АУРУДЫҢ ТӨРКІНІ — ТОЙЫП ТАМАҚ ЖЕУДЕ
АУРУДЫҢ ТӨРКІНІ — ТОЙЫП ТАМАҚ ЖЕУДЕ
2 сағат бұрын 120 islam.kz/

Әрбір дерттің бастауында — асқазанды нығыздап толтыру, өз нәпсісіне ие бола алмай, мөлшерден тыс тамақтану әдеті тұр. Ардақты Пайғамбарымыздың тамақтану әдебіне мүлтіксіз ерген мүмін шамадан тыс тоқтықтан келетін кеселдерге ешқашан душар болмайды.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі былай деп бұйырған:

«Мұсылман — бір қарынмен ас ішеді, ал кәпір — жеті қарынмен жейді». («Сахих Бұхари»).

Сайид Мақбури жеткізген тағы бір ғибратты риуаятта мынадай әңгіме жеткен: «Бірде Әбу Һурайра (р.а.) алдарына қуырылған қой етін қойып қойып, рақаттанып жеп отырған бір топ адамның қасынан өтеді. Олар оны дастарханға шақырғанда, Әбу Һурайра: «Алланың елшісі дүниеден өткенше арпа нанына да бір рет тойып ішпеген еді», — деп, сахабалық сабырмен ас ішуден бас тартқан екен». («Сахих Бұхари»).

Миқдад ибн Мағди Кәрибтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп нықтап ескертеді:

«Адам баласы өз асқазанынан өткен жаман ыдысты толтырған емес. Адамға белін тік ұстап, құлшылығына қауқары жетуі үшін санаулы түйір ас та жеткілікті. Асқазанының үштен бірін — тамаққа, үштен бірін — суға, ал қалған үштен бірін — еркін тыныс алуға (ауаға) қалдырсын». (Тирмизи, «Сүнән», Ибн Мәжә, «Сүнән»).

Тіпті, әлемдік медицинаның атасы Ибн Сина тоя жеудің қауіптілігін былай деп тілге алған:

«Дерттің екі-ақ себебі бар: бірі — шектен тыс көп жеу, екіншісі — тоқ қарынға тағы тамақ ішу», — десе, көне араб шипагері Харис ибн Кәлдә: «Асқазан — аурудың ұясы, ал нәпсіні тыю (диета) — шипаның басы», — деп түйіндеген.

Тоқтық пен ашкөздіктің кесірі

Асқазанды нығыздап толтыру тәнге ауырлық түсіріп қана қоймай, жүректі қатайтады, рухты әлсіретеді. Тоқ адамның бойын еріншектік билеп, ұйқышылдыққа салынады. Соның кесірінен ол («қиямул-ләйл») түнде тұрып құлшылық ету сияқты ұлы нығметтен мақұрым қалады.

Тоқтыққа бой алдырған жан күнә жасаудан қорықпайтын, жамандыққа барудан сескенбейтін болады. Ондай адамның ақыл-таразысы жақсы мен жаманды ажыратудан қалып, бойындағы шүкіршілік сезімі сөнеді. Ал шүкір азайған жерде Алланың берген нығметтері де кеми бермек. Өйткені нығметке деген шүкіршілік қана оның берекесін арттырмақ.

Тойып тамақ жеу адамның жүрегінде дүниеге деген махаббатты оятады. Мұндай адамға Алланы еске алып, зікір айту ауыр жүктей көрінеді. Негізінде, зікір — жүректі қатыгездіктен тазартатын бірден-бір ем. Тоқ адам құлшылықтың ләззатын сезе алмайды, осылайша «яқин» (кәміл сенім) деп аталатын ұлы имани қазынадан айырылады. Тоқтық адамды бейғамдыққа салып, оның ең негізгі капиталы — баға жетпес өмірін бос әрі пайдасыз нәрселерге шығындауға мәжбүрлейді.

  • Аз жеу — тән саулығының кепілі әрі ілімге деген құштарлықтың бастауы.

  • Аз жеу — адамды Хақ Тағаладан алыстататын нәпсілік құмарлықтарды тізгіндейді.

  • Аз жеу — жүрекке нұр ұялатып, рухты асқақтатады.

  • Аз жеу — құлшылықтан ләззат алуға және уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

  • Аз жеу — аш-жалаңаштардың мұңын сезіндіріп, бауырмалдық пен мейірімді оятады.

Жахья ибн Муғаз Рази былай деген екен: «Адамның үш қас жауы бар: олар — мал-мүлкі, шайтаны және өз нәпсісі. Өзіңді дүниеден — қанағат арқылы, шайтаннан — оған қарсы тұру арқылы, ал нәпсіден — оның құмарлықтарын тыю арқылы қорға».


Дереккөз: islamuz 

 

0 пікір