Сәби жыласа, жұбату керек
Сәби жыласа, жұбату керек
1 жыл бұрын 3287 Фото: factroom.ru

Пайғамбарымыздың сүннетінде көзге түсетін тағы бір мәселе – жылаған сәбиді жұбату. Себебі, сәби көбінесе бір нәрсе қажет болғанда, қарны ашқанда, мазасы қашқанда, бір жері ауырғанда, ұйқысы келгенде немесе ата-анасын өзіне қарату үшін жылайды. Жалпы Пайғамбарымыз баланы жұбатуға ешқашан бей-жай қарамаған. Мысалы, бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім жылаған баласын жұбатуға тырысып, көңілін ауласа, Аллаһ тағала да жаннатта оған риза болғанға дейін нығметтерін жаудырады»149. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жамағатпен намаз оқып жатқан кезде жылаған баланың дауысын естісе, намазды тез бітіруге тырысатын. Оның бұл әдетін кейбір ғалымдар шешелері баласын уайымдамауы үшін деп жорамалдайды. Бірақ адамзаттың ең мейірімдісі хазірет Пайғамбар тек қана аналардың емес, жылаған сәбилердің де жағдайын ойлайтын-тұғын.

Ол бірде таң намазын өте жылдам оқып бітіреді. Сахабалардың бірі бұған таң қалып: «Уа, расулаллаһ, бүгін таң намазын әдеттегіден жылдам бітірдіңіз», – дейді. Сонда әз елші: «Арт жақтан жылаған баланың дауысын естімедің бе? Оны тезірек анасының жұбатқанын қаладым»2, – дейді.

Пайғамбарымыз жұбайларына немересі Хұсейінді меңзеп: «Мына баланы жылатпаңдар»3 – деген. Сондай-ақ бір күні келе жатып, жылаған баланы көрген Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасындағы хазірет Омарға (р.а.) баланы жұбату үшін бауырына басуы керектігін айтады4.

Хазірет Айшаның айтуынша, Пайғамбарымыз үйіне кіре бергенде бір баланың жылаған дауысын естіп: «Мына бала неге жылап жатыр, көз тиюге қарсы оқытпадыңдар ма?»5, − деп сұрайды. Жүрегі жұмсақ Пайғамбарымыз мейлі өз немерелері, мейлі басқа мұсылмандардың балалары болсын, сәбидің жылағанына селқос қарамай, тез арада оларды жұбатуға шақырған.

Сондай-ақ кейбір ғалымдар хадистерде: «Сәбидің алғашқы екі айда жылағаны – Аллаһтан басқа тәңір жоқ екеніне куәгерлік етуі, төртінші айдың соңына дейін – Аллаһқа тәуекел, сегізінші айдың соңына дейін – Пайғамбарға салауат, екі жасқа толғанға дейін – ата-анасы үшін кешірім тілеу» делінгенін де жеткізген6. Яғни, ата-аналарды сәбилер жылағанда ашуланбауға шақырған. Алғашқы халифалар бала туылғанда шыр етіп жылаған дауысы естілген сәттен бастап балиғатқа толғанға дейін қазынадан жәрдем ақша бергізген. Балаға деген қамқорлықты туыла салысымен-ақ бастау қажеттігін осылай көрсетіп кеткен. 

Құдайберді Бағашар, «Исламдағы бала тәрбиесі»


1  Дәйләми, Муснәдул-Фирдәус, II, 147-б.
2  Ибн Хажәр, әл-Мәталибул-алия би зәуаидул-мәсанидис-сәмания, I, 122-б., Кувейт, 1973.
3  Мәжмауз-зәуаид, IX, 189-б.
4  Ибн Хажәр, әл-Мәталибул-алия, III, 28-б.
5  Ахмед ибн Ханбал, Муснәд, VI, 72-б.
6  И. Жанан, Хз. Пейгамберин сүннетинде тербие, 205-б.

0 пікір