Аласапыран заманда мұсылман
Аласапыран заманда мұсылман
2 сағат бұрын 182
islam.kz

Уа, жамағат! Ардақты ағайын!

Адам баласына берілген игіліктің төресі — іргесі сөгілмеген амандық пен елдің тыныштығы. «Ас — адамның арқауы» десек, сол астың берекесі де, басымыздың амандығы да — бейбіт күннің сыйы. Тіршіліктің өрісін кеңейтіп, құлшылықтың жүйесін түзейтін де осы — мамыражай тірлік. Сондықтан да Хақ Тағала Құранда: «Оларды аштықтан құтқарып, ризық берген, үрейден арылтып, амандыққа бөлеген Раббыларыңа құлшылық қылыңдар» — деп, тыныштықтың қадірін білуге шақырған. («Құрайш» сүресі). Ардақты Пайғамбарымыз () да: «Кім үйінде тыныштықпен таң атырса, тәні сау болып, алдында бір күндік асы болса, ол — бүкіл дүниеге кеңелген тәрізді», — деп, бақыттың кілті байлықта емес, бейбітшілікте екенін ұқтырған.

Қадірменді бауырлар!
Бүгінгі заман — аласапыран заманы. Жер-жаһанда небір дүрбелеңдер белең алып, халықтың мазасы қашқан сәттер жиіледі. Мұндайда ақылды жан айналаға иманның көзімен, сабырдың безбенімен қарайды. Ел ішіне іріткі түсіп, сынақ келгенде мұсылман баласы мынадай қағидаларды темірқазық етуі тиіс:

Бірінші: Тәубеге келіп, Тәңірге сыйыну.
Әрбір іс — Алланың қалауымен. Басқа түскен ауыртпалық пен елдегі мазасыздық — пенденің ішкі дүниесінің көрінісі. Құран Кәрімде: «Бастарыңа келген әрбір қиындық — өз қолдарыңмен істеген істеріңнің жемісі», — делінген. Демек, сырттағы дауылды тоқтату үшін, алдымен іштегі иманды түзеп, тәубеге келу, құлшылықты бекемдеу ләзім.

Екінші: Сақ жүріп, анық басу (Өтірікке ермеу)
«Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында». Қазір — ақпараттың ақ пен қарасы араласқан заман. Бір ауыз өтірік елдің берекесін кетіріп, жұртты үрейге салады. Раббымыз: «Егер сендерге бір пасық хабар әкелсе, оны тексеріп анықтаңдар», — деп бұйырса, Пайғамбарымыз (): «Естігеннің бәрін айта беру — кісінің күнәһар болуына жетіп асады», — деген. Ел арасына іріткі салатын қауесетке ермей, әр сөздің байыбына бару — мұсылманның парызы.

Үшінші: Пайдасыз істен бойды аулақ салу
Кейбір бауырларымыз күні-түні әлеуметтік желідегі жаңалықтарға байланып, уақытын зая кетіреді. Соның кесірінен намазы қаза болып, отбасының алдындағы міндеті ұмытылады. Хадисте айтылғандай: «Өзіне қатысы жоқ, пайдасыз істі тәрк ету — иманның кемелдігі». Мұсылман — сөздің емес, істің адамы.

Төртінші: Дұға — мызғымас қорған
Қиындықты сейілтетін де, бұлтты тарататын да — тек Алла. «Сұрасаң, Алладан сұра» демекші, елдің амандығы мен жердің тыныштығын дұғамен сұрау — мұсылманның ең өткір қаруы.

Уа, халайық!
Дүние — кезек, өмір — сынақ. Шынайы мүмін қиындықта жасымайды, қуанышта тасымайды. «Бүлік кезіндегі құлшылық — маған қарай жасалған һижреттей» деген хадисті еске алып, жүректі тыныштандырайық. Арандатуға ермей, сабыр сақтап, еліміздің тұтастығын тілейік.

Иә, Раббым! Еліміздің іргесін сөкпе, босағасын тербетпе! Жерімізді пәле-жаладан, аспанымызды қауіп-қатерден сақта! Басшыларымызға — парасат, халыққа — сабыр, жастарға — сана бер! Жауынгерлеріміздің білегіне күш, жүрегіне иман бер! Осы елді тыныш, ризығын мол, болашағын жарқын ете көр!

Пайғамбарымыз Мұхаммедке () салауаттар мен сәлемдер болсын! Әмин!


ar.islamway net

 

0 пікір