Төрт нәрседен сақтан!
Төрт нәрседен сақтан!
4 ай бұрын 2470
А. Қасым

Төрт нәрсе бар, олар адамның өмірін тарылтады, көнілін құлазытады және көкірегін (рухын, жан дүниесін) қысады. Олар:

Біріншісі – Алланың жазмышы мен тағдырына наразы болу және Оның шешіміне разы болмау. Бұл – жүректі улап, көкейде үреу туғызады, болашаққа деген сенімсіздік тудырады. Оның орнына Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қандай жағдай болса да, Аллаға мақтау болсын!» деуді үйретеді. (Әлхамдулилләһи аля кулли хәл). Сондықтан да, "басы қиын болғанның, арты жеңіл болады" деп, Аллаға тәуекел ету керек.

ЕкіншісіКүнә жасап, тәубе етпеу. Тәубе намазын оқыған адам, бейнебір рухани жүктен арылғандай сезеді. Бұл жайында Құранда былай делінеді: «Бұл – өздеріңнен болған нәрсе» деп айт!». (Әли Имран 165), «Бұл – өз қолдарыңмен істеген істеріңнің салдары!» (әш-Шура 30). Әр күнә істеген сайын – жүрекке қара дақ түсе береді. Ал тәубе етіп, Алладан кешірім тілеу - сол күнәнің жуылуына алып келеді. Адам тәубе етпесе, жүрегі қарайып, күстеніп, оның ақыры - стресс, депрессияға ұласады. Қарайған жүректі Құран кітабын оқу арқылы жуып тұру керек.

ҮшіншісіАдамдарға деген өшпенділік, кек алуды қалау және Құдайдың берген несібесін қызғану. Адамдарға Алла берген нығметке қызғанышпен қарау туралы Құранда былай делінген: «Яғни олар адамдарға Алла өз мейірімімен берген нәрселеріне қызғаныш танытады ма?!» (ән-Ниса 54). Әзіреті Әли (р.а.) айтқан: «Қызғаншақ адамда тыныштық болмайды». Өшпенділіктің орнына рахымдылық, кек алудың орнына кешірімділік, көреалмаушылықтың орнына қуана білу - адамға жай таптырар қылық.  

ТөртіншісіАлланы еске алудан бет бұру. Алланы зікір етпеу. Құранда бұл жайында: «Ал, кім Мені еске алудан бет бұрса, оған ауыр, қиын өмір болады» («Таһа», 124 аят.). Намаз оқу – Алланың еске алудың ең үлкен жолы. Намаз оқуды тастап қойған пенденің өмірі тарығып, көкірегі қысылады. Жолы болмай кетеді. Сосын пенде жолымды ашайын деп түрлі тәуіптерге бас ұрады. Ал негізі намазына ұқыпты болса, Алла Тағала өзі жолын ашып қояр еді: «Кім Аллаға тақуалық қылса, Ол оған шығар есік жаратып қояды және күтпеген жерден ризықтандырады». (Талақ, 3-2 аят).

Ендеше, мұсылман қауым, бақытты сезінудің жолы өз қолымызда екен! 

0 пікір