Хасадтың үш түрі
Хасадтың үш түрі
1 ай бұрын 1152
islam.kz

Хасадтың (іштарлық, қызғаныш) үш деңгейі бар:

Біріншісі:

Алланың басқа біреуге берген нығметтеріне қызғанышпен қарап, сол нығметтердің жойылуын қалау. Бұның салдары - ішкі қызғаныштан басталып, ниетпен, тілмен және әрекеттермен зиян келтіруге дейін ұласуы мүмкін. Бұл — хасадтың (іштарлықтың) ең ауыр түрі.

Екіншісі:

Кей адам өзгеде нығметтің (жетістіктің, байлықты, жақсылықтың) мүлдем болмауын қалайды. Ол әлдекімнің жағдайының жақсарып, нығметке бөленгенін ұнатпайды. Яғни, басқа біреудің надандықта, кедейлікте, әлсіздікте немесе Алладан алшақ күйде қала беруін тілейді. Мұндай күншілдік иесі өзгенің кемшіліктері ішінде және жағдайының тарлығында қала беруді тілейді.

Жоғарыда аталған күншілдіктің біріншісі — берілген нығметке, екіншісі — әлі берілмеген нәрсеге қатысты. Екеуі де Алланың берер нығметіне жау және адамдарға дұшпан. Мұндай хасад иелері адамдар арасында ешқашан беделге ие болмайды, өйткені адамдар тек жүрегі таза және кісіге жамандығы жоқ адамды ғана көтереді.

Үшіншісі – Ғибта (ақ ниетті қызғаныш):

Бұл – менде де болса деп тілеу. Яғни, біреудің қолындағы нығметтің өзінде де болуын қалайды, бірақ өзгеден ол нығметтің жойылуын қаламайды. Мұндайды ғыбта дейді. Бұл күңшілдіктен гөрі, қызығушылыққа көбірек жақын. Біреудің артықшылығына қызығып, өзінде де сондай болса деп тілеу мубах, күнәсі жоқ сезім. Тіпті, бұндай қызығушылық түрі Аллаға бойсұнуына, халыққа пайда келтіруіне және ізгі амалдарға жетелеуге итермелейтін болса, ондай қызығушылық түрі – мақтаулы іс. Бұл – жақсылық жасауда жарысудың бір түрі.

Алла Тағала:
"Сол үшін жарысатындар жарыссын!" – деді. (Мутаффифин сүресі, 26-аят)

Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Тек екі адамға ғана қызғаныш (ғибта, қызығушылық) етуге болады: Біріншісі – Алла мал-дүние беріп, ол оны ақиқат жолында сарп етуші әлдекімге.
Екіншісі – Алла хикмет (ілім) беріп, ол сонымен үкім шығар
ып, өзгелерге үйрететін әлдекімге» – деген. (Бухари мен Муслим риуаят еткен хадис)

Бұл – нағыз ізгілікке ұмтылуға түрткі болатын, игі қасиеттерге құмар болуға жетелейтін, игі адамдарға ұқсауға құлшындыратын ақ ниетті қызғаныш түрі, яғни, қызығушылық. Мұндай адам, өзі де солардың қатарынан болғысы келеді. Сондықтан ол жақсылықта жарысуға, сауапқа асығуға ұмтылады, әрі өзі ғибта еткен адамға жамандық емес, жақсылық тілейді.

Ұнамсыз қызғаныш – кекшілдіктің туындысы

Ал кек – ашудан туындайды. Қызғаныш, күншілдік басқаша айтқанда іштарлық істеген ізгі амалдарын - от отынды жандырып күл қылғандай, жойып жібереді. Адамдар арасында дұшпандық пен алауыздық тудырады, туыстық қатынастарды үзеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген:
«(Жаман) ойдан сақтаныңдар, өйткені ой (жаман ой) – ең жалған сөз. Өзгелердің сырын аңдымаңдар, бір-бірлеріңді аңдымаңдар, күншіл болмаңдар, теріс айналмаңдар, бір-біріңді жек көрмеңдер. Уа, Алла Тағаланың құлдары! Бауыр болыңдар!»
(Бұхари мен Мүслім риуаят еткен хадис).

