Жар - нығмет пе, қасірет пе?
Жар - нығмет пе, қасірет пе?
14 күн бұрын 1058 islam.kz/ Фото: ЖИ
А. Қасым

Адам баласы өмір бойы іздейтін ұлы нығметтердің бірі – шынайы жар. Ол тек тәннің рақаты ғана емес, жанның да серігі. Қиын күнде сүйеу, қуаныш пен қайғыда қасында бола білген жақсы, салиқалы жар – адамның бұл дүниедегі бақыты мен ақыреттегі амандығына себеп болатын қазына. Сол себепті де, Алла елшісі өзінің асыл сөзінде "салиқалы әйелді дүниеде берілетін нығметтердің ішіндегі ең жақсысы" деп атап өткен.

Алайда жар кей адамға қасірет болуы да мүмкін екен. Төмендегі жазбада автор «нығмет» ретінде саналар әйел мен «қасірет» боп саналар әйелді қысқаша діни жөннен атап өткен. Бұл жерде нәзік жандыларды төмендетуден аулақпыз. Әйел адам бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деп бекер айтпаған. Әйелдің отбасында да, қоғамда да алар орны биік. Дінімізде әйел затының мәртебесі биік.

Жақсы жар – жан жылуы

Нағыз жақсы әйел – ерінің табысын азсынып, дүние қуалап мазасын алмайды. Ол – ері үйден аттанып бара жатқанда артынан:

«Біз аштыққа шыдаймыз, бірақ тозаққа шыдай алмаймыз. Біз үшін Алладан қорық. Адал табыс алып кел!

– деп ақыретті еске салатын иманды жар.

Жақсы жар – түнгі тыныштықты пайдаланып Раббысына құлшылық еткен жан. Ол тек өзі ғана емес, күйеуін де оятып, бірге ғибадат етуге шақырған жарОл егер күйеуі ерінсе, оған бетіне су бүркіп оятатындай ықыласты жар. Бұндай әйелді Пайғамбарымыз ﷺ былай деп мадақтаған: 

«Алла түнде тұрып намаз оқитын, күйеуін де оятатын әйелге рақым етсін!»

Осындай ардақты әйел – ерінің көзін харамнан, жүрегін күнәдан сақтайтын қорған. Үшбұ заман – көз арбаған азғырынды бейнелер мен арандатқан желілер, шектен шыққан ашық-шашықтар мен арам табысқа құмар қулар заманы. Мұндай кезде күйеуін тура жолда ұстай алатын әйел – Алланың берген ең үлкен нығметі!

Осы тұрғыда, Риях әл-Қайси есімді бір кісі бір әйелге үйленіпті. Сол түні ол оны сынамақ болып өтірік ұйықтаған болып жатады. Әйелі түннің алғашқы ширегінде тұрып құлшылық етеді де күйеуіне:

«Тұр, уа, Риях!» – дейді. 

Ол: «Қазір тұрамын» – деп жата береді. 

Әйелі түннің екінші ширегінде де құлшылық қылып, қайтадан оятады: 

- «Тұр, уа, Риях!»

Ол тағы да: «Қазір тұрамын» – деп қозғалыссыз жата береді.

Үшінші ширегінде де солай қайталанады.

Сонда әйелі оған: 

- «Түн өтіп барады, игі жандар Алланың құзырында сап түзеді, ал сен болсаң әлі ұйқыдасың. Сені маған лайық деп кім алдады екен?!» – дейді де, қалған уақытты өзі құлшылықпен өткізеді.

Міне, нағыз рухани серік!

Жаман жар – қасірет

Алайда, өкінішке орай жардың бәрі бірдей ақыреттік жолдас емес. Кейде әйел ерін өз еркімен тозаққа қарай итермелеп қоюы бек мүмкін. Дүниеге тоймайтын, «ананың әйелінде мынау бар, мынаның әйелінде анау бар» деп өзгенің молшылығына көз тіккен, жарының тапқанына разы болмай, соның нәтижесінде күйеуін байқамай харам жолмен табыс табуға итермелеп қоятын зайыптарды күнделікті өмірімізде естіп жатамыз. Тіпті қазіргі таңда табыстың қайдан және қандай жолдан келіп жатқаны маңызды емес, әйтеуір үйге ақша әкелсе болды деген түсінік көпшілік отаналардың санасының төрінен орын алып алған.

Ондай әйелі үшін ері ұрлық істейді, пара алады, өтірік айтып алдайды, біреудің ақысын жейді, тіпті зина жасап ақша табады – тек әйелін қарық қылса болғаны, соның мақтауына лайық болса жетеді. Ал шындап келгенде – өзі тозаққа түсетін әрекеттерге барып жатқанын ұққысы келмейді. Әйелі рахат өмір сүріп жатқандай көрінгенмен, ерінің мойнында – күнәнің ауыр жүгі жатыр. Күйеуін ескертпегені үшін ол да о дүниеде күйеуінің соңынан тозаққа еріп кете беретінімен шаруасы жоқ. Алла сақтасын!

Қорытынды

Сөздің қысқасы, жақсы жар – жанның шуағы, жаман жар – жүректің наласы. Жақсы әйел ерінің жұмаққа қарай жолын ашады, ал жаман әйел – сол жолды жауып, тозаққа бастайды. Осындайда: «жақсы әйел жаман еркекті ер қылады, жаман әйел жақсы еркекті ез қылады» деген қазақтың аталы сөзі өмірден алынғанын ұғуға болады.

Әйел таңдаудағы ең басты өлшем – діні мен тақуалығы, тәрбиесі мен қанағатшылдығы болуы тиіс. Өйткені ол – ерінің тек бұл дүниедегі емес, мәңгілік өмірдегі серігі. Ендеше, ер де, әйел де Алла разылығын бірінші ретке қоя білсе, олардың шаңырағы – нығметке толы, берекелі болады. Ал қашан ері мен әйелі Алладан ұзақтай түссе, соншалықты береке де, баяндылық та алшақтай береді.

Алла Тағала бойдақтарға салиқалы жар нәсіп қылсын, ал үйленгендердің жарын салиқалы жар қылсын! Отбасыларыңызда баяндылық үстемдік құрсын!

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: