Ибн Жәузи (м. ХІІ-ХІІІ ғ.): «Алла халал еткен жақсы нәрселерді өздеріңе жөнсіз харам етпеңдер»
Ибн Жәузи (м. ХІІ-ХІІІ ғ.): «Алла халал еткен жақсы нәрселерді өздеріңе жөнсіз харам етпеңдер»
1 ай бұрын 1502 islam.kz
islam.kz
 "Сендерге рұқсат етілген жақсы нәрселерді харам етпеңдер"

Маған заманымыздағы бір Зәһид (дүние қызығынан баз кешетін, тақуа) кісі туралы әңгіме жетті: оған тамақ әкелгенде, ол: "Мен жемеймін!" – депті. Сонда қасындағылар: "Неге?" – деп сұраған кезде: "Өйткені, нәпсім оны қалап тұр, ал мен көп жылдан бері нәпсіме қалағанын бермей келемін!" – деп жауап беріпті.

Сонда, мен айттым (төмендегі жазбасы да жоғарыдай айтқан тым тақуа кісіге қарасты болмақ): "Бұл адам тура жолдан екі себеппен ауытқыған, ал оның басты себебі – білімсіздік» дедім. Екі себептің:

1. Біріншісі: Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен ауытқуы

Пайғамбар (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) және Оның сахабалары мұндай шектен шығушылыққа бармаған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) тауық етін жеген және тәттілер мен балды жақсы көрген.

Осы тұрғыда мынадай әңгіме айталыды. Бірде Фарқад Әс-Субхи Хасан әл-Басридің фалузаж (тәтті тағам) жеп отырған жеріне кіргенде, Хасан оған: "Уа, Фарқад! Бұл туралы не айтасың?" – дейді. Фарқад: "Мен оны жемеймін, әрі жеген кісіні де жақтырмаймын," – дейді. Сонда Хасан: "Бал араның сілекейі, бидайдың жұмсақ бөлігі және сиырдың майы (сары май) – мұны мұсылман айыптай ма?!" – деп таңырқайды.

Тағы бір адам Хасанға келіп: "Менің бір көршім фалузаж жемейді," – дейді. "Неге?" – деп сұрағанда, әлгі кісі: «Ол «оның шүкірін өтей алмаймын» – дейді," – деп жауап береді. Сонда Хасан: «Сенің көршің білімсіз, ол суық судың шүкірін өтей ала ма?!» – деген екен.

Және де табиғин Суфьян әс-Сәури сапарда өзімен бірге "фалузаж" және "қуырылған қозы етін" алып жүретін, және: «Малға жақсы қараса, ол жақсы жұмыс істейді» – дейтін.

Ал енді кейінгі замандағы тақуалар арасында пайда болған мұндай әрекеттер (яғни, дүниелік адал асты жеуден өзін тыйю) – христиан монахтарынан енген істер. Мен Алла Тағаланың: "Сендерге Алла рұқсат еткен жақсы нәрселерді харам етпеңдер және шектен шықпаңдар"  деген сөзінен қорқамын ("Мәида" сүресі, 87-аят). Сахабалардан мұндай шектеулер болмаған, тек уақытша себептерден ғана тыйылған жағдайлар кездесуі мүмкін.

Ибн Омар (р.а.) өзі қатты қалаған тағамды немесе ең сүйікті күңін Алла жолында басқаға берген. Мұндай іс – өзінің нәпсісін тәрбиелеудің ең жақсы түрі. Өйткені, ол нәпсінің ең қатты қалаған нәрсесін өзгеге беру арқылы, нәпсінің "мен әрқашан қалағанымды аламын" деген тәкаппарлығын уақытша тоқтатып, оның құмарлығының шектен шығуына жол бермейді. Мұндай үлкен құрбандық сирек кездессе (яғни, үнемі емес, кейде ғана жасалса) дұрыс.

Нәпсіні үнемі басудың зияны:

Егер адам нәпсісіне үнемі қарсы шығып, оның шариғатта адал саналатын нәрселерден қалағанын үзілді кесілді тыйып отырса, бұл оның жүрегін соқыр етеді, ойлау қабілетін тұйықтайды, жігерін шашыратады. Зияны пайдасынан көп болады. Ибраһим ибн Әдһәм былай деген: «Шындығында, жүрек мәжбүрленсе, ол соқыр болады». Бұл сөздің астарында нәзік бір құпия жатыр. Ол – Ұлы Алла Адам баласының табиғатын ғажап түрде жаратқан. Біздің ішкі қалауымыз (әрине, шариғатқа қайшы келмейтіні) көбінесе бізге дұрыс келетін, пайдалы нәрселерді таңдайды. Осы қалауды дұрыс басқару арқылы адам өзінің дұрыс жолда екенін және қалаған нәрсесінің пайдасын біледі.

