Ел басшыларына Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.а.у.) үш сабақ
Ел басшыларына Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.а.у.) үш сабақ
1 жыл бұрын 4063
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Адамзаттың асыл тәжі, әлемге мейірім шуағын жаюға келген соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қандай тұрғыда болса да өнеге. Пайғамбарымыздың осы ерекшелігіне назар аудартқан Жаратушы Иеміз өзінің қасиетті кітабында:

«Шынында сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнеге бар», - деп бұйырады. («Ахзаб» сүресі, 21 аят).

Расында да Алла елшісінің (с.а.у.) өмірі, сөзі, әрбір іс-әрекеті, жалпы тұрмыс-тіршілігі - өнеге қайнаркөзі іспетті. Бүгінгі жазбамызда Алла елшісінің (с.а.у.) ел басқаруындағы өнегелі өмірінен үш мысал берсек деп отырмыз.

1) Заң бәріне ортақ.

Пайғамбарымыздың (с.а.у) кезінде Құрайш тайпасының ішіндегі ең текті рулардың бірі саналатын «Мәхзум» атты рудан шыққан Фәтима есімді әйел бір бағалы зат ұрлайды. (Пайғамбардың қызының да есімі Фәтима. Ол басқа. Екеуі жәй аттас). Онымен қоймай, аталмыш әйел өзінің беделін қолданып, елден қарызға зат алады екен де, артынан жалтарып, қарызын төлемей кетеді екен. Тіпті бір күні бір әйелден алтын әшекейін қолдануға алып, артынан әшекейді алмадым деп жалтарып бергісі келмегенде, ол әшекей оның үйінен табылған еді. Міне осы Мәхзум руынан болған Фәтима есімді әйел «Фәтх» күні (Меккенің жеңісі күні) тағы бір бағалы зат ұрлайды. Артынан ұрлығы әшкере болып, қылмысы Мұхаммед пайғамбарға жетеді (с.а.у.). Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелді шариғат заңына сай жазалауға шешім шығарады.

Ескерту: Осы тұрғыда айта кетелік, шариғатта көрінген зат үшін қол кесу жазасы берілмейді, ол үшін белгілі шарттар қарастырылған, егер жасалған «ұрлық қылмысында» барлық шарттар табылып жатса, сонда барып қол кесу жазасы беріледі. Ал егер ұрлық істелген күннің өзінде «шариғат жаза құқығында» белгіленген шарттары табылмаса, қол кесу жазасы берілмейді, бірақ ұрлығы үшін күнә істеген болып, ақыретте жазасын алады.

Сонымен әлгі әйелдің туыстары қайтсек жазадан аман алып қаламыз деп, араға Пайғамбардың тәрбиесінде болған Усама ибн Зәйтті салады. Өйткені Пайғамбарымыз Усаманы жақсы көретін. Бір тыңдаса, сол Усаманы тыңдар деген үміт болды.

Усама ибн Зәйд (р.а.) Пайғамбарға келіп, әйелге араша сұрайды. Сонда Пайғамбардың (с.а.у.) түрі бұзылып кетеді де Усамаға:

- Алланың бекіткен жазасына араша түспекпісің? - дейді, түрі бұзылып. Усама кешірім сұрап, жіберген айыбы үшін Алладан кешірім тілеуін өтінеді.

Кеш батқаннан соң Пайғамбарымыз мінбеге шығады да, әдеттегідей Аллаға мадақ айтқаннан соң, жиналған жұртқа қарап:

- Сіздерден бұрынғы халықтың жойылуының себебі, қашан араларындағы беделді біреу ұрлық жасаса, оны жазаламай, қоя беретін, ал әлсіз біреу ұрлық жасаса, оны жазалайтын. (Бұл ол халықтардың тоқырауына алып келді). Мұхаммедтің жаны қолында болғанға ант етейін! Егер менің қызым, яғни, Мұхаммед қызы Фәтима ұрлық жасайтын болса, сөзсіз оның да қолын кесемін! - дейді, заң алдында бәрі бірдей екендігін ескертіп.

Одан соң Алла елшісі (с.а.у.) берілген жазаның іс жүзіне асырылуын бұйырады. Әйелдің қолы кесіледі. Кейіннен әйел тәубеге келіп, қылмыстары үшін өкініп, жаман әдетін тастайды. Артынан тұрмысқа шығып, отбасылы болады1.

Күштінің жазадан сытылып кетіп жататын бүгінгі кейбір қоғамда, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл ісі үлгі боларлық тәлім.

2) Жеке басы мен жақындарын байытпай-ақ ел басқара білу.

Әзіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті қызы Фәтима анамыз үйдің тіршілігі бір өзіне ауыр келгендігін айтып, әкесі Мұхаммед пайғамбардан (ғалейһиссәләм) қызметші беруін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз қызының өтінішін қанағаттандырмай қояды. Оның орнына белгілі зікір сөздерді үйретіп, соны айтып жүруін кеңес етеді2. Ол кезде Хижаз жерінің біраз бөлігі Мұхаммед пайғамбардың билігіне өткен кез болатын (саллаллаһу алейһи уә сәлләм).

Бұл әрекеті арқылы және жалпы ел басқарып тұрған кезеңдеріндегі тұрмыс-тіршілігіне қарасақ Мұхаммед пайғамбардың, өзінің жеке басы мен туған-туыстарын байытпай-ақ ел басқаруға болатындығын іс жүзінде дәлелдеп кеткендігін анық көреміз. Саллаллаһу алейһи уә сәлләм!

Биліктегілердің арасында жемқорлық дерті жайлаған қазіргі заманда, Мұхаммед пайғамбарымыздың осы бір ерекшелігі көркем өнеге болар еді.

3) Әділеттіліктің туын желбірету. Әділетсіздікке жол бермеу.

Шынында әділеттілікті ту етіп, халқының құқығын қорғау – кез-келген мемлекетті өркендеуге, өміршен болуына жетелейтін бірден-бір себеп. Әділдік орнаған мемлекеттің келешегі баянды. Кәпір де болса, әділ болуға талпынған мемлекетке Алланың өзі жәрдем етеді. Керісінше, әділдік кенже қалған ел тоқырауға душар. Әділдіктің антонимы – зұлымдық. Әділетсіз адам – залым адам. «Зұлымдық (әділетсіздік) – әлдебір мемлекеттің тоқырайтындығының жаршысы» - дейді Ибн Халдун3

Әділеттілік және адам құқығын қорғау сияқты көбіне кенже қалып жататын істерді Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) үнемі алға шығарып отырды. Ешкімді ұлтына, дініне қарап алаламады. Кім болса да әділ үкім беріп, әділдік таразысынан ауытқымауды үйретті. Оған өміріндегі көптеген мысалдар дәлел. Сондай бір мысалды мына бір оқиғадан анық байқауға болады: 

Медине қаласында Туъма ибн Үбәириқ (طُعْمَةَ بنَ أُبَيْرِقَ ) есімді бір күнәһар мұсылман (мұның екі жүзді мұнафиқ болғандығы айтылады, бірақ сырт көзге мұсылманмын деп жүрген), өзінің Қатәдә есімді көршісінің сауытын ұрлайды. Сауыт ұн тұрған қаптың ішінде болған. Туъма ұнымен бірге сауытты алып кетеді, бірақ ізін жасыру үшін бір Яһуди дініндегі адамның үйіне тығады. Қаптың тесігінен төгілген ұнның ізі Яһудидің үйіне дейін барады. Сауыттың иесі алдымен Туъманың үйінен іздейді, өйткені ұнның ізі оның да үйінен табылған-ды. Алайда Туъма ант су ішіп, өлердегісін айтқаннан соң, оны қоя беріп, төгілген ұнның ізімен жүреді. Ізді қуып келіп, тура Яһуди бір адамның үйіне тіреледі. Үйін тінтиді. Тінту нәтижесінде сауыт Яһудидің үйінен табылады. Алайда Яһуди сауытты ұрламағанын, Туъма ибн Үбәйрақ деген адам әдейі тастап кеткенін айтып ақталады. Екі жақтың тумаластары арасында дау туғалы тұр. Оның арасы дінаралық қақтығысқа да ұласуы ғажап емес. 

Сонымен Туъманың руластары Алла елшісіне (с.а.у.) келіп, мұсылман Туъманның кінәсіз екендігін айтады. Алла елшісі (с.а.у.) дәлелдерге қарай отырып, сауытты Яһуди дініндегі адамның алғандығына тоқтам жасайды. Өйткені сауыт соның үйнен табылып отыр. Қатаданың үйінен бері төгілген ұнның ізі де дәл Яһудидің үйіне әкелді. Яһуди және оның туыстары қанша шырылдаса да, амал жоқ айғақтың бәрі оған қарсы болып тұр. Ақыры Яһудиді жазалауға шешім шығарады. Алайда шешім шығарғаны сол-ақ екен, Алла Тағаладан әлгі діні бөтен Яһуди адамды ақтап алар бақандай алты аят түседі. Біз соның екі аятын бере кетелік ("Ниса" сүресі, 105, 108 аят):

  • «Ей Мұхаммед! Адамдар арасында Алланың көрсеткені бойынша төрелік айтсын деп саған хақ кітапты түсірдік. Сондықтан да сатқындарды ақтаушы болма!»...
  • «Олар (қиянаттарын) адамнан жасырса да, Алладан жасыра алмайды. Олар Алла разы болмайтын (қаралау) сөзді түнделетіп жоспарлаған кезде, Алла олармен бірге еді»4

Қасиетті аяттардағы «Сатқындарды ақтаушы болма» және «түнделетіп жоспарлаған кезде Алла олармен бірге еді» деген сөздер - негізгі ұрлықшы Туъма екендігін анық білдіріп тұрған еді. Осылайша Алла Тағала өзінің Пайғамбарын әдейі болмаса да әділетсіздікке барып қоюынан құтқарған болды. 

Діні бөтен Яһуди адамды ақтап көктен аят түскеннен кейін, Мұхаммед пайғамбарымыз шешімін қайтарып алады да, Яһуди адамның кінәсіз екендігін жариялайды5. Ал негізгі ұрлықты жасаған Туъма екендігін білдіреді... 

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) әділдігіне қарасаңызшы. Ертеңгі күні айналадағы жұрт «мұсылмандар ұрлықшы» деп, Ислам дініне кір келетіндігіне қарамастан әділдіктен ауытқымай, ақиқатты айтып жариялады. Негізінде басында, Яһудидің туыстары наразы болса да айғақтарға қарап, Яһуди адамды кінәлі деп тапқан болатын. Ал енді қателескенін білдірсе, тағы да адамдар алып-қашпа әңгімелерге жол беріп, атына кір келейін деп тұр. Осының бәрін назарға алсақ Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) үшін ақиқатты жасырып қалып, алғашқы шешімінде тұрып алуы - тиімдірек болар еді. Алайда, Ол олай етпеді. Өзіне және мұсылмандарға зиян болса да ақиқатты жария қылып, әділдіктің орнауын бірінші орынға қойды. 

Әділетсіздік кең тараған мына замандағы билік иелеріне Мұхаммед пайғамбардың өмірі үлкен өнеге. 

Аллаһумма салли уә сәллим уә бәрик аля Мұхаммед! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1  Имам Бұхари, «Сахих Бұхари». Әзіреті Айша анамыздан жеткен оқиға.
2  Фатима анамыз үйдің тіршілігі бір өзіне ауыр келіп, әкесі Мұхаммед пайғамбардан (ғалейһиссәләм) қызметші беруін сұрағанда Алла елшісі (с.а.у.) қызына мына зікірлерді айтуды кеңес етеді: «Сен үшін қызметшіден де қайырлы болатын нәрсені айтайын ба? Ұйықтайтын кезде – отыз үш рет Алланы пәкте (сүбханалла деп айт), отыз үш рет Аллаға мадақ айт (әлхамдулиллаһ де) және отыз төрт рет Алланы ұлықта (Аллаһу әкбәр де)», дейді Ол (с.а.у.). Осылай істеуі олар үшін қызметші ұстаудан әлдеқайда қайырлы боларын білдіреді. (Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»)
3  «Кәпір де болса әділеттілік орнаған мемлекетке Алла жәрдем етеді». А. Қасым.

4  Құран Кәрім, «Ниса» сүресі, 105-112 аят.
5  Ибн Кәсир: «Тәпсір». Осы оқиғаның тағы бір нұсқасы Тирмизиде келтірілген.

 

0 пікір