Алдымен, сәһу сәждесі дегеніміз не? Сәһу сәждесі дегеніміз, намазда кеткен кейбір қателіктер мен кемшіліктерді түзету мақсатында намаз соңында орындалатын екі сәжде амалы. Қазақшасы «Қателік сәждесі». Оны орындайтын мұсылман, намаздың соңғы отырысында «аттахият» дұғасын оқиды да, бір жағына сәлем беріп, екі сәжде жасап, қайта аттахият, сосын салауат және раббана дұғасын оқиды, сосын, екі жағына сәлем беріп намазын аяқтайды.
Сәһу сәждесін керек еттірер себептер төмендегінше:
- Намаздың ішкі парызының реті бұзылса (орнын ауыстырып қойса),
- Намаздың ішкі парызын кешіктіріп орындаса,
- Намаздың парызын артығымен орындаса, сәһу сәжде жасайды.
- Намаздың ішкі уәжіптерінің бірін ұмытып орындамаса,
- Намаздың уәжіптерінің бірін орнын ауыстырса,
- Намаздың уәжіптерінің бірін кешіктірсе немесе алдымен орындаса,
- Намаздың уәжіптерінің бірін артығымен орындаса сәһу сәжде керек.
- Фатиха сүресін оқуды ұмытып кетсе, сәһу сәжде керек.
- Зам сүрені оқуды ұмытып кетсе, сәһу сәжде керек.
- Зам сүрені Фатихадан бұрын оқыса, сәһу сәжде керек.
- Зам сүрені оқу барысында (не оқитынын білмей) бір рүкіндей (үш рет сүбаханалла дейтіндей) үндемей тұрып қалса, сәһу сәжде керек.
- Фатихадан кейін немесе зам сүреден кейін дұға оқыса, сәһу сәжде керек.
- Имамдыққа шыққан кісі жария оқитын намазды іштей оқыса, сәһу сәждесі керек.
- Имам боп тұрғын кісі іштей оқылатын намазды жария оқыса, сәһу сәждесі керек.
- Рукуға барған кісі, басын көтермей, бірден сәждеге кетсе, сәһу сәжде керек.
- Алғашқы отырысқа отырмаса (алғашқы отырысқа отырмай үшіншіге тұрып кетсе), сәһу сәжде керек.
- Алғашқы отырыста аттахиятудан кейін артынша салауат айтса немесе басқа бір дұға не сүре оқып қойса,
- Соңғы отырыста аттахиятуды оқымаса,
- Соңғы отырысқа отырмай, артық рәкәғатқа тұрып кетсе (ондай жағдайда артық рәкәғаттың сәждесіне бармай тұрып, қайта отыруы керек, сәһу сәжде жасап намазды аяқтайды, ал артық рәкәғаттың сәждесіне барып қойса, намазды қайта оқиды).
- Соңғы отырысқа отырып, яғни, аттахияту оқып, одан соң қателесіп артық рәкәғатқа тұрып кетсе, сәһу сәжде жасайды. (Ондайда, тағы бір рәкәғат қосып, қосымша тағы екі рәкәғат оқи салғаны абзал, сәһу сәжде жасайды).
- Алғашқы отырыста сәлем беріп қойса сәһу сәжде керек (ондайда намазды бұзатын әрекеттерге бармастан Аллаһу әкбар деп келесі рәкәғатқа тұрып, намазын жалғастыра береді)1.
1Нәжәх Хәләби: «Фиқһуль Ъибадат аляль мәзхәбиль Ханафи». Сәмнәқи: «Хизәнәтуль Мүфтиин».