Қасиетті Құран Кәрім — Ислам дінінің бас кітабы, Тәңірдің сөзі. Ол сүрелер мен аяттардан тұрады. Мұсылман үмбеті үшін Құранды 610 жылы Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарға ﷺ түскен иләһи нұр, хақтың жолы мен даналықтың қайнар көзі болып табылады.
Тарихи деректерге сүйенсек, алғашқы уахи Мекке қаласынан үш шақырымдай жердегі Нұр тауындағы Хира үңгірінде түскен. Онда Мұхаммед пайғамбарға ﷺ Жәбірейіл періште аян беріп, кейіннен Құранның 96-сүресі саналатын сүренің алғашқы жолдарды оқуды бұйырады. Пайғамбарымыз ﷺ оқыды. Содан кейінгі оқиғалар күллі адамзат тарихының бетбұрысына айналғаны баршаға аян.
Бүгінде Құран мұсылман әлемінің рухани темірқазығы ғана емес, ол барлық шығармашылыққа шабыт беретін ұлы бастау. Алайда бұл кітаптың даналығы діни танымына қарамастан, әрбір адамның өмірін ізгілікке қарай өзгерте алады. Құран адамды әлеммен және өзгелермен қарым-қатынас жасаудың биік этикасына баулиды, биязылық пен парасаттылыққа үйретеді, салауатты өмір салты мен тамақтану әдебінің негіздерімен таныстырады. Ендеше, осы қасиетті кітаптың тереңіне үңіліп, одан алар 7 ғибратты дәрісті саралап көрейік.
1. Уақыттың қадірі: Өмірімізді неге жұмсап жүрміз?
Құранның 103-сүресінде: «Заманға серт! Негізінен адам баласы зиянда (қасіретте). Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне ақиқатты үгіттесіп, сабырды насихаттағандар олай емес», – делінген (Құран, 103:1-3).
Егер Құраннан тек бір ғана даналық түйірін алу керек болса, осы аяттың өзі жеткілікті болар еді. Адам баласы өз уақытын қалай пайдаланатыны туралы сансыз кітаптар мен семинарлар жазылғанымен, ең мазмұнды жауап осы аятта жатыр. Адам баласы бұл дүниеден өткенде, артына өзі келгенге дейінгі жағдайдан да жақсырақ дүние қалдыра алса ғана — ол өз уақытын дұрыс пайдаланғаны.
Өмір атты асыл қазынаны игі істер мен мұқтаждарға қол ұшын созуға жұмсау керек. Бір-бірімізге адал болып, сабыр сақтауымыз қажет. Ашуға асықпай, кешірімге бейім болу арқылы біз қоғамдағы қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың тамырына балта шаба аламыз. Егер сіз «өмірімді неге арнаймын?» деп бас қатырсаңыз, жауабы дайын: өміріңізді жақындарыңызға деген махаббатқа арнаңыз.
2. Әрбір қиындық — жаңа бір мүмкіндік
Құранда: «Әлбетте, Біз сендерді аздаған қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктен, жандардан әрі өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді сүйіншіле! Оларға бір қайғы келсе: «Шын мәнінде, біз Аллаға тәнбіз және Оған қайтамыз», – дейді. Міне, соларға Раббылары тарапынан игіліктер мен рақым бар...», – деп баяндалады (Құран, 2:155-157).
Бұл сөздер әрбір сынақтың — адамның өсуіне, кемелденуіне берілген мүмкіндік екенін еске салады. Ерте ме, кеш пе әркімнің басына сынақ келеді. Біреуге жиі, біреуге сирек болса да, бұл талқыдан ешкім айналып өтпейді. Қиындықтан қашудың немесе өзіңді алдаудың мәні жоқ. Нағыз мән — сол қиындыққа қалай жауап қатуыңда жатыр.
Қиындықты сабырмен және жақсылықтан үміт үзбей қарсы алған жан, оның өткінші екенін біледі және міндетті түрде қарымтасын, жақсы сыйын алады. Оның сыйы — үлкен даналық пен өмірлік тәжірибе болуы мүмкін, тіпті материалдық тұрғыда да келуі мүмкін, қалай болғанда да сынақты сабырлықпен төтеп бере алған жан ешқашан құр қалмайды. Құранның басқа бір аятында: «Бір қиындықтан кейін, екі есе жеңілдік бар!» деп сүйіншіленген. («Нашрах» сүресі).
3. Өсек-аяңның деңгейіне түспеңіз
Құранда: «Құлдарыма айт: Ең көркем сөздер сөйлесін. Өйткені шайтан араларына іріткі салады. Шын мәнінде, шайтан адам баласына ашық дұшпан», – делінген (Құран, 17:53).
