Ислам үмбеті тарих бойы түрлі ағымдар мен секталардың әсеріне жиі ұшырады. Әрбірінің өз ерекшелігі, өз ізбасарлары болды. Кейбірі қазіргі күнге дейін жетіп, көп адам жинаса, кейбірі қатары аз болып, уақыт өте жойылып кетті. Такфиршілер тобы – сондай секталардың бірі. Бұл ағымның өкілдері мұсылмандарды Исламнан өте жеңіл шығарып жіберуге бейім болып тұрады, тіпті өздерін мұсылман санайтын адамдардың өзін кәпір дейді.
Біз осы сектадан шыққан Даниял есімді жас жігітпен сөйлесуді жөн көрдік. Оның әңгімесі біреулерге сабақ болар деген үміттеміз.
Дінге келуі және адасуы
– Өзің туралы және Исламға қалай келгенің жайлы айтып берсең.
– Мені дінге Дағыстанда тұратын, ұлты тәжік бір досым алып келді. Ол маған намаз оқуды үйретті. Бірақ мен одан кейін ұзақ уақыт намазды тұрақты оқи алмадым. Қызығы, Мәскеуде болған кезімде намаздарымды тұрақты, жібермей оқып жүрдім. Кейін үйге оралғанда қайтадан қазаға қалдыратын болдым. Кейде кешке отырып, барлық бес уақыт намазды бірден өтейтінмін.
Осылай шамамен үш жыл жүрдім. Маған не жетіспейтінін түсіне алмай қиналдым. Жан дүнием бір нәрсені іздеп жүрді, бірақ намаздарымды тұрақтандыра алмай жүруімнің себебін түсіне алмадым.
Кейін бір такфирші бауырмен таныстым. Ол маған Ислам идеологиясын өзінің көзқарасымен түсіндіре бастады. Онымен сөйлескеннен кейін менің бұрынғы сенімдерімнің бәрі дұрыс емес сияқты көрінді. Тіпті, қайтадан Ислам қабылдадым (күлді). Сол кезде шынымен иманның «дәмін» таттым деп ойладым. Бірақ ол жай ғана алдамшы елес екен.
Ішімдегі сезім жанып тұрды. Мен бұдан кейін намазды жіберіп алу туралы тіпті ойлауды да қойдым. «Бұрын қалай ғана оқымай жүрдім?» деп өзіме таңғалдым. Әрине, қазір түсінемін, бұл иманның әлсіздігімен және діни ортаның жоқтығымен байланысты болған.
Осылайша, мен олардың жамағатына кіріп кеттім.
Такфиршілермен өткізген екі жыл
– Такфиршілерге кірген соң не өзгерді?
– Өзіме және отбасымның дінге қатысына үлкен жауапкершілік сезіндім. Жұбайыма шариғатпен өмір сүру талабын қойдым. Ол намаз оқитын, бірақ маған ол аз болып көрінді, себебі «ақидасын түзету» керек болды. Ол келісіп, шаһада айтты (Ислам қабылдады). Меніңше, ол кезде ол бұл сөздердің мағынасын толық түсінбей айтса да, мен оның бойынан жақсаруды байқадым.
Ол дінде тиянақты бола бастады, Исламды зерттеді, харамнан сақтанды. Бұл өзгерістердің бәрі сол жамағатта жүрген кезімде пайда болды. Менің де тақуалығым күшейді.
Менің ойымша, адам такфиризмге көбіне Алладан қатты қорқу мен білімсіздіктен келеді. Яғни, Жаратушыдан қорыққандықтан, адам күпірлікке түсіп кетуден қатты қорқады. Ал олар: «Егер пәленшені кәпірге шығармасаң, өзің кәпір боласың» дейді де, бір қарағанда дұрыс сияқты болып көрінетін дәлелдер келтірсе, сен де амалсыздан адамдарды кәпір дей бастайсың. Өйткені өзің кәпір болғың келмейді, кәпірдің ақыреттегі жағдайын білесің. Сондықтан да, өзгені кәпір деуге тура келеді. Бұл – адамды такфирші ететін ең басты себептердің бірі. Яғни, бұл эмоционалды қысым.
– Бұл топта қанша уақыт болдыңыз?
