Міндетсінбе, мырза бол!
Адам баласы өмір бойы жақсылық іздейді. Біреуге қол ұшын берсе, өз жүрегі жылып, өзін рухани биіктен көреді. Алайда сол жақсылықты жасап тұрып: «Мен сен үшін пәлен, түген істедім..» деп міндетсінетіндер немесе ісімен міндетсінгенін сездіріп, көңіл жаралайтындар да аз емес. Осындайда ойға мына бір қасиетті хадис оралады:
- ثلاثةٌ لا يُكَلِّمُهُمُ اللَّهُ عزَّ وجلَّ يومَ القيامةِ ، ولا ينظرُ إليهِم ، ولا يُزَكِّيهِم ، ولَهُم عذابٌ أليمٌ : المنَّانُ بما أعطَى ، والمُسبلُ إزارَهُ ، والمُنفِّقُ سلعتَهُ بالحلفِ الكاذبِ
«Үш адам бар, Қиямет күні Алла Тағала оларға сөйлемейді, оларға қарамайды, оларды тазарпайды әрі олар үшін күйзелтуші азап бар. Олар: бергенін міндетсінетін адам, изарын (белден төменгі киісін менменсіп) сүйреткен тәкәппар және өтірік ант беріп тауарын өткізуші адам»
(Мүслим риуаят еткен)
Судың да сұрауы бар демекші, істеген жақсылықтың да салмағы бары рас. Бірақ ол салмақ тек Алла разылығы үшін жасалғанда ғана амал таразысының табағына түспек. Ал, міндетсінетін адамның сауабы күл болып, зая кетеді. Себебі, мұндай ниетте шынайылық жоқ, тек астыртын менмендік пен өзін көрсету бар.
Алла Тағала Құранда:
«Ей, иман келтіргендер! Садақаларыңды міндет қылып, көңілге қаяу салып, зая кетірмеңдер. Құдды — адамдарға көрсету үшін малын жұмсайтын және Аллаға және Ақырет күніне сенбейтін адам тәрізді» деп ескерткен. (Бақара сүресі, 264-аят)
Бұл аят мүмін-мұсылмандарға Аллаға сенбейтіндер сияқты бергеніне міндетсінбеу керектігін қатаң ескертуде. Олай болмаған жағдайда, берген садақаңыздың және жасаған ізгілігіңіздің құны қалмай, босқа жойылады деп отыр. Оның үстіне, жақсылық жасай отырып, оны міндетсу — жүректің рияға (көзбояушылыққа) бой алдырғанын білдіреді. Бұл — шынайы ықыласқа қайшы.
«Жомарттық – үнсіз жасалатын амал»
Біруге ақшалай көмек беру – садақа және сауабы мол ізгі іс. Оны жақсылық дейміз. Ал жақсылықтың ең әдемісі — оны ұмыту, хадисте айтқандай: «оң қолың бергенді сол қолың білмесін». Нағыз жомарттық — бергенін ұмыту, онысын міндетсінбеу. Адам Құдай ризалығы үшін берген кезде және бергенін ұмытқан кезде шынайы жомарт атанбақ. Себебі ол Алланың разылығы үшін берген. Мұндай адам алғыс күтпейді, керісінше алғысты тек Алладан тілейді.
Құранда сондай ықыласты мүміндердің тілімен былай делінген:
لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاءً وَلَا شُكُورًا»
«Біз сендерден ешбір сый да, алғыс та күтпейміз».
("Инсан" сүресі, 9-аят)
Міндетсінудің ар жағында не бар?
Міндетсінудің ар жағында өзін жоғары қойып, басқаны төмендету бар. Бұл — тәкаппарлықтың бір түрі. Мұндай адам Жаратушының назарына ілікпейді. Оған тіл қатып сөйлемейді. Қиямет күні Алланың қарамауы, сөйлемеуі — ең ауыр жаза. Ол — мейірімнен алыстау, үміттің үзілуі, қараңғылық ішінде қалу деген сөз.
Жомарттық — тек қолмен емес, ниетпен жасалады
Асылында, нағыз мырзалық — бергенді ұмыта білу. Себебі бергеніңіз Аллаға кеткен, ал Алла ештеңені ұмытпайды. Адам ұмыта берсін — Раббысы ұмытпаса болды.
Шынайы мүміндер жасаған жақсылығын міндетсінбейді, олар ешкімнен алғыс та, марапат та күтпейді. Олардың жүрегі мына аятпен соғады:
«لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاءً وَلَا شُكُورًا»
«Біз сендерден ешбір сый да, алғыс та күтпейміз».
(Инсан сүресі, 9-аят)
Міне, осындай көңіл — иләһи ықыластың айнасы. Адамдарға көмек бере отырып, «рақмет» күтпеу — бұл тек өзіңе емес, Аллаға қызмет ету. Сонда ғана әрбір ісі Жаратушының мейіріміне апарар жолға айналады.
Қорытынды
Жасаған жақсылығыңызды міндетсінбеңіз, себебі Алла үшін істелген амал ғана екі дүниеде бақытқа апармақ. Шын жүректен берген нәрсе міндетке айналмайды, ал міндетке айналған нәрсе сауапқа айналмайды. Сондықтан жақсылық жасағанда: «Біз сендерден еш сыйлық та, алғыс та күтпейміз...» деген аятты ту ету керек. Сонда ғана Алла бізге Қиямет күні мейіріммен қарамақ. Өйткені, бергеніне міндетсінбеу, жасаған жақсылығына рақмет күтпеу шынайы иман келтіргеннің белгісі.
Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!