Дінді бизнеске айналдырмау шарт!
Дінді бизнеске айналдырмау шарт!
12 күн бұрын 1430 islam.kz/
А. Қасым, исламтанушы

Дін – адам мен Жаратушы арасындағы ең нәзік те, қасиетті байланыс. Ол сауда да, саясат та емес. Дін – сенім мен рух және жүректің ісі. Сол себепті де дінді дүние табудың құралына айналдыру, бизнеске айналдыру – үлкен қателік, қабір азабын тудырар кешірілмес күнә (Алла сақтасын). Оны бизнеске айналдыру – тек Ислам дініне ғана емес, жалпы адами мораль мен әділет қағидаларына қайшы келетін әрекет.

Кейбір замандарда және кейбір қоғамдарда кей діннің белгілі бір мүдделердің құралына айналғаны тарихтан белгілі. Алайда бұл ешқашан дұрыс нәрсе ретінде қабылданбаған. Оның ақыры - адамдардың діннен сууына және дінсіздікке алып келген. Себебі дін – пайдаға емес, парасатқа, ақшаға емес, ақиқатқа негізделуі тиіс деп қабылданады, ал егер дін де қу құлқынның құралына айналса, онда оның қадірі кетеді.

Діннің мақсаты

Діннің мақсаты – адамды рухани тәрбиелеу, оның жүрегін тазарту, мінезін көркейту, қоғамды әділдік пен ізгілікке бастау.  Адамдарға адами құндылықтарды үйрету. Бір сөзбен айтқанда: Әл-Фараби бабамыз көксеп кеткен "Ізгі қоғам" орнату. Ал егер осы асыл мақсат бұрмаланып, дін арқылы табыс табу, бедел жинау, атаққа жету көзделсе, онда бұл – дінді өз мүддесіне икемдеу, яғни құралға айналдыру деген сөз. 

Мұндай әрекет – діннің өзіне ғана емес, сонымен бірге оған сенетін халыққа да опасыздық болып табылады. Себебі дінге сенген жан оны жүрегінен өткізеді, оған құрметпен қарайды. Ал дінді дүние үшін пайдаланғандар сол сенімді теріс бағытта жұмсап, рухани сенімді әлсіретіп жібереді.

Ақыреттік жазасы

Құранда не делінген? Құранда Алла Тағала дінді дүние үшін қолдануды қатаң сынға алған. Құранда:

«Алланың аяттарын аз ғана дүниеге сатпаңдар» - деген ескерту бар. (Бақара сүресі, 41-аят)

Тағы бір аятта:

«Алланың уахи еткен нәрселерін жасырып, оны аз ғана дүниеге айырбастағандар – өз қарындарын отпен толтырғандар. Қиямет күні Алла Тағала олармен сөйлеспейді де, оларды тазартпайды. Оларға қатты азап бар» - делінеді.(Бақара сүресі, 174-аят)

Бұл аят – дінді бизнеске айналдырудың қаншалықты ауыр күнә екендігін білдіріп тұр. Дәлірек айтқанда ондайлар қиямет күні:

  • Қарындарын отпен толтырады,
  • Алла оларға қарамайды, олармен сөйлеспейді.
  • Оларды күнәсінан тазартпайды, кешірмейді.
  • Қатты азапқа душар болады.

Міне дінді бизнеске айналдырудың салдары қаншалықты ауыр екендігін осыдан-ақ ұғуға болады!

Пайғамбарлар үлгі 

Сондай-ақ пайғамбарлардың ешқайсысы дінді үйреткені үшін ақы сұрамаған. Құранда бірнеше пайғамбардың аузымен былай делінеді:

«Мен сендерден ешқандай ақы сұрамаймын. Менің сыйлығым тек Аллаға тән». (Шуара сүресі, 109 аят).

Пайғамбарлар – дінді жай ғана жеткізуші емес, сонымен бірге оны қалай жеткізу керек екенін де үйреткен ұстаздар. Олардың әрбір сөзі мен ісі — үлгі. Демек, дінді бизнеске айналдырмауды да Пайғамбарлардан үйрену керек.

