Қиямет қайым қашан болады?
Қиямет қайым қашан болады?
2 ай бұрын 1950
Islam.kz

Қиямет қайымның болар сәтінің дәл уақыты - бір жаратушыға мәлім. Оны Өзінен басқа сүйікті пайғамбарлары да білмейді: "Қияметтің ілімі оның құзырында және Соған қайтарыласыңдар!". ("Зүхруф" сүресі). Дейтұрғанымен, Қиямет қайымның жақындағанын сездірер белгілерін Мұхаммед пайғамбар арқылы пенделеріне білдіргендігі де өтірік емес. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) қияметтің дәл уақытын білмейтіндігін айтқан, бірақ жүрегіне салынған илһамға сүйеніп, қиямет қайымның белгілерін анықтап айтып берген. Сондай хадистердің бірнешеуімен оқырманды таныстырғымыз келіп отыр. 

1) Сахаба Хузайфату ибн Йәмән (р.а.) былай әңгімелейді:

«Бір ер адам Пайғамбарымызға келіп: «Уа, Расулалла! Қиямет күні қашан? – деп сұрады. Сұралған адам (яғни, өзі) сұраған адамнан ол жайында артық білмейді. Бірақ оның белгілері бар" дейді Алла елшісі, сөйтіп оларды былай деп сайып өтеді:

  • Базарлардың тыныштығы, яғни, тоқырауы.
  • Өнімсіз жаңбыр (Жаңбыр жауады, бірақ өсімдік шықпайды).
  • «Ъина» саудасы кең етек алады, яғни, өсімқорлық.
  • Арсыздардың балалары көбейеді, яғни, зинадан туылған балалар.
  • Байлық иесі ұлықталады.
  • Мешіттерде күнәһарлардың дауыстары самғайды.
  • Және жамандық жасаушылар хақ иелеріне үстем болады» дейді Алла елшісі (с.а.у.).

Сонда әлгі кісі: 

- Маған не істе деп бұйырасыз, уа Расулаллаһ? – деп сұрайды егер сол заманға тап болса.

- Дініңді өзіңмен бірге алып қаш немесе үйіңдегі көрпешелердің бірі бол (яғни, үйден көп шықпа)» - деген екен.

2) Иса ибн Әбу Иса әл-Асфаһәни жеткізген мынадай риуаятта бір адам Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Уа, Расулалла! Қиямет қашан болады?» - деп сұрайды. «Сұралған адам, сұраған адамнан артық білмейді. Бірақ, қияметтің он белгісі бар" дейді Алла елшісі (.с.а.у.). "Олар:

  • Алдап-арбаушы (қу) адамдар көбейеді.
  • Күнәһарлар бой көрсетеді.
  • Адал, әділетті жандар дәрменсіз болады.
  • Намаз міндет (салмақ) ретінде қаралады.
  • Зекет шығын саналады.
  • Аманат олжа саналады.
  • Құран оқушылар өздерінің артықшылығын көрсетеді.
  • Сол кезде жас балалардың билігі, әйелдердің үстемдігі және күңдердің кеңесі болады», – деді.

3) Ъубәйд ибн Ъумәйр риуаят еткен хадисте, Алла елшісі былай деген:

«Дәжжалды бір қауымдар қолдап, оның артынан ілеседі. Олар (қауымдар) айтатын болады: «Біз оның жалғаншы, кәззәб екенін білеміз, бірақ тағамнан жеу үшін отты өсімдікте (малды) жаю үшін оған ілесеміз» дейді. Қашан Алланың азабы түскен заматта, (азап) олардың бәріне түседі».

4) Абдулла ибн Омар жеткізген хадисте былай делінген: «Қиямет қайым – бір үйдің отбасы мүшелері мұсылманы мен кәпірін білген күйде бәрі бір ыдыстан тамақ ішетін болады»1.

Қиямет қайымның белгілерінен хабар берген Пайғамбардың (с.а.у.) хадис шәрифтері аз емес. Солардың ішінде үлкен белгілері бар және кіші белгілері бар. Ғалымдардың айтуынша кіші белгілерінің көбі кездесті, жүзеге асты, енді болмаған үлкен белгілері қалды деседі. Расында да жоғарыдағы хадистерде баяндалған жағдайлар қазіргі таңда дәл туындап жатқандығын байқау қиын емес. Өкінішке орай, осындай қияметтің белгілерін көре тұра адамзат бейғамдылық ұйқысынан оянар емес.

1Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин».

0 пікір