Өсек-аяңнан артық адам арасына іріткі салатын нәрсе жоқ! Біз көбіне өзгені мұқату арқылы өзімізді жақсырақ көрсетуге тырысамыз. Мұндай тәсілмен абырой жинау немесе айналаңа адам жинау — өткінші нәрсе. Ақырында өсекшінің қасында ешкім қалмайды, өйткені бүгін біреуді жамандаған адам ертең сені де жамандамайтынына кім кепіл? Ақырында өсекшілер ешкімге керексіз күйде жалғыз қалады. Өсек айтылған адам қиянат пен өкпені сезеді.
Ендеше, сіз артыңыздан осындай із қалдырғыңыз келе ме? Сондықтан да, сөзіңіз адамдарды біріктіретін, жігерлендіретін құрал болсын. Өсек айтудың орнына шындықты айтып, игі сөз сөйлеу — таза әрі адал өмірлік жол.
4. Мейірімді болыңыз
Құранда: «Шын мәнінде, Алла әділдікті, игілікті (жақсылық жасауды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зұлымдықтан тыяды...», – делінген (Құран, 16:90).
Егер біреу көңіліңізге қаяу түсіріп, ренжітсе немесе ісіңізге кедергі келтірсе, сіздің алдыңызда бірнеше таңдау тұрады: не ашуға бой алдырып, дөрекілік көрсетіп, кек алуға ұмтыласыз; не оған мүлдем мән бермейсіңіз; болмаса бойыңыздағы ізгілік пен биязылықты сақтап, әдептілік танытасыз.
Құран Кәрім бізді әрқашан мейірімділікті таңдауға үйретеді.
Сонымен қатар, осы аяттан көріп отырғанымыздай, «әділдікті сақтау» және «жақсылық жасау» бұйрығы нақты бір адамдар тобымен шектелмеген. Бұл дегеніміз — әділдік пен ізгілік еш алаланбай, күллі адамзатқа бағытталуы тиіс.
Мұның астарында үлкен мән жатыр: біз өзіміздің мейірімділігіміз арқылы жамандықтың шынжырын үземіз. Ал жамандыққа жамандықпен жауап берсек, сол зұлымдық шеңберін одан сайын тұйықтай түсеміз. Мәселе тек мұнымен бітпейді. Біз жақсылықты көбейткен сайын, адамгершілік пен тектілік эстафетасының әрі қарай жалғасуына жол ашамыз. Бізден мейірім көрген жан, сол ізгілікті өзгелерге де жеткізуі әбден мүмкін — бұл сирек болса да, өмірде кездесетін ақиқат.
Құраннан имандылыққа толы өмірдің талай даналық дәрістерін табуға болады, бірақ солардың ішіндегі ең маңыздысы — осы. Зұлымдық пен әділетсіздіктен бойыңызды аулақ ұстаңыз, сонда өміріңіздің де жақсы жаққа қарай өзгергенін көресіз.
5. Сөйлегенде сөздің маржанын таңдаңыз
Жоғарыда Өсек пунктінда келтірілген аяттың (Құран, 17:53) ауқымы кең: сөйлегенде ойланып, сөздің «ең көркемін» таңдап сөйлеу керек. Көп адам сөзінің мәніне үңілмейді, тек ақпарат жеткізуді ғана ойлайды.
Көптеген адамдар сөйлегенде соңы не боларын ойламайды. Олар үшін қандай сөз қолданса да, тек ақпарат жеткізу басты орында тұрады. Әдетте біз ойымызды тезірек айтып қалу үшін сөздің нәрі мен мәніне үңілмей, жұтаң сөздермен ғана шектелеміз.
Бірақ, елестетіп көріңізші: арманыңыздағы жұмысқа қабылдану кезіндегі сұхбатта немесе алғашқы кездесуде әрбір сөзімізді қалай салмақтаймыз! Міне, осындай сәттерде біз сөздің қаншалықты маңызды екенін сезінеміз. Сөз — құдіретті күш. Ол адамды сендіре де, жігерлендіре де алады, сонымен бірге сөз арқылы адамды арбауға, тіпті біреудің тағдырын тас-талқан етуге де болады. Осындай қуатты қаруды ойланбай қолдану арқылы біз орны толмас зиян келтіруіміз немесе баға жетпес мүмкіндіктен айырылып қалуымыз әбден мүмкін.
