الَّذِينَ هُمْ يُرَاءُونَ
"Олар – (намаздарын) көрер көзге оқиды".
Аят түсіндірмесі (тәпсірі):
Бұл аятта Алла Тағала ғибадатын адамдарға көрсету үшін, яғни рия (көзбояушылық) үшін орындайтындарды сипаттап отыр. Мысалы, адам намазды Аллаға мойынсұнғаны үшін емес, «анау намаз оқиды екен» десін деп, жұрттың көзінше оқиды.
Рияның негізгі мағынасы – діни ғибадат арқылы дүниелік пайданы (мысалы, адамдардың мақтауын, құрметін) көздеу. Оның түпкі мақсаты – діндар боп көріну арқылы адамдардың жүрегінен орын алу.
Ибн Арабидің (р.а.) айтуы бойынша Рияның бірнеше түрі бар:
- Сыртқы келбетпен рия жасау: Абырой мен мақтауға ие болу үшін өзін тақуа, діндар етіп көрсету.
- Киіммен рия жасау: Дүниеден безген адам болып көріну үшін әдейі қысқа немесе ескі-құсқы киім кию.
- Сөзбен рия жасау: Дүниеге қызыққан адамдарды сынап, үнемі уағыз айтып, сауапты істер мен көп құлшылық жасау мүмкіндігін өткізіп алғанына өкінгендей болып көріну.
- Іс-әрекетпен рия жасау: Басқалар көрсін деп намаз оқу, садақа беру немесе адамдар қарап тұрғанда намазды әдемілеп, ұзақ оқу.
Маңызды ескерту: Парыз амалды жария орындау рия бола ма?
Жоқ, егер адам парыз (міндетті) ғибадатты ашық орындаса, ол рия жасаушы болып саналмайды. Керісінше, парыздарды жария түрде орындау – Исламның белгілері мен діннің рәміздерін көрсетуболып табылады. Себебі парызды орындамаған адам сөгіске лайық. Сондықтан оны ашық орындау арқылы адам өзіне айтылатын жаман сөзден, күмәннан арылады.
Ал нәпіл (қосымша) ғибадаттарға келетін болсақ, оны жасырын жасаған абзал. Өйткені оны жасамасаң, ешкім сөкпейді. Бірақ, егер адам басқаларға үлгі болсын деген ниетпен нәпіл ғибадатты жария жасаса, бұл – өте көркем іс.
Нағыз рия деген не?
Нағыз рия – бұл діни амалды «жұрттың көзі түссін, сосын олар мені тақуа деп мақтасын» деген ниетпен жария жасау.
Мәселен, бірде бір кісі мешітте бір адамның шүкір сәждесін ұзақ жасап жатқанын көріп: «Мынауыңды үйіңде жасағаныңда қандай жақсы болар еді!» – деген екен. Ол мұны неге айтты? Себебі, әлгі адамның ниетінде рия мен атаққұмарлық бар екенін сезген1.
Жасырын жасалған ізгі амал елге білініп қалса, рия бола ма?
Егер адам бір игі істі тек Алла разылығы үшін (жасырын) жасаса, бірақ кейіннен оны басқа адамдар біліп қалып, бұған оның көңілі марқайып, қуанып қалса, бұл – рия болып саналмайды. Бұған дәлел ретінде Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен мына хадис, Ол (р.а.) былай дейді:
«Бірде мен, намаз оқып жатқан едім, бөлмеге бір адам кіріп келді. Оның мені көргеніне іштей қуанып қалдым. Кейін осы жағдайды Алла Елшісіне (с.ғ.с.) айтқанымда, ол: «Саған екі сауап жазылды:жасырын жасағаныңның сауабы және жария болғаныңның сауабы», – деді». (Бұл хадис осы нұсқасы «ғариб хадис» саналады, риуатшы Саъид ибн Бәшир орташа адам. Оның Аъмаштан жеткізген риуаяты «ғазиз хадис», басқалары да одан алып риуаят етті. Ибн Кәсир).
Осы мағынаны қуаттайтын тағы бір хадисте бір кісі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай деп сұрайды: «Уа, Алланың Елшісі! Адам бір амалды жасырын істейді, бірақ ол ісі басқаларға мәлім болған кезде, бұған іштей қуанады. Бұл қалай болады?» дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оған екі сауап бар: жасырын істегенінің сауабы және жария болғанының сауабы», – деп жауап берген екен. (Бұл хадисті атақты ғұламалар әт-Тирмизи мен Ибн Мәжа да риуаят еткен).
«Намаздарына салғырттық танытатындар» деген кімдер?
Бұл сұрақ алдыңғы аятқа қатысты. Тәпсіршілер бұл туралы бірнеше хадисті келтіреді:
1) Бір хадисте «намаздарына салғырттық танытатындар» жайлы аят түскенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла ұлы! Бұл аят сендердің әрқайсыңа бүкіл дүние берілгеннен де қайырлы. Ол – намаз оқыса, оның жақсылығынан үміт етпейтін, ал оны тастап кетсе, Раббысынан қорықпайтын адам» деп сипаттаған. (Алайда, риуаятшылар арасында Жәбир Жәъфи деген кісі бар, ол әлсіз риуаятшы, оның шейхі белгісіз, есімі тілге алынбаған. Аллау аъләм. Ибн Кәсир).
2) Саъд ибн Әби Уаққас (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «намаздарына салғырттық танытатындар» деген аят туралы сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Олар – намазды өз уақытынан кешіктіріп оқитындар», – деп жауап берген. Оған қатысты Саъд былай дейді: «Мен «намаздарына салғырттық танытатындар» деген аят жайында Алла елшісінен сұрадым. Сонда Ол (с.а.у.): «Олар – намазды уақытынан кешіктіретіндер!» деп жауап берді».
Алла елшісінің (с.а.у.) «Намазды уақытынан кешіктіру» деген сөзі мына мағыналарды білдіруі мүмкін:
-
Намазды толығымен тастап кету.
-
Намазды уақыты шығып кеткеннен кейін оқу.
-
Намаздың уақыты кірген бойда оқымай (яғни, мұстахаб уақытында оқымай), салғырттық танытып, уақытты әуелгі сәтінен кешеуілдетіп оқу2.
1Имам Құтуби (р.а.): «Тәфсиру Құртуби» - Мәъун сүресінің тәпсірі.
2Ибн Кәсир (р.а.): «Тәфсиру Ибни Кәсир» - Мәъун сүресінің тәпсірі.
islam.kz