Медицина даналары былай деген (автор орта ғасырда өмір кешкен):

'Нәпсіге тамақтардан өзі қалаған нәрселерінде кеңшілік беру керек, тіпті онда біраз зиян болса да. Өйткені, ол (нәпсі) өзіне қолайлысын ғана таңдайды. Егер тақуа осындай жағдайда оны (нәпсіні) басып тастаса, бұл оның денесіне зиян келтіреді. Табиғаттың ішкі тарту күштері болмаса, дене тірі қалмас еді. Тағамға деген құмарлық оянады, ал қажетті тағам ішке түскенде, құмарлық тоқтайды.

Нәпсілік құмарлық – денеге керектіні іздеуші әрі бастаушы. Ол дененің саулығы үшін (егер бақылауда ұстаса) жақсы қозғаушы күш! Алайда, егер ол шектен шықса, зиян келеді. Ал егер нәпсінің қалауының соңы жамандыққа апармайтынына сенімді бола тұра, оны қалағанынан толықтай бас тартуға мәжбүрлесе, бұл нәпсі жағдайының бұзылуына, дененің әлсіреуіне және жалпы жүйені құлдырататын әртүрлі аурулардың пайда болуына әкеледі. Мысалы, қатты шөлдегенде судан, ашыққанда тамақтан, құмарлық күшті болғанда (әйелімен) жыныстық қатынастан, ұйқы басым болғанда ұйқыдан тыйылу сияқты. Тіпті, қайғырған адам шағымдану арқылы жеңілдемесе, оны ішкі күйік (жабырқау) өлтіреді (дейді медицина хакімдері).

Егер әлгі тақуа осы негізді түсінсе, ол Пайғамбар (с.ғ.с.) мен сахабалардың жолына да, даналық қағидаларына да қайшы келгенін білер еді.

Осы тұрғыда айта кету керек: Бұл сөз [яғни, нәпсіге кеңшілік беру туралы айтылған сөз] «Тағамның тазалығын қайдан білеміз?» деген сұрақты туғызбауы керек. Өйткені, егер тағам таза болмаса (күмән тудырса), онда одан бас тарту – тақуалыққа жақын.

Біздің сөзіміз тақуалық тұрғысынан ешқандай зиян келтірмейтін (харам немесе күмәнді емес) тағам туралы болды.

Және де менің бұл түсіндірмем – 'Мен ешқашан нәпсіме қалағанын берген емеспін' деген адамға берілген жауап еді.

2. Екінші себеп: Нәпсінің жасырын алаңы

Екіншіден: Мен ол тақуаның нәпсілік құмарлығы одан бас тартуға ауысып кеткен бе деп қорқамын. Яғни, ол енді жемеуді қалай бастаған сияқты ма деймін. 

Нәпсінің мұнда нәзік айласы мен жасырын риясы (екіжүзділігі) бар. Адамдар алдындағы риядан құтылса да, іштей осындай "тақуалық" ісімен мақтану және тәкаппарлыққа ұрыну қаупі бар. Бұл – қателік және үлкен қатер.

«Бұл - жақсылықтан (тақуалықтан) тыю» деген надан сөздерге алдануға болмайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан: «Біздің бұйрығымызда  (Сүннетіміз) болмаған әрбір амал – қабыл етілмейді» деген.

Сондықтан, Жүрейж сияқты адамдардың артық құлшылығына да, Зуль-Хувайсира сияқтылардың тақуалығына да сеніп алдануға болмайды.

Артық тақуалыққа ұмтылғандар Пайғамбар (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) да, Оның сахабалары да жүрмеген жолдарға түсті. Олар (артық тақуалыққа ұмтылғандар) «шектен тыс, артық кішіпейілдік таныту, киімді тым қатты ескіргендей етіп киюге тырысу», сияқты көпшілік халыққа сүйкімді көрінетін жақсы көретін нәрселерді істеді. Тіпті бұндай әрекеттер кейбір топтар үшін тіршілік көзіне айналды. Олар мұның арқасында:

  • Қол сүйгізуді,
  • Құрметті арттырды,
  • Жақсы атақты (беделді) сақтауды пайда ретінде көрді.
  • Олардың көпшілігі жалғыз қалғанда, адамдардың алдындағы жағдайынан мүлдем басқа күйде болады.

Табиғин Ибн Сирин адамдар арасында қатты дауыспен күледі екен де, ал түнде жалғыз қалғанда, бір ауылды жойғандай қатты жылап, қайғыратын.

Біз Алладан пайдалы ілім сұраймыз, өйткені ілім – барлық істің негізі. Ілім алсақ, Ұлы Жаратушыны танимыз және Оның бұйырған, сүйген жолымен, шынайы ықыласпен қызмет етуге ұмтыламыз.

Негіздердің негізі – ілім, білім, ал ең пайдалы ілім – Пайғамбар (с.ғ.с.) және Оның сахабаларының өмір жолдарын зерттеу (яғни, тақуалықта олардан асып шектен шықпау-ауд.). Құранда: «Міне, солар Алла тура жолға салғандар. Ендеше, сен де солардың жолына ілес» - делінген.(«Әнғам» сүресі, 90-аят)1.


1Әбу Фараж Абдуррахман ибн Жәузи (рахимаһуллаһ): «Сайдуль Хатыйр». Араб тілінде. Аударып дайындаған: А. Қасым.

 

0 пікір