Ауыз бен көмейдің арасынан шыққан бір ғана сөз бүкіл өміріңізді өзгерте алады. Сондықтан сөзге атүсті қарап, оңды-солды шашу әдетінен неғұрлым тез арылсақ, соғұрлым жақсы. Қасиетті Құранда бұйырылғандай, біздің әрбір сөзіміз «ең көркем» сөздерден болсын. Сонда ғана біздің өміріміз барлық жағынан жақсы жаққа қарай өзгерері хақ
6. Ашуыңызды қиратқыш емес, жасампаз күшке айналдырыңыз
Құранда: «Олар кеңшілікте де, таршылықта да жақсылыққа жұмсайтындар, ашуларын жеңетіндер және адамдарды кешіретіндер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – делінген (Құран, 3:134).
Бұл аят адам баласының бойындағы аса маңызды бір қасиетке назар аудартады: ол — ашу-ызаны қиратқыш емес, жасампаз күшке айналдыра білу қабілеті. Бойдағы ызаны шығармашылық энергияға трансформациялап, оны өзгелер үшін жұбаныш пен көмектің қайнар көзіне айналдыруға болады екен.
Ойланып қараңызшы. Ыза — қолайсыз жағдай орын алғанда іске қосылатын үлкен қозғаушы күш. Осындай қуатты сезімді бастан кешкенде, адам іштей бір нәрсені өзгерту қажеттігін сезінеді.
Бірақ, сол күштің көмегімен жағдайды жақсы жаққа қарай өзгертуге болады емес пе? Ашуды зорлық-зомбылыққа, дөрекілік пен балағатқа айналдырғанша, неге оны жасампаз арнаға бұрып, игі мақсаттарға пайдаланбасқа?
Мәселен, елдегі саяси жағдайға көңіліңіз толмаса, сол наразылықты өзіңізбен келіспейтін жандарға дүрсе қоя беріп, кінәлау мен тіл тигізу арқылы шығаруға болады немесе, керісінше, сол ызаны бойыңызға жинап, өзіңіз мінсіз емес деп санаған дүниелерді жақсартуға бағытталған нақты іс-әрекетке, белсенді саяси ұстанымға айналдыра аласыз.
Құран Кәрім бізге ашудың зор қуатқа ие екенін ескертеді, тек сол айбынды күшті тізгіндеп, дұрыс арнаға бағыттай білу керек екен.
7. Өз ақылыңызбен ой қорытыңыз
Өздігінен ойлана алатындар туралы Құранда былай делінеді: «Алланың құзырында тіршілік иелерінің ең жаманы – түсінбейтін (ақылын істетпейтін) саңыраулар мен соқырлар» (Құран, 8:22).
Көбіне діни мәтіндер тек соқыр сенімге шақырады деген қате пікір бар. Негізінде, дін адамды пайымдауға, неге сенетінін терең түсінуге үндейді. Антикалық философ Сократ айтқандай: «Санасыз өткен өмір — өмір емес». Шындығында, ақыл-ойсыз, ниетсіз және терең толғаныссыз өткен ғұмыр — желге ұшқан уақытпен тең. Ештеңенің байыбына бармайтын, ештеңе туралы ойланбайтын адам — жел айдаған қаңбақ секілді, ол шын мәнінде өмір сүріп жатқан жоқ.
Кілт тоқтап, бір сәт өз іс-әрекетімізге ой жүгіртейікші: біз өз өмірімізді саналы түрде құрып жатырмыз ба? Айналамыздағы әлемді жақсартуға мақсатты түрде үлес қосып жүрміз бе? Егер бұл сұраққа сенімді түрде жауап бере алмасаңыз, осы аятты қайта оқып шығыңыз. Бәлкім, осыдан кейін сіз өз өміріңіздің жаңа парағын ашатын боларсыз.
Тәңірдің даналығы
Құран — адам баласының өмірін түбегейлі өзгертуге қауқарлы, тереңіне бойлаған сайын жауһарлары ашыла беретін сарқылмас даналық қазынасы. Қандай наным-сенімде немесе қай дін өкілі болсаңыз да, бұл құндылықтардың қасынан бейжай өтіп кетпегеніңіз абзал. Онда көтерілген тақырыптар — біз жоғарыда атап өткеннен әлдеқайда көп әрі сан алуан. Ол жерде, бәлкім, сізге дәл қазір ауадай қажет болып жүрген білім мен жауаптар жасырылған болуы әбден мүмкін. Сондықтан, осы бір қасиетті мәтіндерді (Құранды) парақтап, оқып көріңіз! Сонда оның сіз үшін ашар жаңа қырлары мен тылсым сырларына таңдай қағарыңыз сөзсіз!
Дереккөз: beliefnet
Қазақшалаған: islam.kz