Бала тәрбиесіндегі Алла елшісінің 10 өсиеті
Бала тәрбиесіндегі Алла елшісінің 10 өсиеті
3 ай бұрын 3904 Фото: ЖИ
Абдулла Самға

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өсиет сөздері мен істеген істері арқылы тәрбие үлгісін үйретіп кеткен. Ол (с.а.у.) бала тәрбиесінде дүние мен ақыретте бақытқа жеткізер дұрыс жолды үйретіп, олардың жан-жақты дамуына көңіл бөлген. Пайғамбарымыздың өсиеттері рухани, имани, әлеуметтік және жан-дүниелік қырларды қамтып, баланың берік әрі иманды тұлға болып қалыптасуына жол ашады.

1. Кішкентайынан дұрыс ақиданы (сенім негіздерін) үйрету

Тәрбие негіздерінің алғашқысы – баланың көкейіне кішкентайынан дұрыс сенім мен таухид (Алланың бірлігі) негізін көкейіне қондыру. Пайғамбарымыз (с.а.у.) балаларға Аллаға тәуекел етуді, Онымен байланысын түсіндірді. Мысалы, жас кезінде Ибн Аббасқа былай деген:
«Ей, балақай! Саған бірнеше сөз үйретейін: Алланы қорға, Алла сені қорғайды. Алланы есіңде сақта, Алланы жаныңнан табасың…» (Тирмизи).
Бұл хадис – балаға жастайынан Аллаға сүйенуді, тағдырға иман келтіруді үйретудің маңыздылығын көрсетеді.

2. Намаз бен құлшылыққа баулу

Балаларды намазға және басқа да құлшылықтарға үйрету – Пайғамбарымыздың ең маңызды өсиеттерінің бірі еді. Ол ата-аналарға намазға баулуды міндеттеп:
«Балаларыңа жеті жастан намаз оқуды бұйырыңдар, ал он жаста (оқымаса) сазайын беріңдер және төсектерін бөлек салыңдар» (Әбу Дәуд келтірген).
Бұл хадис – намазды ерте жастан үйретудің, құлшылықты күнделікті өмірге енгізудің маңызын айқындайды.

3. Балалар арасында әділ болу

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) маңызды өсиеттерінің бірі – Ол (с.а.у.) ата-аналарды балаларға әділ қарауға шақырған:
«Алладан қорқыңдар және балаларың арасында әділ болыңдар (теңдей қараңдар)» (Бухари).
Әділдік – сөзде де, істе де, сыйлықта да қажет. Өйткені теңсіздік пен әділетсіздік араларында қызғаныш пен кек тудыруы мүмкін.

4. Мейірім мен жұмсақтық

Алла елшісі (са.у.) балаларға мейірімділік пен сүйіспеншілік көрсетудің үлгісін қалдырды. Ол немерелері Хасан мен Хусейнді сүйіп:
«Кімде-кім мейірім танытпаса, ол мейірім көрмейді», – деген. (Сахих Бұхари)
Мейірім – ата-ана мен бала арасындағы берік байланыстың негізі.

5. Ізгі мінез-құлықты сіңіру

Пайғамбарымыз : «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» (Ахмад), – деген.
Ата-ана баласына адалдықты, шыншылдықты, кішіпейілділікті, жақсылық жасауды үйретуі керек. Ең үлкен тәрбие – ата-ананың өз үлгісі.

6. Қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу

Пайғамбарымыз (с.а.у.) қыз балаларды тәрбиелеуге ерекше мән беруді және оларға жақсы қарымқатынас жасауды өсиет етеді:
«Кімнің қыз балалары болып, оларға жақсы қараса, олар (қыздары) оған (әкесіне) тозақтан қалқан болады» («Сахих Бұхари»).
Бұл хадис – қыздарды мейіріммен тәрбиелеудің, қоғамдағы орнын дұрыс бағалаудың маңызын көрсетеді.

7. Балаларды білімге және ізгі іске жетелеу

Алла елшісі балаларды ілімге, пайдалы өнерге үйретіп, жақсы іске талпындырды. Ибн Аббасқа былай деп дұға еткен:
«Уа, Алла! Оған дінде түсінік бер және Құран тәпсірін үйрет» («Сахих Бұхари»).
Бұл – балаға ғылым мен өнегелі істі қатар үйретудің маңыздылығын көрсетеді.

8. Балаларды күнәдан, жамандықтан тыйю кезінде жұмсақтықпен және парасаттылықпен тыю.

Пайғамбарымыз жастарды күнәдан тыйғанда ақылға қонымды сөздермен насихат етуші еді. Бір жас жігіт зина жасауға рұқсат сұрағанда, оған:
«Оны анаңа қалайсың ба?» – деді. Жігіт: «Жоқ» – деді. Сонда Пайғамбарымыз : «Басқалар да аналарына оны қаламайды» , – деп жауап берді.(Ахмад, «мүснәд»)
Бұл – балаға ақылмен, диалог арқылы түсіндірудің ең тиімді жол екенін дәлелдейді.

9. Құранға деген сүйіспеншілікті ояту

Алла елшісінің (с.а.у.) маңызды өсиеттерінің бірі – балаларға Құран сүйіспеншілігін жүректеріне орнықтыру. Балаларға құран оқуды үйретуді кеңес етті, өйткені Құран – Исламның тәрбие негізі болып саналады. «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйреніп, оны үйреткендеріңіз» , – деді Пайғамбарымыз . («Сахих Бұхари»)
Құран – бала тәрбиесінің іргетасы. Ол баланы тура жолға бағыттап, жүрегін тазартады жаман ойлар мен пікірлерден ұзақ ұстайды.

10. Балаларға жақсы дұға-тілектерде болу

Пайғамбарымыз ата-аналарды балаларына әрдайым жақсылық тілеуге шақырды, ал қарғыс пен жаман тілек тілеуден ашу кезінде болса да тыйды:
«Өздеріңе, балаларыңа, мал-мүліктеріңе қарсы дұға жасамаңдар…» деді Алла елшісі («Сахих Мүслім»).
Ата-ананың шын жүректен жасаған дұғасы – балаға қорған мен береке.


Қорытынды

Пайғамбарымыздың балалар тәрбиесіне қатысты өсиеттері – толыққанды тәрбие мектебі десек артық айтқан болмаймыз. Ол сенім мен құлшылықты, мінез бен әділдікті, мейірім мен білімді қатар ұсынды. Әр ата-ана осы өсиеттерді ұстанса, Алланың разылығына бөленіп, өмірде де, ақыретте де сыйына кенеледі. Әсіресе, әдеп пен тәлім-тәрбиенің кеңже қалып бара жатқан мына заманда дұрыс діни тәрбие бала үшін шырағдан іспетті.

Алла Тағала балаларымызға аман-саулық сыйлап, жақсы тәрбиелі ұрпақ боп жетілуін жазсын!

islam.kz


 

0 пікір