Адам – фәни мен бақидың арасында жолаушы. Бұл өмір – сынақ алаңы, өткінші керуен. Қанша ғасыр өтсе де, ешкім мәңгі қалмаған. Уақыт тоқтамайды, дүние тозады, ал адам – шын мәнінде, ақыретке сапар шегіп бара жатқан мүсәпір (жолаушы).
Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Әрбір жан өлімнің дәмін татады. Сосын Бізге қайтарыласыңдар»
– деп ескертеді. ("Әли Имран" сүресі, 185 аят).
Адам ғұмыры – бір ғана дем мен тыныстың арасында. Бүгін бар, ертең жоқ. Осы қысқа өмір – ақыреттік өмірге дайындық үшін берілген үлкен мүмкіндік. Бірақ көп адам мұны сезінбей, тек дүниелік мақсаттың соңында кетеді. Дүниелік мақсатқа ұмтылу да жақсы, алайда ақыреттегі мәңгі өмірді де ұмытпау керек. Құранда:
"Алланың саған берген нәрселерімен ақырет өмірін ізде және дүниедегі несібеңді де үмытпа!"
- дейді. ("Қассас" сүресі, 77 аят).
Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ былай деген:
«Қиямет күні адам бес нәрседен сұралмайынша, орнынан жылжымайды: өмірін қалай өткізгенінен, жастығын неге жұмсағанынан, мал-дүниесін қайдан тауып, қайда жұмсағанынан, және іліммен амал еткен-етпегенінен.»
(Тирмизи, Қиямет, 2417)
Адам баласы өмірін бос өткізбеуі тиіс. Қысқа ғұмырын Алланың разылығына лайық істермен өткізу – шынайы табыс. Себебі нағыз өмір – бұл дүниеден соң басталады.
Ғұмырының мәнін ұққан мүмін сабыр мен шүкірді серік етеді. Қиындық – сынақ, береке – сынақ. Алла Тағала адамды әртүрлі халмен сынайды. Бірақ бар сынақтың түбі – Раббысымен қауышуға дайындау.
«Сөз жоқ, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен, мал-мүлік, жан және өнімдерден кемітіп сынаймыз. Сабыр етушілерді сүйіншіле!»
(Бақара, 155)
Қиындықта берік болған жан – ақыретте биік марапатқа жетеді. Бұл дүние – рухани жетілу үшін берілген мүмкіндік.
Сондықтан да, мұсылман адам бұл дүниеде өзіне жүктелген міндеттемелерді ойдағыдай орындап, өмірінің әр қатпарына да адалдықты ту етуі тиіс. Құдайдың бұйрығын орындап, тыйғанынан тыйылуға тырысып бағуы ләзім. Ол құлшылық етеді, адал еңбек қылады, дүниелік және ақыреттік істерін сапалы жасайды, адамдарға қайырлы болуға тырысады. Себебі Құранда былай делінген:
«Мен жындар мен адамзатты Өзіме құлшылық ету үшін жараттым»
(Зарият, 56)
Құлшылық – тек намаз бен ораза ғана емес. Адал кәсіп, дұрыс сөз, сабырлы болу, жақсы мінез – бәрі де құлшылықтың көрінісі.
ҚОРЫТЫНДЫ
Адам – өлшеулі өмір иесі. Бұл жалған өмір – көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін сынақ мекені. Ал нағыз мекен – о дүниедегі өмір, шын бақыт та, бақытсыздық та, сол о дүниедегі қол жеткізген нәрсесіне қарай өлшенеді. Егер мәңгі пейішке кірсе, шын бақытқа қол жеткізгені, ал тозаққа түсе бақытсыздыққа душар болғаны. Ал мәңгі бақытқа қол жеткізудің жолы - жүректің ақтығына және осы дүниедегі амалға байланысты. Сондықтан әрбір мүмін күнін тек өткінші қуанышпен емес, мәңгілік өмірге дайындық ниетімен өткізуге жан таласқаны жөн.
Өмір – кітап. Оның әр беті, әр сәті – амал дәптеріне жазылып жатыр. Ендеше, сол дәптерімізге жақсы істер, ізгі сөздер, таза ниеттер жазылсын. Әмин!
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!