Ата-анаға жақсылық жасау күнәні жуады
Ата-анаға жақсылық жасау күнәні жуады
6 ай бұрын 6776

Ата-анаға жақсылық жасау адамға көптеген қайырлы қақпалардың ашылуына себеп болумен қатар, жолындағы кедергілерді де жояды. Әсіресе бұл өткен өмірінде күнәға белшесінен батып, содан арылудың жолын іздеп жүрген жандарға таптыр-мас мүмкіншілік. Өткен өмірінде бетке дақ болатын күнәларды жасап, кейіннен осы жасағандарына өкінген, өкінгенмен қолдан келер қайран жоқ, енді оны қалай жуып-шаямын деп жүрген адамдар қаншама. Міне, осылай дәрменсіз күйге түскен адам баласына мейірімі мол Аллаһ тағала қалтарыстан шығу жолын ұсынады.

Аллаһтың разылығына қол жеткізгіңіз, амал дәптеріңіздегі күнәларды жойғыңыз келсе, қара шаңырағыңыздағы киелі жандарды, яғни ата-анаңызды қуантыңыз. Себебі олардың қуанышқа кенелуі – сіздің күнәңыздың жойылуына бірден-бір себеп болмақ.

Байқаусызда үлкен күнәға бой алдырып қойған бір сахаба, өкініштен өзегі өртеніп, Пайғамбарымыздың жанына келіп, үлкен күнә жасағанын, тәубесінің қабыл болып-болмайтынын сұрайды. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ата-анаң тірі ме?» , – деп сұрайды. Сахаба ата-анасының қайтыс болып кеткенін өкінішпен білдіреді. «Онда нағашы әпкең тірі ме?», – деп сұрайды Пайғамбарымыз. «Иә, тірі», – деп қуана жауап береді сахаба. Пайғамбарымыз: «Олай болса, нағашы әпкеңе жақсылық жасап, оны қадір тұт» , – дейді.

Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Нағашы әпке – анаңмен бірдей»1, – деп, анасынан айрылған адамдарға екінші жақсылық көзін ашқан. Ең бастысы сіз өзіңізді жақсылық жасауға бейімдеп, соған қарай ұмтылсаңыз болғаны. Ондай кезде Аллаһ тағала сіздің алдыңыздан жақсылық жасау жолдарын молынан ашады. Пайғамбарымыз нағашы әпкелерді де ұмытпай, оларға жақсылық жасалуын қалаған. Осылайша ол бізге күнәларды жоюдың жолын көрсеткен.

Сонымен қатар махшәр күні Аллаһ тағаланың алдына ақ маңдай, жарқын жүзбен баруымызды тілеген. Жоғарыда баяндалған жайға ұқсас бір оқиғаны сахаба Ата ибн Ясар былай деп әңгімелейді: «Бір күні сахабалардың ішінде ең саңлақтарының бірі – Абдуллаһ ибн Аббастың жанына бір кісі келді. Келген кісі: «Мен бір әйелмен үйленуге келісіп қойған едім. Бірақ ол уәдесінде тұрмады. Мені тастап, басқа біреумен үйленіп кетті. Содан мен өшпенділікпен әлгі әйелді өлтірдім. Менің жағдайым туралы не айтасыз, тәубам қабыл бола ма?» – деп сұрайды». Абдуллаһ ибн Аббас «Анаң тірі ме?» – деп сұрады. Келген кісі «Жоқ», – деп жауап қатты. Сонда Абдуллаһ ибн Аббас: «Олай болса Аллаһқа шын көңілден тәубе ет және Оның разылығына жетелейтін істерді істеуге тырыс», – деді. Абдуллаһ ибн Аббастың қасына барып, оның әлгі кісіден неге анасы жайлы сұрағанын білгім келді. Сонда ол: «Аллаһ тағалаға жақын болып Оның сүйген құлдарының арасына кіру жолында анаға жақсылық жасау және оның ақ батасын алудан артық ешқандай жол білмеймін»2, – деп жауап беріпті.

Әбу Науфал осыған ұқсас бір оқиғаны былайша баяндайды:

«Күндердің бірінде хазірет Омарға (р.а.) бір кісі келіп, қылмыс істегенін айтты. Омар «Қандай өкінішті! Ол қылмысты біле тұра жасадың ба, әлде байқаусызда болды ма?» – деп сұрады. Әлгі кісі байқаусызда жасағанын айтты. Сол кезде Омар одан «әке-шешең тірі ме?» деп сұрады. Ол әкесінің көзі тірі екенін айтқан кезде Омар оған: «Уақыт оздырмай әкеңнің жанына бар және оған қызмет жаса. Оның ризашылығын алу үшін барыңды сал», – деп кеңес берді және сөзінің соңын: «Аллаһтың атымен ант ішейін! Егер де анасы тірі болып оған қызмет жасаған болса, тозақ отына кірмейтіндігіне үміт арта алар едім»,– деп тәмамдайды».

Әкім Аламуддинұлы, «Жұмақтың кілті жаныңда». 


1  Бухари. Сулх, 6; Мәғази, 43;
2  Бухари, Әдәбул-муфрад. I, 15-бет; Байхақи. Шуабул-иман. VI, 205-бет.

 

0 пікір