Намаздың ішкі мұстахабтары қандай?
Намаздың ішкі мұстахабтары қандай?
2 ай бұрын 1056
islam.kz

Мұстахаб дегеніміз – намазда жасалуы құпталатын, бірақ істелмеген жағдайда намазға зияны болмайтын «ұнамды» амалдар. Бұларды «намаздың әдептері» деп те атайды. Басқаша айтқанда: Алла елшісінің (с.а.у.) кейде істеп, кейде істемеген амалдары. Мысалы, рукуғ пен сәждедегі тәспихты үш реттен көп айту т.б. Мұстахаб амалдар намаздың сүннетін толықтырушы қызмет атқарады.

Ханафи ғалымдары (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен хадистерді саралай келе, намаздың ішкі мұстахабтарын былай тізіп өтеді:

  • Намазға бастайтын адам жүрегін туралап, Алланың құзырына шығамын деген ойда болуы тиіс. Мұны «хушуъ» дейді.

  • Тәкбір әт-ихрам аларда ер адам қолын жеңінен шығарғаны абзал (бірақ суық күнде басқаша). Әйел кісі керісінше, білегін ашып алмау үшін алақандарын жеңімен жабады, мұстахаб).

  • Тәкбір тахримада бас бармақты құлақ сырғалығына тигізу (Қолды құлақ сырғалығының тұсына көтеру сүннет, ал бас бармақты құлақтың сырғалығына тигізу мұстахаб). 

  • Оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астына байлау. (Намазда қол байлау – сүннет, ал кіндік астына қою – мұстахаб).

  • Намазда көзін сәжде жасайтын жерге қарату.

  • Рукуғда көзін аяқ ұшына қарату.

  • Сәждеде мұрнының ұшына қарау.

  • Рукуғтағы және сәждедегі зікірлерді үш реттен көп айту.

  • Отырғанда тізесіне (немесе құшағына) қарау.

  • Сәлем берерде оң иыққа және сол иыққа қарау.

  • Есінегісі келгенде аузын ашпау. Аузын ашпауға шамасы келемесе сол қолымен  аузын жабу (қиымда он қолымен, қалған кезде сол қолымен жабады). 

  • Шамасы келгенше жөтелуді тежеу. Өйткені намазды бұзатын нәрседен сақтану қажет. Себебі егер ол (жөтел) үзірсіз, яғни, еріксіз болса және одан әріптер пайда болса, намазды бұзады. Кекіру де сол сияқты - лаж болса тежеген мұстахаб.

  • Есінегенде ауызды ашпау. Егер оған шамасы жетпесе, онда оны алақанымен немесе жеңімен жабу. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Намазда есінеу – шайтаннан. Егер біреуің есінесе, шамасы келгенше тежесін». (Тирмизи, «Сүнән»).

  • Қамат айтушы «Хайя аляль фәләх» дегенде жамағат орнынан тұру.

  • Қаматтың «Қод қоматис-саләһ» деген сөзінде имам болып тұрған кісі "Аллаһу әкбар" деп намазын бастау (Әбу Ханифа бойынша осылай. Ал екі шәкірті «қамат» толық айтылып біткен соң бастайды деген).

  • Намаз оқушы өзінің алдына сутра (бөгет) қою. Өйткені Абдулмәлик ибн Рабиғ ибн Сабра өз әкесінен, ол өз атасынан жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Сендерден біреуің намаз оқыса, намазы үшін алдына, тіпті жебе болса да, қойсын». (Имам Ахмад, «Мүснәд»).

Сутраның мәні мынада:
а) Намаз оқушының назарын сутрадан әргі жақтағы нәрселерге аудармай, жүрегіне «хушуъ» халін тудыру.
б) Өткісі келген адамдардың өтуіне жағдай жасау, олардың жолын бөгемеу үшін. Өйткені Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Сендерден біреуің намаз оқыса, алды жағына бір нәрсе қойсын. Егер ештеңе таппаса, бір таяқ қадасын. Егер таяқ та болмаса, жерге сызық сызсын. Содан кейін алдынан өткен ештеңе оған зиян тигізбейді». (Әбу Дәуід, «Сүнән»).


Нәжәх Хәләби: «әлФиқһуль Ғибадәт аляь Мәзхәбиль Ханафи». Намаз әдептері. ; Самарқанди: «Тухфәтуль Фуқаһа».; Суғди: «ән-Нәтф филь Фәтәуә»; Өмер Нәсухи Білмен: «Илмихал».

 

 

 

0 пікір