Фиқһ қағидасы: «Машақат – жеңілдік шақырады».
Фиқһ қағидасы: «Машақат – жеңілдік шақырады».
3 ай бұрын 1938
Абдусамат Қасым, исламтанушы

Бүгінгі таныстырғымыз келіп отырған фиқһ қағидасы – зәру жағдайда және мәжбүр кезде, шариғат жеңілдік танытады дегенге қатысты болмақ. Қағида келесідегідей:

«المشقة تجلب التيسير»
«Машақат – жеңілдік шақырады».
  1. المشقة - «машақат», «ауыртпалық», «қиындық», «бейнет».
  2. تجلب - «тартады», «алып келеді», «тудырады», «шақырады», «себеп болады».
  3. التيسير - «жеңілдету», «қолайлық тудыру», «жеңілдік жасау».

Қиындық қолайлықты тудырады, өйткені машақатты кетіріп, жеңілдету аят және хадиспен нақтыланған. Алла Тағала Құранда: «Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды» дейді.

Бірақ, жеңілдік – аят пен хадистегі өзге бұйрықтар мен тыйымдарға қарамақайшы болып қалмау керек. Егер, жеңілдік аят пен хадиске теріс келсе, одан өзге жолы қарастырылады. Мысалы, үйлене алмай жүрген мұсылман жігітке ол жағдай белгілі қиындықтар тудырары анық, алайда ол қиындықты кетіру үшін «зина жасауға болады» деп айтсақ, бұл – аят пен хадистегі тікелей тыйымқа теріс келмек.

Сондай-ақ, жоғарыдағы «машақат (қиындық) – жеңілдікті тудырады» деген ережедегі «машақат» сөзі – шариғи бұйрық-тыйымдардан тыс қиындықты білдіреді. Ал шариғи бұйрық немесе тыйымдардан туындайтын белгілі дәрежедегі қиындықтар – аталмыш қағида аясына кірмейді. Мысалы, Алла жолындағы күрес, кейбір ауыр күнәға берілетін жазалар, зина жасағаны үшін дүре соғылу, қылмыскерлерді құрықтау, күн ыстықта ораза ұстау, білім іздеу, құран жаттау деген сияқты шариғи үкімдердегі қиындықтар жатпайды. 

Ережеге шариғаттан мысалдар:

  • Жолаушының намазының қысқаруы. Жолаушылық қиындық тудыратындықтан шариғат жолаушы адамға жеңілдіктер таныған. Мысалы, Рамазан айында ораза ұстамауына рұқсат, төрт рәкәғат парыз намазын екі рәкәғатқа қысқартып оқиды, жолаушы кезде сүннеттерді оқымаса болады, жолаушы адам жұма намазына бару міндетінен босатылады, жолаушы кезде жерде оқи алмаған мұсылман намазды көлікте оқиды т.б.

  • Сырқаттық кездегі жеңілдіктер. Мысалы, намазды тұрып оқу қиынға соққан науқас намазын отырып оқи алады, отырып оқи алмайтын науқас жатып оқиды. Сырқаты асқынып кетеді деп қорықса, дәретті сумен алудың орнына таяммум соғуына рұқсат етіледі т.б.

  • Күннің суықтығы себепті таяммум соғу. Күннің суықтығы себепті ауырып қаламын деген ойы басым болса, ғұсылдың орнына таяммум соғуына дініміз рұқсат етеді. Мысалы, қыс мезгілінде аязды кезде, ғұсыл құйынуға мүмкіндігі жоқ мұсылман ғұсылсыздықтан құтылу үшін таяммум соғу жеңілдігін пайдалана алады.

  • Төсектен тұра алмайтын кісі дәрет алдыратын ешкімі болмаса, таяммум соғып төсегінде жатқан күйі ишарамен оқиды.

  • Рамазанда ораза ұстауы қиынға соққан қарт кісі, ораза ұстаудан босатылады, оның орнына әр күні үшін фидия беріп тұрады.

  • Мұсылман әйелді босандырар әйел акушер табылмаса, амал жоқ еркек акушер босандырады.

  • Жолда ішетін суы ғана қалса, таяммум соғады.

  • т.б.


Пайдаланған әдебиеттер: 
Иззуддин Абдуссаләм (р.а.): "Қауаъидуь ахкәм фи исләхиль әнәм". 
Ахмед ибн Мұхаммед Зарқа: "Шәрхуль Қауаъидиль Фиқһия". 

 

0 пікір