ДҮНИЕЛІК МАҚСАТТА ДІН ІЛІМІН ОҚУДЫҢ ҚАСІРЕТІ
ДҮНИЕЛІК МАҚСАТТА ДІН ІЛІМІН ОҚУДЫҢ ҚАСІРЕТІ
1 ай бұрын 3117 islam.kz
А. Қасым

Ислам діні білім алуды және ақиқатты тануға ұмтылуды ұлық іс санайды. Құран мен хадистерде ілімнің артықшылығы жиі айтылған. Алайда Исламда білімнің шынайы құны – оның адамды Алланың разылығына жеткізуінде және ақыретке бағыттауында.

Дүние өмірі мен ақырет арасындағы тепе-теңдікті сақтау – әрбір мұсылманға міндет екені рас. Бірақ, дүние пайдасы үшін діни ілім іздеу немесе шен-шекпен, атақ-даңққа жету мақсатында діни біліммен айналысу – ниеттің ауытқуын білдіреді әрі бұл Құран мен сүннетте қатаң сынға алынған адасушылық.

Құранда былай делінген: «Сендер адамдарға жақсылықты бұйырып, өздеріңді ұмытасыңдар ма? Сөйте тұра Кітапты оқисыңдар. Сонда да ақылға келмейсіңдер ме?» (Бақара сүресі, 44). Бұл аят – ілім иесінің алған білімін амалға асырмайынша, оның нағыз ғалым атанбайтынын ескертеді. Сондықтан Исламда ілім мен амал – бір-бірінен ажырамас ұғым. Ілімді дүние мүддесіне пайдалану – адамды бақытқа жеткізбейтін жол.

Хадистерде жаман ғалымдардың хәлі

Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм ілімді теріс ниетпен пайдаланудың салдары жайында көптеген ескерту жасаған. Әсіресе тек дүние пайдасы үшін білім алған немесе білімін адамдардың назарын өзіне аудару үшін пайдаланған адамдардың ахиреттегі жағдайы өте ауыр болатыны жайлы ескерткен.

Мәселен, хадисте былай делінеді: «Кімде-кім Алланың разылығы үшін алынуы тиіс ілімді дүние мүддесі үшін үйренсе, ол Қиямет күні Жәннаттың иісін де сезе алмайды» (Әбу Дәуіт). Тағы бір хадисте: «Ілімді, ғалымдарға мақтану, надандармен сөз таластыру немесе адамдардың назарын өзіне аудару үшін үйренбеңдер. Кім осындай мақсатпен ілім үйренсе, оның орны – тозақ» деп айтылған (Тирмизи).

Пайғамбарымыз (с.а.с.) рия (көзбояушылық) үшін жасалған істердің, соның ішінде рия үшін оқылған білімнің ақыреттегі сұрауы ауыр болатынын айтқан. Хадисте Қиямет күні алдымен есепке тартылатын үш адамның бірі – ілім үйреніп, өзгелерге үйреткен, алайда мұны Алла үшін емес, «ғалым» деп айтулары үшін жасаған адам болатыны баяндалады. Бұл хадис – білімнің, егер шынайы ниетпен алынбаса, адамның өзіне зиян болатынын ашық айғағы.

Алғашқы буын Сәләф салихин ғұламаларының ескертулері мен өнегелі сөздері

Исламның алғашқы ғасырларындағы ғұламалар (сәләф ғалымдары, сәләфиттер емес) іліммен амал ету қажеттігін үнемі насихаттаған. Олар алған білімдерін өмірлері мен тіршіліктеріне енгізбей тұрып, жаңа ілімге көшпейтін. Тәбигиндердің бірі Әбу Абдуррахман әс-Суләмиден мынадай сөз жеткен: «Бізге Құранды үйреткен сахабалар он аятты үйреніп, соны амалға асырмайынша келесі он аятқа өтпейтін еді» дейді. Бұл — шынайы ілім иесінің сипаты: білгенін өміріне енгізу.

Сәләф ғұламалары: «Амалы жоқ ғалым – шам тәрізді: өзі жанып, басқаларға жарық береді», – деген. Ғалым білімді болғанымен, егер оны өміріне енгізбесе, ол өзі үшін пайдасыз, басқалар үшін ғана уақытша жарық беретін шам іспетті. Имам Ғазали де осыны ескертіп, адам ілім алғанда тек Алла разылығы үшін алуы тиіс екенін айтып, өзін де талай мәрте тексеріп отырған.

Сондай-ақ: «Ілім – амалға шақырады. Егер амал келсе, ілім қалады; келмесе, ілім кетіп қалады» деген Сүфиян әс-Сәури де — осы пікірді қолдайтын ғалымдардың бірі.

Белғам қиссасының мәні

Құран Кәрімде, білімі бола тұра нәпсісінің жетегіне еріп, тура жолдан тайған бір адамның ғибратты қиссасы баяндалады. Оның аты Құранда ашық айтылмағанымен, бірақ көптеген тәпсіршілердің пікірінше, қиссада әңгімеленіп отырған адамның есімі Белғам бин Баура екендігін айтады.

Белғам — Исраил ұрпақтарының арасында өмір сүрген, дұғасы қабыл болатын, үлкен ілім иесі ретінде танылған адам еді. Алла Тағала оған аяттарын үйретіп, хақ діннің ақиқаттарын білдірген. Алғашында ол тура жолмен жүрді, кейіннен қолындағы бұл рухани нығметті теріс мақсатта жұмсап, нәпсісінің, құмарлығының жетегінде кетті (Алла сақтасын).

Құранда оның хәлі былай сипатталады:
«Біз қаласақ, оны аяттарымыз арқылы көтеретін едік. Бірақ ол жерге жабысып қалды да, нәпсісінің артынан ерді. Оның мысалы — қусаң да, қоя берсең де тілін салақтатып тұратын ит сияқты». (Ағраф сүресі, 176-аят).

Бұл аят — білімнің шарапатымен ерекшеленсе де, сол білімді тек дүние пайдасы үшін жұмсап, оны рәсуа еткен ғалымның қалайша қор болатынын айқын суреттейді. Белғам қиссасынан түсінетініміз — адам ілім арқылы биіктей де алады, сол іліммен азғындап, шындықтан алыстап та кетуі мүмкін. Белғам өз білімін жақсылық пен хақ жолында емес, зұлым патшаның мүддесіне пайдаланып, Мұсапайғамбарға(ғ.с.) қарсы әділетсіз күреске ат салысты. Дүниеқоңыздық пен атаққұмарлық Белғамның көзіне шел түсіріп, білген ақиқатын әдейі бұрмалап, ақыр соңында әрі дүниесін, әрі ақыретін құртты.

Құранда Белғам қиссасының баяндалуы — мүміндерге үлкен сабақ. Аятта былай делінген: 

«Оларға бұл қиссаны баян ет, бәлкім олар ойланар»
(Ағраф сүресі, 176-аят).

Яғни, біліммен қаруланған мүміндер, Белғамның қателігіне түсіп қалмаулары керек; алған ілімін нәпсіге, мансапқа, өткінші дүниелік мүдделерге құрал етіп алмаулары тиіс екен. Әйтпесе, мол білім адамның құтқарушысы емес, керісінше, қасіретінің себебіне айналуы әбден мүмкін.

Сондықтан әрбір мұсылман, әсіресе білім иелері, Белғам қиссасын тек тарихи дерек ретінде емес, өздерінің рухани өмірі менішкі жан дүниелерін есепке алу үшін айна етіп ұстаулары тиіс.

Ілімнің моральдық жауапкершілігі

Қазіргі уақытта ілімге қол жеткізу жеңілдеді, бірақ оны дұрыс пайдалану – үлкен сын. Кейбір адамдар білімді атақ үшін, материалдық пайда үшін, халыққа ұнау үшін ғана үйренеді. Бұл — Исламда қатаң сыналатын қылық.

Білім – жауапкершілік. Ғалым адам өз ілімімен өзгелерге үлгі бола білуікерек, шындықты жасырмауы керек. Әйтпесе, білгенімен амал етпеген адамның азабы да, есебі де ауыр болады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Пайдасыз ілімнен Аллаға сиынамын» – деген дұғасы осыны аңғартады.

Қазіргі замандағы білім – тек ақпарат қоры емес, жүрекке де, қоғамға да пайдасы болуы тиіс. Егер ілім, адамды Аллаға жақындатпаса, оны тәкәппар, дүниеқоңыз етсе — ол ілім емес, бәлекетке айналады.

Қорытынды:

Исламда ілім – ұлы нығмет, бірақ тек дүние пайдасы үшін алынған ілім – адамды опатқа ұшыратады. Пайдалы ілім дегеніміз – Алла үшін үйренілген, өмірде амалға асырылатын, өзіңе де, өзгеге де пайдасы тиетін ілім. Ондай ілім адамды көркем мінезге, ақыретке дайындайды.

Пайдалы ілімге жетудің жолдары:

  • Ниетті түзету: Білімді Алланың разылығы үшін үйрену;

  • Білгенмен амал ету: Білім – тек айту үшін емес, соны өмірге енгізу үшін;

  • Тәкаппарлықтан сақ болу: Ғалым адам бойындағы ілімді кішіпейілділікпен үйлестіруі керек;

  • Хақтан таймау: Білімді шындықты бұрмалауға емес, ақиқатты паш етуге пайдалану қажет.

Сөз соңында нағыз ғалым — білгенін амалмен көрсеткен адам. Ал тек тілмен айтып, жүрекпен сезбеген, әрекетімен дәлелдемеген адам – ауыр жауапкершілік астында. Иә, ілім – жарық, бірақ ол жүрекпен бірге жанбаса, нұр емес, тек жалған сәуле болып қалмақ. 

 

0 пікір