– Шамамен екі жыл. Жамағатқа кірген кезде Махачкалада тұрдым, кейін тұрмыстық себептерге байланысты Шамхал деген ауылға көштік. Бауырлардың қасында болу үшін емес, үйіміздегі жағдай қиындаған соң. Үлкен отбасымыз болды, ал пәтер кішкентай еді. Үй ішіндегі кикілжіңдерге бола Шамхалға көшуді ұйғардым. Қазір, Аллаға шүкір, осында тұрып жатқаныма екі жыл болды.
– Шамхалда өзіңіз секілділер көп пе еді?
– Көшіп келгенде, мен қосылған жамағаттың ізбасарлары аз болды. Негізінен мені такфиризмге тартқан бауыр мен оның отбасы ғана бар болатын. Ал такфиршілердің негізгі бөлігі, мен келмей тұрып-ақ жамағаттан бөлініп кеткен екен.
«Паспорт бүлігі»
Бір кезде «паспорт фитнасы» (бүлігі) шықты (күлді). Олар паспортты «күпірлік» деп жариялап, оны жыртып тастады, ал паспортты пайдаланғандардың бәрін кәпір деді. Осылайша бірнеше адам жамағаттан бөлініп кетті.
Содан кейін «мүшріктің артынан намаз оқу» фитнасы шықты. Яғни, «мүшріктің артынан намаз оқыған адам – кәпір, ал оны кәпір деп санамаған адам да – кәпір». Бұны «тізбекті такфир» деп атайды. Олардың да көбі біздің жамағаттан бөлініп кетті. Кейін олардың өзі де шапағат мәселесіне байланысты екіге бөлінді. Осының бәрі кішкентай Шамхалда өтті. Қазір, Аллаға шүкір, мен білетін такфиршілер екі-ақ адам болып қалды.
– Олар мешітке бармай ма?
– Жоқ. Олар мешітте намаз оқымайды, өйткені «бейтаныс адамның» артынан намаз оқымайды. Олар Дағыстанды тұтастай «даруль-куфр» (күпірлік аймағы) деп есептейді. Бастапқыда бүкіл аймаққа жалпы такфир жасалады. Сенің жағдайыңды анықтамайынша, тіпті сақал қойып, шапан киіп жүрсең де, олар сені «иманы белгісіз» деп есептейді және саған кәпір сияқты қарайды.
Олардың сеніміндегі басты мәселе — білместікпен жасалған ширкті кешіруге болмайды деген ұстанымдары. Ал Әһли Сүнна уәл-Жамағат сенімінде, керісінше, алдымен адамның ақталу мүмкіндігі қарастырылады, содан кейін мәселе зерттеледі. Оларда бәрі керісінше. Бастапқыда ақталу жоқ деп есептеледі. Білместіктен ширк жасаған адамды дереу мүшрик деп санамаған адам да, олардың ұғымынша, кәпір болады. Яғни, мұнда да тізбекті такфир ережесі қолданылады.
Сондай-ақ, бұл жамағатқа кірген адамға әлеуметтік желілерде, чаттарда сөйлесуге, ислам сайттарына кіруге, кез келген ғалымдардың дәрістерін тыңдауға тыйым салынады.
Адасудан шығу жолы
– Такфиризмнен қалай шыға бастадыңыз?
– Мені бұл терең ойдан Кизлярдан шыққан, Мысырда оқыған Мұхаммад деген бауыр алып шықты. Бәрі «мүшріктің артынан намаз оқу» мәселесін талқылаудан басталды. «Намаз оқыған адам кәпір болады» дегенге салмақты дәлел жоқ еді. Бірақ неге екенін білмеймін, бұл сұрақ біз үшін өте маңызды болып тұрды.
Такфиризмге адамды Құран аяттары мен хадистерді өз бетінше түсіндіру, жеке ой жору әкеледі. Міне, осы ойлар оны діннен ауытқытады.
Бірде біздің әмір (басшы) сол Мұхаммадқа барып, «мүшріктің артынан намаз оқу» тақырыбын талқылай бастады. Мұхаммад олардың өздері дәлел ретінде келтірген хадис жазылған парақшаны көрсетіп: «Мынау сендердің дәлелдерің бе?» – деп сұрады.
Бірақ әмір кенеттен: «Бұл – дәлел емес», – деп жауап берді!
Ал бізге әрдайым дәл осы сөздерді өз сенімімізге дәлел ретінде айтып келген. Сонда біз өз-өзімізге қайшы келіп жүргенімізді түсіндік.
Сосын Мұхаммад сол хадисті ғалымдарға сілтеме жасай отырып түсіндіре бастады. Ол такфиршілер үшін беделі бар дін мамандарына сүйенді. Бұл пікір талас «мүшріктің артынан намаз оқыған адамды Исламнан шығаруға ешқандай негіз жоқ» екенін көрсетті.
