – мәнсіз өмір. Ол – рухани өлім. Ал зікір – тірі жүрек, шынайы өмір, Аллаға жақын болудың ең қысқа жолы. Демек, шынайы тірілік жүректің тірі болуы. Жүрек көзі өлген хайуанмен тең. Ендеше, жүрекеті тірі ұстап тұратын әрі оған тыныштық сыйлайтын бірден бір жол, ол - Алланың еске алып, зікір, тәпсихат айту екен.

Зікірдің түрлері

Алланы еске алудың түрлері сан алуан. Солардың кейбірі:

  • Тілмен зікір ету: «Субханаллаһ», «Әлхамдулиллаһ», «Аллаһу әкбар», «Лә иләһа иллаллаһ» т.б. зікір, тәспихат сөздерін айту;

  • Жүрекпен зікір ету: Алланың ұлылығын сезініп, Одан қорқу және үміт ету;

  • Пікірлеу: Әлем ғажайыптарын пікірлеп, Алланың шеберлігі мен шексіз мейірімін ойлау.
  • Құран оқу – Алланың сөзін оқып, ой жүгірту;

  • Намаз – зікірдің ең ұлы түрі.

Зікірдің жемісі

Зікір – бос сөз емес. Ол адамның бүкіл болмысын өзгертетін күшке ие:

  • Жүрек тынышталады;

  • Күнәлар кешіріледі;

  • Шайтаннан қорған болады;

  • Имандылық артады;

  • Алламен байланыс бекиді.

Қорытынды

Зікір – құр ғана арабша сөздерді айту емес. Ол – дұға, құлшылық. Зікір - жүректің Жаратушысын ұмытпай өмір сүруі. Күнделікті тіршілікте біз Алланы ұмытсақ, өмірдің де мәні жоғалады. Алла Тағаланы еске алу - Алланың назарында болу деген сөз. Құранда былай делінеді: 

"Сендер Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын..."
(Бақара сүресі, 152-аят)

Алла Тағала бізді зікір етуші пенделерінен етсін!

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: