Ислам құқығы (Фиқһ) тарихында сахабалар арасындағы ғалым-фақиһтерінің діни үкім шығару (ижтиһад) әдісі ерекше орын алады. Олар, әділ халифалардан бастап Ибн Масғұд, Ибн Аббас, Ибн Омар, Айша және Муғаз ибн Жәбәлге дейінгі ұлы тұлғалар, үкімдердің тек сыртқы пішініне ғана емес, олардың астарында сақтаулы тұрған негізгі себептерге (илләт) және жалпы көзделген игілікке (масалих) терең мән беруші еді.
Сахабалардың фиқһтық талдауында Шариғаттың жалпы мақсаттары мен міндеттері басты назарда болды. Атап айтқанда, Олар:
-
Жекелеген (бөлшек) мәтіндерге қатты беріліп, осы жалпы мақсаттарды назардан тыс қалдырмаған.
-
Керісінше, жекелеген мәселелерді жалпы қағидалармен байланыстырып, егжей-тегжейлі үкімдерді негізгі қағидаттармен ұштастырған.
-
Осылайша, үкімдерді Шариғат мақсаттарымен байланыстырып шығарғандықтан, олар буквализмнен (қатып қалушылықтан) аулақ, терең әрі икемді түсінік қалыптастырған.
Мысал. Зекетті ақшалай құнымен төлеу (қима)
Сахабалардың ұстанымдарының шариғат мақсатына бағытталғандығының бір айғағы — зекетті заттай емес, оның ақшалай құнымен төлеу мәселесі.
Мұғаз ибн Жәбәлді (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Йеменге әрі мұғалім, әрі қазылық етер әкім етіп жібергенде, одан байлардан зекеттерін алып, кедейлерге беруді тапсырған еді. Және де малдың зекетін алғанда (мал, егіс т.б.) тым қымбат әрі өте бағалы малдарынан алуды емес, орташасынан алуды ескертті – аса жақсысынан да емес, тым нашарынан да емес. Әрідесе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Астықтан астық, қойдан қой малы, түйеден ұрғашы түйе, сиырдан ұрғашы сиыр алуды айтқан еді». (Әбу Дәуід, «сүнән»). Алайда, Мұғаз ибн Жәбәл (радияллаһу анһ) сахабалардың ішіндегі халал мен харамды ең жақсы білушілердің бірі болған Ол (р.а.) Алла елшісінің (с.а.у.) сөзін, яғни, «астықтан тек астық ал...» деген хадистің беткі мағынасына қатып қалмай, «Зекет» ұғымының түпкілікті мақсаты мен мәніне үңіліп: «Маған зекетке (астық, мал) орнына киім-кешек (мата) немесе оның құнын әкеліңдер. Бұл сендерге жеңіл, ал Мәдинадағы мұһажирлерге пайдалы" деген еді.
Муғаздың бұл әрекеті зекеттің басты мақсатын көрсетеді, ол — байдың малын тазартып, мұқтаждардың қажетін өтеу екендігін назарда ұстап, сол мақсаттың орындалуы керек екенін дәлелдеді. Сондықтан да, бүгінде егер зекетке берілетін дүниенің ақшалай құны төлеушіге жеңіл, әрі алушы мұқтажға тиімдірек болса, осы қағида басшылыққа алынғаны жөн (яғни, зекеттің құнын беру ережесі).
Бұл көзқарасты кейіннен Имам Әбу Ханифа, Имам әс-Сәури және Хасан әл-Басри сияқты ғұламалар қолдап, оны Пайғамбардың көздеген мақсаты мен Мұғаздың тәжірибесіне негіздеді.
Тағы бір мысал Әзіреті Омардың ісі.
Шариғаттың мақсаттық икемділігінің ең маңызды үлгісі — Халифа Омар әл-Фаруқтың (радияллаһу анһ) "Әл-Ақила" үкімін (әл-ақила - байқаусызда адам өлтіргенде құн төлеуге жауапты топ) өзгертуі.
Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) заманында құн төлеу міндеті рулық байланысқа ("Асабийя") негізделген еді. Алайда, Омардың кезінде бұл рулық байланыстар әлсірегендіктен, ол "Әл-Ақила" жүйесін мемлекеттік қарауына (Диуанға) ауыстырды. Яғни, үкімнің себебі (илла) өзгергендіктен, үкімнің формасы да өзгерді. Әзіреті Омардың бұл әрекеті Мұхаммед пайғамбарға қарсы шығу емес, керісінше Мұхаммед пайғамбардың бұйрығының түпкі мақсатын біліп, ұққандықтан сондай амалға барып отыр.
Омардың бұл шешімінің себебі:
1. Мақсатты сақтау: Пайғамбардың негізгі мақсаты — қылмыс жасаған адамға қолдау көрсету және оған жәрдем беру болған.
2. Себептің өзгеруі: Рулық "Асабийя" (қолдаудың негізі) әлсіреген соң, үкімнің формасы да өзгертілді. Диуан (мемлекеттік қауымдастық) сол заманда жаңа қолдау көзі болды.
Мәзхаб ғалымдары Әзіреті Омардың бұл шешімі төңірегінде әртүрлі жолды ұстанды, бірі құптап Әзіреті Омардың байламын құп көрсе, тағы біреулері хадистің беткі мағынасын негізге алды. Ханафи ғалымдары бұл үкімде Алла елшісінің (с.а.у.) көздеген мақсатын назарға ұстай отырып, Әзіреті Омардың (р.а.) шешімін дұрыс көрді.
Бұл қағиданы қазіргі қоғамға қолдансақ, "Әл-Ақила" рөлін енді рулық байланыстар емес, ортақ жауапкершілік жүктелген "кәсіби одақтар" немесе кәсіби қауымдастықтар атқаруы мүмкін деген пәтуаға келдім. Мысалы, егер дәрігер қателікпен біреудің өліміне себепші болса, оның құн төлеуге көмектесетін "Ақиласы" оның дәрігерлер одағы болуы мүмкін. Өйткені, дәл осы топтар қазіргі таңда бір-біріне қолдау, көмек пен жәрдем көрсететін басты бірлестіктерге айналған1.
1Доктор, шейх Юсуф әл-Қардауи: «Диросәту фи фиқһы мақосидиш шариъа (Шариғат мақсаттарының құқықтық талдауы)» 79-83 беттер арасы. Ықшамдап алынды. Қазақшалаған islam.kz