«Намаз оқымаса кәпір ме?»: Имам Шәфиғи мен Имам Ахмедтің арасында өткен пікір талас
«Намаз оқымаса кәпір ме?»: Имам Шәфиғи мен Имам Ахмедтің арасында өткен пікір талас
2 ай бұрын 2233 islam.kz/
Абдусамат Қасым

«Имандыға ғибадат парыз» деп Абай атамыз айтып кеткендей, намаз оқу мүмін-мұсылманға парыз айн, оны орындамау өте ауыр күнә. Тіпті намаз оқымаған мұсылман кәпір болып, діннен шыға ма, деген сауал ертеректегі ғалымдарды аз мазаламаған. Мұның өзі намаз құлшылығының қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. "Намазды тастап қойған мұсылман діннен шығып, кәпір болады" деп айтқандар ертеректе де болған. Олар намаздың діндегі маңыздылығына қарай отырып және кейбір риуаяттардың тікелей мағынасын қабылдай отырып, сондай байламға келген еді. Десе де, Әбу Ханифа, Имам Шәфиғи, Имам Мәлік сынды сәләф салихин ғалымдарының көпшілігі намаз оқымай қойған мұсылманды кәпірге шығаруға келіспеген. Ондай мұсылманды «күнәһар», «пасық» деп сипаттаған. Мәселен, Әбу Ханифа радияллаһу анһу намазды тәрк еткен мұсылманға қатысты: "намаз оқымайтын мұсылманды тұтқындап, намазды қайта бастағанша қамауға алынады" деген үкім айтады.

Төменде Имам Ахмед пен Имам Шәфиғидің арасында өткен қысқа бір әңгімені бере кетелік. Бұл әңгімені ғалым Имам Сүбки кітабында келтірген екен. 

Имам Шәфиғи мен Имам Ахмед замандас болғанымен, Имам Шәфиғидің жасы үлкен және Ол Имам Ахмедке ұстаздық қылған. Екеуі де дін ғұламасы, екеуі де дін жолында көп еңбек сіңірген қайраткерлер, екеуінің де діндарлығы мен тақуалығында шүбә жоқ. Имам Шафиғи Бағдат қаласында жүргенде Имам Ахмед оның дәрістеріне қатысып, оған шәкірт болған. Имам Ахмед те дін ілімінде қара жаяу емес еді. Оның бір ғана "мүснәд" атты хадис кітабына 40 мыңға жуық хадис жинақтағанына қарап-ақ Имам Ахмедтің ілімінің деңгейін шамалай беруге болады.

Бұл қос ғұламаның арасында намазды тастап қойған кісінің үкімі жайында мынадай диалог өтіпті:

Имам Шәфиғи (р.а.):

- Уа, Ахмед! Намазды тастап қойған мұсылманды кәпір деп айтасың ба? – деп сұрайды.

- Иә, - деп жауап береді Имам Ахмед (р.а.).

- Кәпір болғаннан кейін, ол қалай мұсылман бола алады? – деп сұрайды Имам Шәфиғи (р.а.).

- Кәлиманы айтып мұсылман болады: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед Алланың расулі», - деп жауап береді Имам Ахмед.

- Ал кісі осы сөзді тастамай айтып жүрген болса? – деп сұрайды Имам Шәфиғи (р.а.).

- Ол намаз оқумен қайта мұсылман болады, - деп жауап береді Имам Ахмед (р.а.)

Сонда Имам Шафиғи:

- Кәпірдің намазы саналмайды. Намаз оқығаны үшін оған (кәпірге) мұсылман болды деп үкім айтылмайды ғой, - деген екен. Имам Ахмед үндемеген екен(1).

Яғни, Имам Шәфиғидің айтпағы: сіз бір адамның кәлиманы тастамай айтып жүрсе де намаз оқымайынша мұсылман саналмайды деп отырсыз, олай болса кәпірдің намазы қалай қабыл болмақ? Ол кәпір күйінше намазға бастаған болып отыр емес пе? - деп отыр. Имам Шәфиғидің бұл сөзіне Имам Ахмед үндемеген екен. Өйткені, әңгімені әрі қарай жалғастыру, тек шыға алмас тығырыққа алып келерін түсінген еді.  

(1)Саид Сәбиқ: «Фиқһус сүннә». Намаз тарауы.

0 пікір