Он күннен аса келген хайыздың үкімдері
Он күннен аса келген хайыздың үкімдері
4 ай бұрын 3276 islam.kz/
А. Қасым

1) Әрбір әйелдің етеккір (хайыз) көру күндерінің мөлшері бірдей болмайды. Ханафи мәзһабында хайыздың келу мерзімі ең аз – үш күн, ең көп – он күн. Бұл дегеніміз, Хайыз болып есептелу үшін ең аз үш күн келуі керек. Үш күннен аз келген хайыз үзір қаны. Және ең көп он күн келу керек. Он күннен кейін көрінген қан үзір қаны. Және хайыз болып есептелу үшін екі етеккір арасындағы тазалық кезеңі кемінде он бес күн болуы шарт.

2) Хайызы тұрақты келіп жүрген әйел адамның хайызы «әдет күндері» тоқтамаса, яғни, әдетте хайыз келіп тоқтап жүрген күндерде тоқтамай, қан кетуі жалғаса берсе, бұл жағдайда он күн ішінде көрінген ақ түстен өзгесі хайыз үкімінде болмақ және сол он күн ішінде қай күні тоқтаса, сол күн «әдет күні» болып есептеледі. Мысалы, хайызы әр айда жеті күн келіп тоқтап жүрсе, демек оның «әдет күндері» - жеті күн деген сөз. Егер, келесіде ол жеті күнде емес, тоғыз күнде не он күнде тоқтаса, демек әдет күні сонша күнге ауыспақ.

3) Ал егер хайызы он күннен аса уақытта тоқтаса, бұл жағдайда «әдетте тоқтап» жүрген «әдет күндері» хайыз күндері болып есептеледі де, қалған күндері «истихаза» (үзір қаны) болып саналады. Мысалы, әдетте хайызы жеті күнде тоқтап жүрген әйел кісі он бір күн қан көрді делік, сол әдетте көріп жүрген жеті күні хайыз саналып, қалған күндердегі қан хайыз емес, үзір қан үкімінде болады1. Егер келесі айда да қан он күннен аса келсе, онда ол әйелдің «әдет күндері» он күн болып өзгереді. 2.

4) Он күннен кейін көрінген қан үзір қаны болғандықтан, әйел бұл күндері намазын оқиды, оразасын ұстайды. Және де әдет күнінен былайғы оқымаған намаздарының, ұстамаған оразаларының қазасын өтейді. Мысалы, жоғарыдағы (3 пункт) мысалды негізге алалық. Әдет күні жет күн болып есептелетін әйел кісі, он күнге шейін көрінген қанды «хайыз екен» деп есептеп намазын оқымай жүре береді делік, алайда 11 күнге созылғандықтан, оның үзір қаны екені анықталған болды, демек, жеті күннен былайғы, яғни, төрт күндік оқылмаған намаздарының қазасын өтеуі керек.

Осы тұрғыда, мұндай өзгерістер бірнеше рет қайталанып, қанның тоқтамай әдеттегі күннен аса келуін жалғастырса, діни үкімді арнайы маманданған дәрігерге тексерілгеннен кейін беру қажет болуы мүмкін.


1Мәусули, әл-Ихтияр.
2Ибн Нужейм, әл-Бахр, Алиюл-Қари, Фәтху бабил-‘иная.

0 пікір