Ислам заңында мынадай қағида орын алған:
«ما حرم فعله حرم طلبه»
«Істеуі харам болғанды, өзгеден сұрау да, талап ету де харам!»
Түсіндірмесі:
Шариғат заңы бойынша харам болып есептелетін әлдебір істі, өзі істемесе де, өзгеден сол істі істеуді сұрау немесе талап ету сол сияқты харам, ауыр күнә болмақ.
Тура сол секілді, мәкруһ болған істі өзгеден талап ету де мәкруһ.
Сондай-ақ, әлдебір харам іске үнсіз қалу да харам. Мәкруһ іске үнсіз қалу мәкруһ(1).
Мысалы:
Кредит алуға болмайтыны секілді, өзгеден алып беруді сұрау, не, талап етуге де болмайды.
Процентке қарыз беру харам болғаны секілді, өзгеден процентке қарыз сұрау да харам.
Нақақ адам өлтіру харам болғаны секілді, өзгеден нақақ өлтіруді сұрау да харам.
Біреуді алдап, айлакерлікке бару, ұрлау, пара беруге болмайтыны секілді, өзгеден де бұл істерді істеуді сұрауға болмайды.
Кісінің дүниесіне зақым келтіру харам болғаны секілді, өзгенің қолымен зақым келтіру де харам.
1) Шейх Ахмед Зарқа: «Шархуль Қауаиъидиль Фиқһия», 34 қағида түсіндірмесі. 217 бет.