Одан кейін олар такфиршілердің тағы бір дәлелін талқылады. Бұл – 60-шы сүренің 4-ші аяты. Мұхаммад: «Сендер бұл аятты қалай түсінген болсаңдар, тура солай түсінген бұрынғы ескі ғалымдар бар ма, аттарын атай аласыңдар ма?» – деп сұрады. Яғни, егер бізден бұрын ешкім бұл аятты осылай түсінбесе, онда «барлық ғалымдар адасып, тек біз ғана ақиқатты таптық па?» деген сұрақ туындайды.
Сол кезде біз бұл сұраққа жауап іздеп, ғалымдардың фәтуаларын (діни шешімдерін) зерттей бастадық. «Мүшріктің артынан намаз оқу – күпірлік» деген бірде-бір ғалымның фәтуасын таппадық. Сондай-ақ, Имам Ахмадтың (р.а.) фәтуасын таптық. Одан жәһмиттердің (ежелгі секталардың бірі) артынан намаз оқуға бола ма деп сұрағанда, ол «болмайды» деген. Бірақ, «егер оқи қалса, намазды қайта өтеу керек» деп қосты.
Сонда мен өз-өзіме сұрақ қойдым: егер жәһмиттер кәпір болса, онда Имам Ахмад олардың артынан оқыған намазды неге қайта өтеуді бұйырды? Бізге «Исламнан шықпаған жәһмиттер де болған» деп жауап берді. Сонда мен тағы сұрақ қойдым: егер олар Исламнан шықпаған жәһмиттер болса, онда намазды неге оларға ұйып оқылған намазды қайта оқу керек деген? Бұл жерде логика жоқ. Кейін біздің сенімдеріміздің көпшілігі – тек өзіміздің ойымыздан шығарғанымыз және олар ешбір ғылыми талдауға төтеп бере алмайтыны анық болды.
– Такфиршілердің қазіргі заманда өздері сүйенетін ғалымдары бар ма?
– Жоқ! Ондай ғалым жоқ. Мен осы жамағатта өткізген бүкіл уақытымда сөзін дәлел ретінде алатын, мұсылман деп санайтын бірде-бір ғалымды көрмедім.
– Ақыры такфиризмнен қалай толық шықтыңыз?
– Шынымды айтсам, қалай болғанын өзім де толық түсінбей қалдым. Бірақ бәрі Мұхаммадтың: «Сендерге дейін кім осылай түсінді?» деген сұрағынан басталған сияқты. Мен бұл туралы көп ойландым, бұл менің олардан алыстауыма себеп болды. Екінші себеп – біздің әмірдің Мұхаммадпен сөйлесуге келгенде «мен дайын емеспін» дегені. Мен ойландым: басқаларға осыншалықты сенімді түрде такфир жасап жүрген адам қалайша «дайын емеспін» дей алады?
Ақыры олар маған такфир жасады (мені кәпірге шығарды. күлді). Аллаға шүкір, маған көзімді ашқан Мұхаммад сияқты бауыр кездесті.
– Такфиршілер сізді қудалап жүр ме?
– Жоқ (күлді). Олар, керісінше, менен алыстап кетті. Олардың қатарында менің немере інім бар.. Оған қоңырау шалсам, жауап бермейді, мені елемейді.
– Оқырмандарға және осы сұхбатты оқитын такфиршілерге не айтқыңыз келеді?
– Адасушылықта жүрген бауырлар мен қарындастарға ескерту жасағым келеді. Қандай мәселеде қатаң ұстанымда болсаңыздар да, сол мәселелерді қателесуден қорықпай, ашық түрде қайта зерттеп көріңіздер. Бұған бір жыл уақыт жұмсасаңыздар да, соңына дейін әділ түрде, мұқият қарап шығыңыздар. Сонда өздеріңіздің тығырыққа тірелгендеріңізді көресіздер.
Егер біз бауырларымыз Алланың дінінен алыстап кетті деп ойласақ, оларға дұрыс жолды табуға көмектесуіміз керек. Кейбіреулер әлі күнге дейін қателескенін білмей жүр. Ал кейбірі қателігін мойындаудан, жөнсіз болғанын мойындаудан ұялады. Бұдан қорықудың қажеті жоқ. Тек Алла Тағаладан қорқу керек.
Дереккөз: ansar.ru