Ер адам әйеліне талақ айтты. Осылайша, екеуінің ортақ өмір жолы аяқталды. Бәлкім, жүректеріндегі мейірім суып, бір-біріне деген жақындық үзілген соң, ажырасуды тығырықтан шығар жалғыз жол деп қабылдаған болар. Алғашқы жылдары олардың некесі соншалықты ауыр көрінбеген еді. Алайда уақыт өте келе ұсақ келіспеушіліктер қордаланып, бірте-бірте шешуі қиын мәселелерге айналды.
Әр жолы олар: «Бәлкім, тағы бір сәби дүниеге келсе, отбасымызды сақтап қалармыз, арадағы суыған сезімді қайта тірілтер» — деп үміттенді. Бірақ үміт ақталмады. Мәселелер азаймақ түгілі, керісінше, одан сайын ушыға түсті. Ақыр соңында, Алла рұқсат еткен жолға — ажырасуға жүгінуге мәжбүр болды.
Дегенмен, ажырасу көп жағдайда жаңа қиындықтардың бастауына айналады. Әсіресе ата-аналар балаларды өзара кикілжіңнің құралына айналдырып, бір-біріне кінә арта бастағанда, жағдай тіпті күрделене түседі.
Ата-ананың ұрыс-керісі мен ажырасуы балаға қалай әсер етеді?
Бір әйел ата-анасының ажырасқан кезін еске алып, былай дейді:
«Әкем басқа әйелге үйленгеннен кейін, біз анамызбен қалдық. Әкемізге тек белгілі бір күндері ғана барып тұратынбыз. Анам бізді әкемізге жіберерде әдейі ескі, жыртық киім кигізіп қоятын. Сосын:
“Әкеңнен жаңа киім алып беруін сұраңдар, әрі маған да ақша жіберсін деп айтуды ұмытпаңдар”, — дейтін.
Өзі бізге ештеңе алып бермейтін. Бұл жағдай біз ержеткенше қайталана берді. Осылайша, ата-анамыздың арасындағы араздықта біз дәнекерге айналдық. Соның салдарынан екеуіне деген махаббатымыз да біртіндеп өше бастады…»
Үйдегі тұрақсыздық олардың оқуына да әсер етті. Сабақтан жиі қалу — тағы бір ұрысқа себеп болатын. Ал осының бәріне назарға зәру кішкентай сәбидің жылаған үні қосылатын. Ақырында анасы қаладан кетіп, балаларын әкесі мен оның жаңа әйелінің қолына қалдырып кетті. Сол күннен бері олар анасын өте сирек көретін болған…
Қорқыныш құшағындағы бойжеткен
Тағы бір бойжеткен отыз жасқа келсе де, әлі күнге дейін тұрмыс құрмаған. Себебі — балалық шағында көрген ата-анасының бітпейтін жанжалы. Ол былай деп сыр шертеді:
«Әкемнің үйге кеш келіп, анама айқайлағаны, ал анамның оның ашуы мен қатігездігіне төзуге мәжбүр болғаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді».
Бұл ауыр естеліктер оның санасында терең із қалдырды. Сол жылдары ол оқуынан да қол үзіп қала жаздады. Бұрын мектептің үздік оқушысы болған қыз, отбасындағы берекесіздіктен кейін білімін жалғастыра алмады. Қазір шағын мекемеде ғана жұмыс істейді.
Өз отбасында да дәл сондай жағдай қайталана ма деген үреймен, өзіне сөз салған талай азаматтан бас тартқан.
Ата-ана арасындағы ұрыстың ер балаға әсері
Бір жас жігіт ата-анасының үздіксіз жанжалы салдарынан өзін қоғамнан оқшау сезінетінін айтады. Ол қалаған жұмысына да орналаса алмаған. Үйдегі күнделікті ұрыс-керіс оның жүйкесін әбден жұқартқан.
Кейде жағдай соншалықты ушыққандықтан, ол өзін ешкім таба алмайтын жерге — шкафтың ішіне немесе төсектің астына тығылатын болған. Ата-анасы ажырасқанда, бәрі бітті деп бір сәтке жеңілдеп қалғандай болды. Алайда жылдар өтсе де, жүрегіндегі жара жазылмады. Қазір ата-анасының әрқайсысы өз өмірін құрып кеткен, ал өзі әлі күнге дейін жалғыз.
Әженің тәрбиесінде өскен қыз
Бұл бойжеткен ата-анасының не себепті ажырасқанын білмейді. Бірақ сол ажырасудың ең ауыр салмағы өз тағдырына түскенін анық сезінеді. Әкесі кеткеннен кейін балаларды асыраудан бас тартады. Анасы жоқшылықтан басқа адамға тұрмысқа шығады, бірақ жаңа күйеуі қыздың олармен бірге тұруына қарсы болады.
Сөйтіп, қыз әжесінің қолына беріледі. Әжесі үй жинап тапқан мардымсыз табыспен немересін бағып-қағып өсіреді. Қыз оқуын аяқтай алмағанына өкінеді. Соған қарамастан, тұрмыс құрып, өз балаларын өзі көрген қиындықтан қорғауға тырысып жүр.
Қазір ол әжесіне қарайласып, онымен бірге тұрады. Анасына тек әжесінің өтінішімен ғана барып тұрады. Ал әкесімен (оны тастап кеткен адаммен) байланыс орнатуға жасаған талпыныстары нәтиже бермеген.
Әжесінің мейірімі оны рухани тұрғыда өсіріп, ата-анасына деген өкпесін жеңуге көмектесті. Алайда мұндай кешірімділік әркімге бұйыра бермейді.
Мәселелеріңізді баланың мойнына артпаңыздар
Әрбір ата-ана өзіне дұға қылатын, ізгі ұрпақ өсіруді қалайды. Ал баланың мінезі мен болмысы көбіне ата-анасының іс-әрекетіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ажырасу жағдайында баланы араға салмау — ең маңызды міндет.
Мыналарды ескеріңіздер:
-
Баланы арадағы хабаршыға айналдырмаңыздар;
-
Баланы қысым көрсету немесе кек алу құралы ретінде пайдаланбаңыздар;
-
Бір-біріңіз туралы баланың көзінше жаман сөз айтпаңыздар;
-
Ажырассаңыз да, өзара құрметті сақтаңыздар — бала ата-анасының ісін қайталайды;
-
Кездесу уақыты мен тәртібін алдын ала келісе отырып шешіңіздер;
-
Қиын жағдайда баланың мүддесі үшін бір-біріңізден көмек сұраудан қашпаңыздар;
-
Мәселеден қашпай, оны бейбіт жолмен шешуге тырысыңыздар.
Қорытынды
Егер әлі ажыраспаған болсаңыздар, бір-біріңізге жұмсақтық танытып, отбасын сақтауға барынша күш салыңыздар. Себебі ата-ананың қателігі баланың бүкіл ғұмырына із қалдыруы мүмкін.
Кей адамдар ажырасуды жалғыз шешім деп санаса да, балаларының тағдырын ойлап, сабыр сақтап, отбасын сақтап қалғандар аз емес. Өйткені ажырасудың ең ауыр зардабын көбіне еш кінәсі жоқ балалар тартады. Олар өздері жауапты емес жағдай үшін өмір бойы өтеу төлеп өтеді…
sister.net ua