Көп жерде «діндар адамдар ғылымнан алыс» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл – шындыққа мүлде жанаспайтын пікір. Өткен тарихқа көз салсақ, ислам әлемінің әр өңірінде білім орталықтары ашылып, онда ғылым дамып, түрлі салаларда ғылыми жаңалықтар жасалғанын көреміз. Сол жетістіктер кейін Батыс елдеріндегі ғылымның өрлеуіне үлкен әсер етті. Бұл мақалада біз әлемдік ғылымға жол ашқан бес мұсылман ғалымын еске салмақпыз.
Әл-Хорезми
Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми ( шамамен 783–850 ) — алгебра ғылымының негізін қалаған ұлы ғалым. Ең бірінші болып «нөл» санын қолданған да – осы кісі. Алгебраны жеке ғылым ретінде қалыптастырып, сызықтық және квадрат теңдеулерді шешу жолдарын жүйелеп берді. Сондай-ақ синус, косинус, тангенс, котангенс сияқты тригонометриялық кестелерді жасап шықты.
Әл-Хорезмидің еңбектері араб тілінен латыншаға, одан кейін еуропалық тілдерге аударылып, көптеген оқу құралдарының негізіне айналды. Оның еңбектері Ренессанс дәуіріндегі ғылымның дамуына да, Шығыс пен Батыстың ортағасырлық ойшылдарына да зор ықпал етті.
Ғалымның ең белгілі еңбектерінің бірі – «Әл-джәбр мен әл-мукабала жөніндегі қысқаша кітап» атты еңбегі. Оның бұл еңбегі математика ғылымының дамуына елеулі рөль ойнады. «Алгебра» деген сөз де осы «әл-джәбр» сөзінен шыққан.

Жәбир (Габер)
Жәбир ибн Хайян ( шамамен 721–815 ) – қазіргі химия ғылымының атасы. Оған дейін химия әртүрлі қолөнерге қатысты шашыраңқы білімдерден ғана тұрса, Жәбир оны ғылыми деңгейге көтеріп, жүйелі ғылымға айналдырды. Ол көптеген тәжірибелер жасады, заттардың қалай алынатынын, бір-бірімен қалай әрекеттесетінін түсіндірді. Сондықтан оны «барлық химиктердің ұстазы» деп атайды.
Ол көптеген қышқылдарды анықтады, дистилляция, буландыру, кристалдандыру, сүзу сияқты процестерді жетілдірді. Тіпті John Dalton-ның теориясынан он ғасыр бұрын химиялық байланыстың үлгісін ұсынған.
Бүгінгі технологияның мүмкіндіктерін назарда ұстап айтқанда: 1250 жыл бұрын өмір сүрген Жәбир - өз дәуірінен әлдеқайда озық болып туылған ғалым болғандығын түсінеміз.

Әз-Захрауи
Әз-Захрауи (Альбукасис) (936–1013) – орта ғасырдың ең атақты хирургі. Ол ғасырда хирургия өнерінде одан озат болған ешкім жоқ еді. Пирогованы анестезияның пионері ретінде есептейтін болса, Захрауи алғаш рет абдоминальдық хирургияда және тері асты тігістерде кетгут жібін қолданған ғалым. Кетгут – қойдың ішегінен жасалатын, адамның денесінде өздігінен еріп кететін жіп.
Сонымен қатар ол жамбас аймағына операция жасағанда науқасты жатқызып ота жасауды алғаш енгізді. Захрауи көз хирургиясында катарактаны алу тәсілін толық суреттерімен бірге суреттеп жазған алғаш әрі әзірге жалғыз ғалым.
Әз-Захрауи 150-ден аса хирургиялық құрал ойлап тапты. Шприц, қысқыш, ілмек, сүйек кесетін ара — барлығы осы ұлы ғалымға тиесілі.
Оның «Китаб ат-тасриф» атты 30 томдық энциклопедиялық еңбегі Еуропада бес ғасыр бойы хирургияның басты оқулығы болып келді.

Әл-Хайсам
Ибн әл-Хайсам (965–1039) – оптика ғылымының негізін қалаушы, Батыс елдеріне Alhazen атымен танымал ғалым. Ол жарық табиғатын зерттеп, көздің құрылымын ғылыми түрде түсіндірді. Платон мен Евклидтің «көзден сәуле шығады» деген пікірін жоққа шығарып, көру процесі — сырттан көзге түскен жарық арқылы болатынын дәлелдеді.
Бинокулярлық көруді (екі көзбен көру) ғылыми түрде түсіндірген де – осы кісі. Хрусталиктің шыны және кристаллдан жасалған модельдерін жасап, екі беті дөңес линзалар арқылы көруді түзету идеясын ұсынған да сол. Яғни көзілдіріктің алғашқы идеясы осы ғалымнан бастау алады.
Оның «Оптика кітабы» 600 жыл бойы Шығыс пен Батыс елдерінде негізгі еңбек ретінде қолданылып келді.

Әл-Джазари
Әбу әл-Изз Исмаил ибн ар-Раззаз әл-Джазари (қайтыс болған жылы 1206) – инженерлік ойдың данышпаны, «Арабтардың да Винчиі» атанған ғалым.
Әлемдегі ең маңызды механикалық жаңалықтардың бірі – коленчатый вал (иінді білік) – осы ғалымның өнертабысы.
Өзінің «Ақылды механикалық құрылғылар туралы кітап» («Китаб фи марифат әл-хиял әл-хандасийя») атты еңбегінде ол шамамен елуге жуық механизмнің құрылысын сипаттап жазды. Олардың ішінде сағаттар, кодтық құлыптар, тіпті роботтар да бар. Шын мәнінде, ол кибернетиканың негізін қалағандардың бірі болды.
Әл-Джазари адамға ұқсас төрт робот жасаған ғалым. Ол оларды қайыққа отырғызып, барабан мен цимбалда ойнайтын етіп құрастырған. Сонымен бірге ол музыкалық автоматтар, кодпен ашылатын құлыптар, екі тактілі клапанды сорғылар, су көтеретін құрылғылар, су сағаттары мен түрлі фонтан жүйелерін жасап шыққан.
Сондай-ақ Әл-Джазаридің еншісінде мынадай техникалық жаңалықтар бар:
– ағашты ламинаттау;
– қағаздан масштабты үлгілер жасау;
– қозғалтқыш бөлшектерін корундпен тегістеу;
– металл есіктерді жасау;
– кез келген ендікте қолдануға болатын әмбебап күн сағатымен біріктірілген компас;
және басқа да көптеген жаңалықтар.
Дереккөз: islam.ru