Хасадтың ақымақтығы:

Күншіл адам қандай ақымақ! Ол Алланы, тағдырды, дінді білмейді. Егер Алла біреуге нығметті Өз мейірімімен берген болса, неліктен сен Оның сүйген пендесіне қызғанышпен қарайсың? Оған сенің қызғанышың зиян тигізе ала ма? Ал егер әлгі нығмет күнәһарға берілсе, неге сен тозаққа кететін адамды қызғанасың?

Ібіліс пен хасад:

Ібіліс – Адам атаны (ғ.с) қызғанды. Оның дәрежесі мен Алла алдындағы мәртебесін көріп, Аллаға қарсы шықты. Оның күншілдігі оны Аллаға қарсы келуге жетеледі - сәжде етпеді. Соңында Алланың мейірімінен қуылып, Қияметке дейін лағынеттелді. Ол және оған ергендер мәңгілік отта қалатын болады.

Алла Тағала оған қатысты аятында:
«Ей, Ібіліс! Қолыммен жаратқан нәрсеге неге сәжде етпедің? Тәкаппарсың ба, әлде жоғары тұрғандардың бірі ме едің?» деді. Сонда Ібіліс: «Мен одан артықпын. Мені оттан жараттың, ал оны – балшықтан» деді. Алла: «Онда сен бұл жерден шық! Сен – қарғысқа ұшырадың. Саған Қияметке дейін менің лағынетім болсын!» - деді».
(«Сад» сүресі, 75–78 аяттар).


Іштарлық себепті сауаптан айырылу:

Хасад иесі – Алла үшін жақсы көрушіліктен, бауырмалдықтан, тіпті иманның өзінен де мақрұм қалуы мүмкін. Оның қызғанышы Алланың ашуына, Тозаққа апаруы бек мүмкін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Сендер иман келтірмейінше Жәннатқа кірмейсіңдер. Ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірмейсіңдер. Сендерге бір амал айтайын ба – оны істесеңдер, бір-бірлеріңді жақсы көресіңдер: араларыңда сәлемді жайыңдар». (Мүслім риуаят еткен хадис).

Хасадтың әсері және жаман көз:

Хасадтың нақты зияны — іс жүзіне асқанда көрінеді. Бұл жайында Алла Тағала былай деген: 

«…іштардың қызғанған кездегі жамандығынан Саған сыйынамын! де» («Фәләқ» сүресі, 5-аят).

Хасад иесінің көзі өздігінен зиян тигізбейді. Бірақ оның ниеті, ниетінің бұзылуы, ішкі ашуы мен жеккөрушілігі біреуге бағытталса, ол адамға әсер етеді. Бұл — улы жыланның шаққанымен бірдей. Жылан уын ызамен бөліп шығарады. Сол сияқты, қызғаныш иесі де рухани «у» шашады.

Бұған ақылы бар, рухани сергек адам куә бола алады. Рух — тәнге жан береді. Рухсыз дене — жай ғана ет немесе ағаш сияқты. Рух кеткенде білім, ақыл, көру, есту, сөйлеу де кетеді. Адам сені сүйе ме, жек көре ме, дос бола ма – бәрі сол рухқа байланысты.

Көз тию мен хасадтың айырмашылығы:

Ұқсастығы: Екеуі де — адам ішкі ниетімен біреуге зиян тілейді.
Айырмашылығы: Көз тию – нақты көріп тұрған кезде әсер етеді. Ал хасад – көрсе де, көрмесе де әсер етуі мүмкін.

Көз тиген адам тіпті досына, не өзіне де зиян тигізуі мүмкін. Бұл көбінесе таңданыс, тамсанумен болады. Бұл кезде адамның рухы «кері» бағытта толқып, зиянды әсер етеді.

Алла Тағала: 

«Кәпірлер, ескерту айтылғанда, сені көздерімен құлата жаздайды…». (Қалам сүресі, 51-аят)

Кейде бұл – қатты дұшпандықтан, кейде – артықша тамсанудан болады.

Күншілдің көзі – тамсанушының көзінен ауыр.

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: