ДӘРІГЕР БОЛУДЫҢ ИСЛАМДАҒЫ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
ДӘРІГЕР БОЛУДЫҢ ИСЛАМДАҒЫ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
3 сағат бұрын 219
islam.kz

Мұсылман қауымы үшін дәрігер болу — жай ғана мамандық емес, бұл үлкен жауапкершілік пен теңдессіз сауаптың көзі. Ислам діні ғылым мен білімге, әсіресе адам денсаулығына ерекше көңіл бөлген. Соның нәтижесінде ғылымға қолдау беріліп, есімі тарихта алтын әріппен жазылған көптеген ғұламалар шыққан. Олардың жазып қалдырған еңбектері кейінгі мәдениеттің, әсіресе батыс мәдениетінің шарықтауына бастама болған.

Дәрігерлік жолды таңдаған жанның ақыреттегі дәрежесі қандай болмақ? Осы игі істің артықшылықтарына тоқталайық.

1. Бір адамды құтқару — бүкіл адамзатты құтқарумен тең

Құран Кәрімде («Мәида» сүресі, 32-аят) былай делінген:

«Кімде-кім бір адамды өлімнен құтқарса, ол барлық адамзатты құтқарғанмен тең».

Дәрігер күнделікті жұмысында біреудің ауруын жеңілдетіп немесе өмірін сақтап қалу арқылы осындай зор сауапқа ие болады. Өліммен арпалысу сәтінде науқасқа қол ұшын беріп, оны өлімнен арашалап қалудан артық сауап бар ма?! Бұл — дәрігер мамандығының ең басты мәртебесі.

2. «Парз кифая» — қоғам алдындағы міндет

Исламда медицинаны меңгеру — «парз кифая» (ұжымдық парыз) деп есептеледі. Яғни, қоғамда халықты емдейтін білікті дәрігерлер болуы тиіс. Егер ешкім бұл істі қолға алмаса, бүкіл қоғам күнәһар болады. Сондықтан да, дәрігер болуды таңдаған мұсылман адам қоғамның жүгін жеңілдетіп, біршеті маңызды парызды өтеп жүрген жан болып саналады.

3. Ең қайырлы адам — пайдасы тиген адам

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең қайырлысы — басқаларға пайдасы тигені» — деген. Дәрігер өзінің білімімен, тәжірибесімен және жылы сөзімен өзгелерге пайдасын тигізері сөзсіз. Тіпті науқастың көңілін аулап, үміт сыйлаудың өзі үлкен садақа болып есептеледі.

4. Дұғаның қабыл болуы

Ауру адамның көңілі нәзік, Аллаға жақын болады. Тәні қиналып, жаны жанған адамның Құдайға мінәжаты мен тілеген тілегі қабыл болары күмәнсіз. Дәрігердің көмегімен айыққан науқастың шын жүректен шыққан «Рақметі» мен «Алла разы болсын» деген батасы — дәрігер үшін ең үлкен сый. Мұндай шынайы дұғалар адамның жолын ашып, екі дүниеде де бақытты етеді.

5. Имам Шафиғидің өсиеті

Кезінде ұлы ғұлама Имам Шафиғи былай деген екен: «Дүниеде екі түрлі маңызды ғылым бар: бірі — дінді тану үшін фиқһ (құқық) ілімі, екіншісі — тәнді сақтау үшін медицина ілімі». Ол кісі мұсылмандардың медицинаны өзгелерге беріп қойғанына өкінішпен білдірген еді. Алайда, одан кейінгі ғасырларда мұсылмандар ұшбұ ғылым саласына қатты мән беріп, Ибн Сина, әз-Зәһрауи, әл-Хайсам т.б. сол сияқты теңдесіз көптеген медицина ғұламалары бой көрсеткен еді. Ислам діні үстем боп тұрған заманда медицина саласының Ислам әлемінде дамығаны соншалықты, мұсылман медиктер X (10) ғасырда көздің қарашығына ота жасайтындай деңгейде болған. Бұл — дәрігерліктің дінмен қатар жүретін қасиетті іс екенінің дәлелі. 

Қорыта айтқанда, дәрігердің қолы — шипаның құралы. Егер дәрігер өз жұмысын адал атқарып, науқасқа мейіріммен қараса, оның әрбір қадамы ғибадат болып жазылады. Бұл — қиындығы мен қызығы қатар жүретін, бірақ сауабы таусылмайтын ұлы жол десек артық айтқан болмаспыз.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

0 пікір