Дінді бизнеске айналдырудың қоғамға және асыл дінімізге тигізер зардаптары

Дінді өз пайдасына пайдалану, оны бизнеске айналдыру – қарнын отпен толтыру деген сөз. Қиямет күні Алла Тағала ондай адаммен сөйлеспейді де, қарамайды да. Бұл қияметтегі азабы. Ал осы дүниедегі дінге және қоғамға зияны да бары анық. Оларды былайша атап өтуге болады:

  • Рухани құндылықтардың жойылуы: Діннің негізгі мақсаты – адамның рухани дамуына ықпал ету. Егер дін коммерциялық мүддеге айналса, онда оның рухани мазмұны жоғалып, тек пайда табу құралына айналады. Бұл діннің қасиеттілігін жойып, оның киелілігін жоғалтады.

  • Сенімсіздік пен алаяқтық: Дін арқылы пайда табуға ұмтылатын адамдар көбінесе алаяқтыққа барады. Олар адамдардың дінге деген сенімін пайдаланып, оларды алдауы немесе әртүрлі "діни қызметтер" үшін жоғары ақы алуы мүмкін. Бұл дінге деген бұқара халық арасында сенімсіздікті тудырады. Діннен жирендіреді.

  • Діннің беделіне нұқсан: Діннің коммерциялануы оның қоғамдағы беделін түсіреді. Адамдар дінге тек пайда табудың бір тәсілі ретінде қарай бастайды, осылайша оның маңыздылығы мен құрметіне нұқсан келеді. Ешкім адамның құлқы деп айтпайды, оны сондай нәрсеге үйрететін дін деп есептейді.

Бүгінгі қоғамда дінді ашық саудаға салу болмаса да, жанама түрде пайда көзіне айналдыру тенденциясы кейде байқалады.

Халықтың дінге деген сеніміне сызат түсіруге ешкімнің ақысы жоқ

Халықтың дінге деген сенімі – ең қымбат рухани байлық. Ал, дінді пайда көзіне айналдыру немесе өзінің дүниелік бір мақсатына дінді құрал ету – қоғамдағы рухани иммунитетті әлсіретеді. Бұның арты — діннен суынуға, сенімнен алыстауға және ақырында атеистік қоғамның тууына алып келуі бек мүмкін, бұған қазіргі батыс елдерінің тарихы куә. 

Сондықтан дін саласында жүрген әрбір азамат — мейлі ол имам болсын, мейлі дін мұғалімі болсын, мейлі қарапайым діндар болсын, мейлі блогер болсын — жауапкершілікті сезініп, оның ең басты мақсаты «Иълә-и кәлимәтилләһ», яғни, дінді өркендету болмағы ләзім.

Қорытынды 

Қорыта айтқанда, дін – жүректің ісі. Оны саудалауға болмайды. Дінді бизнеске айналдыру – дінге қиянат. Дінге қиянат жасағанның ақыреттегі халі мүшкіл. Сондықтан рухани жолда жүрген әрбір жан өз ниетін тексеріп, амалын ықыласпен жасап, Алла разылығын ғана көздеуі тиіс.

Сөз сонымызда мына бір қасиетті аятты көкейге тоқысақ дейміз: 

إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاءً وَلَا شُكُورًا

«Шынында біз тек Алла ризалығы үшін сендерге ас берудеміз, ол үшін сендерден ақы да, рақмет те қаламаймыз!» (Инсан сүресі, 9 аят).

Осы аят ойланған адамға шынайы Исламның рухын паш етуде.

Дін – дүниелік емес, ақыреттік мақсат үшін арналған жол. Бұл жолда есеппен емес, шынайылықпен, ықыласпен жүрмек керек.

Алла Тағала баршамызға тауфиқ беріп, тура жолынан айырмасын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

اللهم أرنا الحق حقاً وارزقنا اتباعه، وأرنا الباطل باطلاً وارزقنا اجتنابه.

«Уа, Құдайым! Бізге ақиқатты ақиқат етіп көрсет және соған ілесуді нәсіп ет! Бізге жалғанды жалған етіп көрсет және одан бойды аулақ салуымызды нәсіп ет!»

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: