"Мұғалләқ" хадистер (Хадис ғылымы)
"Мұғалләқ" хадистер (Хадис ғылымы)
12 ай бұрын 2444
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Хадистер сенімділігі жөнінен немесе амал етіліп, амал етілмейтіні жөнінен төртке бөлінеді: сахих, хасан, әлсіз және жалған хадистер. Соның ішінде хадистердің "әлсіз хадис" үкімін алуының бір себебі - сәнәдінің (риуаятшылар тізбегінің) «үзік» болуы.

Анығырақ айтқанда, хадистер «сәнәд» және «мәтіннен» тұрады. Сәнәд дегеніміз, хадисті жеткізуші кісілердің (яғни, риуаятшылардың) есімі орын алған тізбек. Мәтін дегеніміз, хадистің негізгі бөлігі. Хадистер сәнәдіндегі, яғни, риуаятшылар тізбегіндегі бір немесе бірнеше буын риуаятшының аты аталмай қалуы себепті (оны хадис ғылымында «риуаятшының түсіп қалуы» дейді, ол өз ішінде «ашық» және «жасырын» болып бөлінеді) «әлсіз хадис» үкімін алады. 

Ендігі жерде, хадистің сәнәдінде (хадис жеткізушілердің тізбегінде) бір немесе бірнеше риуаятшының түсіп қалуына қарай әлсіз хадистер төртке бөлінеді екен, олар: Мұғалләқ, мүрсәл, мұъдаль және мұнқатыйъ. 

Бүгінгі әңгімеміз «мұғалләқ хадистер» түріне қатысты.

"Мұғалләқ" хадистер 

«Мұғалләқ» сөзінің тілдік мағынасы: «асып қойылған», «бір нәрсеге байланып, ілініп қойылған» деген ұғымдарға саяды.

Ал хадис ғылымындағы анықтамасы: сәнәдтің басынан санағанда бірден көп риуаятшылардың аттарының айтылмауы.

Қарапайым тілмен тарқатып айтар болсақ: Имам Бұхари, Имам Мүслім, Әбу Дәуід сияқты атақты хадис жинағы кітаптарының авторлары өздерінің «жинақтарында» хадистерді міндетті түрде «сәнәдімен» бірге, яғни, хадисті жеткізуші кісілердің есімдері орын алған тізбегімен бірге қосып келтірген. Бірақ, ара-арасында бірлі-жарым хадисті хадис жеткізушілердің есімдерін атамастан бірден «Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген» немесе "сахаба была деген" деп келтіргендіктері де кездеседі. Міне, хадистің сәнәдін толық ұсынбай келтірген хадис түрін Хадис ғылымында «мұғалләқ хадис» деп атайды.

Мұғалләқ хадис, кейде хадисті жеткізушілері мүлдем аталмай «Пайғамбар былай деген» деп басталуы мүмкін, кейде тек «сахабаның» ғана есімі аталып, одан кейін «Пайғамбар былай деген» деу арқылы да көрініс табуы мүмкін, ал кейде табиғин мен сахабаның есімдері айтылып, одан кейін «Пайғамбар былай деген» деп те көрініс тауып жатады. Мысалы, Имам Бұхаридің «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағында автор, яғни, Имам Бұхари мынадай сәнәдсіз хадис келтіреді:

«Сахаба Әбу Мұса (әл-Ашғари) айтқан: «Осман кірген кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі тізесін жапты» деп».

Осы хадиске қарасақ, Имам Бұхари аталмыш хадистің сәнәдін толық айтпай, тек «Әбу Мұса былай деген» деп, риуаятшылар тізімінің арасынан сахабаны ғана атап, қалған риуаятшыларды атамаған. Міне, Имам Бұхаридің кітабында келтірген аталмыш хадис «мұғалләқ хадис» түріне жатады.

«Мұғалләқ хадистер» қабыл етіле ме?

Жалпы алғанда «Мұғалләқ хадистер» қабыл етілмейтін хадистер қатарынан, яғни, әлсіз хадистер қатарынан. Өйткені хадистің қабыл етілу шарттарының бірі - сәнәдінің үздіксіз болуы, ал мұғалләқ хадис түрлерінде бұл шарт жойылып отырғандықтан, ондай хадис "мәрдүд", яғни, қабыл етілмейтін хадис болмақ. Себебі, хадис жеткізушілердің есімі аталмағандықтан олардың кім екендіктерін біз білмейміз, бұл болса хадистің сахихтығына күмән тудырады. Сондықтан да, жалпы алғанда Хадис ғылымында «Мұғалләқ хадистер» қабыл етілмейді.

Алайда, «Сахих Бұхари» мен «Сахих Мүслім» сияқты «сенімді» хадис жинақтарындағы «мұғалләқ хадистердің» орны бөлек. Ондай сенімді хадис жинақтарында орын алған «мұғалләқ хадистер» егер «айтты», «тілге алды», «әңгімеледі» деп, нақты сөздер арқылы келтірілген болса, ондай «мұғалләқ хадистерге» «сахих» деген байлам жасалады дейді хадисші ғалымдар. Жоғарыдағы мысалдағы «Әбу Мұса айтты...» деп басталған хадис осыған мысал бола алады.

Ал егер сенімді жинақтағы "мұғалләқа хадистер": «айтылды», «тілге алынды», «әңгімеленді» деген нақтылықты білдірмейтін сөздер арқылы келтірілген жағдайда, ондай сипаттағы мұғалләқ хадистер "сенімді" дереккөзде орын алса да, сахих та болуы мүмкін, хасан да, әлсіз де болуы мүмкін. Оның нақтылығына көз жеткізу үшін "сәнәдін" іздестіру керек, соған қарай нақты үкімін беруге болады1.

Қорыта айтқанда, «Мұғалләқ хадистер» хадис ғылымында қабыл етілмейтін күмәнді хадистер қатарынан, бірақ «Сахих Бұхари» т.б. сол сияқты «сенімді» хадистер жинақтарында орын алған «Мұғалләқ хадистер» басқа, олар «сенімді» дереккөзде орын алғандықтарынан олардың сахих болу ықтималдылығы басым. Дәлірек айтқанда, ондағы: «айтты», «әңгімеледі», «тілге алды» деген сияқты нақты сөздерді қолдана отырып келтірілген «Мұғалләқ хадистер» - сахих, ал «айтылды», «әңгімеленді», «тілге алынды» деп келтірілген «Мұғалләқ хадистер» қосымша зерттеуді керек етеді. 

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Махмұд Таххан: «Тәйсиру Мұсталахиль хадис». «Мәктәбәтуль Мәъәриф», Рияд. 2010 жыл. Араб тілінде.

0 пікір