Дұға-тілектің қабыл болуына кедергісін жасайтын күнәлар
Дұға-тілектің қабыл болуына кедергісін жасайтын күнәлар
1 жыл бұрын 5401

Алла Тағала пендесінің жасаған дұғасын, тілеген тілегін қабыл етемін деген. Бірақ кейбір күнәлар себепті жасаған дұғаларымыз не кешігуі мүмкін, не болмаса, қабыл болмауы мүмкін. Мәліметтерге қарағанда ондай күнәлардың кейбірі төмендегінше:

1) Харам табыс. Харам табыс - харам ас жеуге алып келеді. Харам ас дұғаның қабыл болуына кедергісін келтіреді. Мысалы, өсімжеу арқылы тапқан табысы, біреудің дүниесін рұқсатсыз алу, ұрлық, алаяқтық, кісінің дүниесін тартып алу, харам затты сату – бұлардың бәрі харам табыс. Бұлар - жасаған дұғасының қабыл болмауына алып келеді. Бұған қатысты сахих бір хадисте былай делінген:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) ұзақ жолаушылық жасағаны себепті үсті-басы шаң-шаң, киімі ұйпа-тұйпа болған бір кісіні мысал келтіріп: «Ол қолын аспанға созып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» дейді. Алайда жеген асы – харам, ішкен суы – харам, киген киімі – харамнан, хараммен қоректенген. Осыдан кейін оның дұғасы қайдан қабыл болсын?!» - деді»[1].    

2) Жақсылыққа шақырмау, жамандықтан тыймау. Қазақта «әй дейтін әжі жоқ, қой дейтін қожа жоқ» деген сөз бар. Қоғамда жақсы іске ұмтылдырып, жаман істен тыйып отырмаса, қоғам азғындыққа бет бұрып, арты қоғамның құлдырауына әкеп соғады. Сондықтан да, Ислам дінінде бір жамандық көрген болса, қолынан келсе қолымен тоқтатсын, оған күші жетпесе, сөзбен айтып тоқтатсын, оған да шамасы келмесе іштей ол істі жек көріп тұрсын делінген. Және де ізгі іс істеуге, намаз оқып, ораза ұстау, ата-анаға жақсылық жасауға, көршімен жақсы қарым-қатынаста болуға, туыспен байланысты үзбеуге т.б. осы сияқты жақсылықтарды істеуге орайы келгенде шақырып, тыңдаушыға жеткізген дұрыс. Ал енді мұндай міндетті тастап қою дұғаның қабыл болмауына да алып келеді екен. Бұған байланысты бір хадисте:

«Жаным қолында болғанға ант етейін, не жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыясыңдар, не болмаса, Алла Тағала жақын арада сендерге бір жаза жолдайды, одан кейін Оған дұға жасағандарында, дұғаларыңа жауап берілмейді (қабыл болмайды)» деген[2].  

3) Алладан басқасына дұға-тілекте болу. Дұға – ол, ғибадаттың мәйегі. Құлшылық бір тек Аллаға жасалатындықтан, дұға сұрағанда бір Алладан сұрау керек. Одан өзге жаратылғандарға қол қусырып, дұға жасамау керек. Хадисте былай делінген: «Дұға – ғибадат. Раббыларың былай деді: «Маған дұға жасаңдар, дұғаларыңа жауап беремін. Сондай маған ғибадат етуге тәкәппарланғандар, кейін тозақ отына бастары салбырап қор болған күйі кіреді».

4) Күнә нәрсені сұрау. Күнә болып саналатын істі сұраған кісінің дұғасы қабыл емес.

5) Туыспен арасын алшақтатуды сұрау.

6) Дұғасының қабыл болуына асығу. Дұғаның қабыл болмауына алып келетін әбестіктің бірі – дұғасының қабыл болуына асығыстық таныту. Жақын арада қабыл болмағаны үшін «Құдай дұғамды қабыл етпеді» деп асығыстық жасау дұрыс емес. Дұға еткеннен кейін қабыл болады деген ниетпен, күту керек. Алла қалаған уақытта әрі пендеге қайырлы болған сәтте сұрағаны беріледі. Тіпт бұ дүниеде сұрағаны берілмеген болса, о дүниеде беріледі. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Бір кісі Аллаға дұға жасаса, оның дұғасы міндетті түрде қабыл болады. Алла Тағала сұрағанын осы дүниеде беруі мүмкін немесе о дүниеге қалдыруы мүмкін, не болмаса жасаған дұғасының көлеміне шақ күнәларын кешіруі мүмкін. Күнә мен туыстық қарымқатынасты үзуді сұрамаса немесе асықпаса дұғасы қабыл болады» деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Дұғасында  асығады деген не?» - деп сұрайды. «Кісінің "Раббымнан сұрадым, бірақ дұға-тілегімді қабыл етпеді" деуі» деп жауап береді Алла елшісі (с.а.у.)»[3].

Алла Тағала жасаған дұға-тілектеріңізді қабыл етсін!


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №1015 хадис.
[2] Имам  Тирмизи: «Сүнән». №2169 хадис.
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән», №3573 хадис.

0 пікір