ИМАНДЫ ӘЛСІРЕТЕР СЕБЕПТЕР
ИМАНДЫ ӘЛСІРЕТЕР СЕБЕПТЕР
3 сағат бұрын 147 islam.kz/
Абдулла Самға

Иманның әлсіреуі — мүміннің жүрегіне түсетін ең қауіпті дерттердің бірі. Бұл дерт оның ділі мен іс-амалына тікелей әсер ететін ауыр зардаптарға әкеледі. Иман әлсірегенде адамның сенімі (яқин) шайқалады, тәуекелі азайып, Алланың бақылауында екенін (мұрақаба) ұмыта бастайды. Осындай сәтте көкірегі тарылып, жүрегі қатаяды. Ал жүрек қатайғанда көңіл-күйі бұзылып, Құран оқығаннан еш әсер алмайтын болады.

Адам бірте-бірте ғәплет (бейқамдық) жолына түсіп, алдымен сүннет пен мүстаһаб амалдарды, сосын уәжіптерді орындауға селқостық танытады. Соңында күнәлар мен мүңкәр (тыйым салынған) істерге бой алдырады. Бұл құрдымға кету — тек Алла Тағала Өз мейірімімен оны оятып, алдында тұрған қауіпті сездірмесе, жалғасын таба бермек. Сондықтан иманды әлсірететін себептерден арылып, оны күшейтетін амалдарға ұмтылу қажет.

Иманды әлсіретер себептер:

1. Иманды ортадан алыстау.

Діннен алшақтаудың басы – иманды ортадан алыстау болып табылады. Иманды ортадан қол үзген адамның рухани өсуі тоқтап, төмендей бастайды. Ол жүректі жібітетін насихаттарды естуден қалады. Жүректің топырағын иманмен суаратын Құраннан алыстаған сайын, оның бойындағы тәубе, қорқыныш, махаббат пен ризашылық сезімдері сөнеді. Сондықтан да, алдыңғы буын «сәләф салихин» мұсылмандар иман алауын сөндіріп алмас үшін: «Жүрші, біраз уақыт иман келтірейік (иманымызды жаңартайық)», — деп бір-біріне насихат айтатын болған.

2. Жаман орта (күмәнді достар)

«Досқа қарап, дос өсер» демекші, мінез бен әдет жұқпалы келеді. Пайғамбарымыз жаман досты ұстаның көрігіне теңеген: ол (ұстаның көрігі) сенің киіміңді күйдіреді немесе одан жағымсыз иіс шығады. Бұзық, пасық адамдармен араласу да сол сияқты екі дүниеде де пайдасы жоқ, тек өкініш қана әкеледі. Құранда айтылғандай: «Сол күні залым бармағын шайнап: «Әттеген-ай! Пайғамбармен бірге жол тартқанымда ғой! Сорлы басым-ай! Пәленшені дос тұтпағанымда ғой!» — дейді» («Фұрқан» сүресі, 27-28 аяттар).

3. Дүниеге тым қатты берілу

Жүректің дүние қызығына байлануы және нәпсінің қалауы мен ләззатына еріп, байлық жинауға салынуы адамға Ақыретті ұмыттырады. Алла Тағала бұл туралы: «Ей, иман келтіргендер! Мал-мүліктерің мен бала-шағаларың сендерді Алланы еске алудан тоспасын!» деп ескерткен. («Мұнафиқун» сүресі, 9-аят). Пайғамбарымыз дүниеқоңыздықты былайша айыптаған:

«Кімнің басты уайымы дүние болса, Алла оның істерін берекесіз етіп, басын қатырады (жан-жаққа шашыратып жібереді). Кедейлікті (аш көздікті) оның екі көзінің арасына қояды (яғни ол қанша байыса да, өзін кедей сезініп, тоймайтын болады). Ал дүниеден оған тек тағдырына жазылған несібесі ғана келеді» (Имам Тирмизи, «Сүнән»).

Дүниеге және оның өткінші жылтырағына деген махаббаты артқан сайын, адам баласы басқа ештеңені көрмей, соның құлына айналады. Бұл туралы мына хадисте айтылған:

«Динардың құлы, дирхемнің құлы және сәнді киімнің (қалауының) құлы оңбады! Оған сұрағаны берілсе — риза болады, берілмесе — ашуланады...» Сахих Бұхари»).

4. Ғапылдық (бейқамдық) және өмірде мәңгі өмір сүруді көксеу

Ақыреттен теріс айналып, дүниеге бас қою және «әлі алда өмір көп» деп ұзақ үмітпен жүру — адамды күнәға итермелейді. «Сендерді көбейту (дүние жинау) жарысы айналдырып (алдап) қойды, тіпті қабірге барғандарыңа дейін» делінген Құранда. («Тәкәсүр» сүресі, 1-аят).

Әзіреті Әли (р.а.) айтқандай: «Мен сендер үшін екі нәрседен қатты қорқамын: нәпсіге еріп кетуден және ұзақ үміттен (өмірді мәңгі деп ойлау). Нәпсіге ерген — шындықтан адасады, ал ұзақ үміт — Ақыретті ұмыттырады».

5. Ізгі үлгінің, яғни, ұстаздың болмауы

Қазіргі таңда адамдардың көз алдынан шынайы ізгі үлгілер жоғалып, олардың орнын ар-ұяты жоқ, жеңілтек адамдар басты. Теледидар мен әлеуметтік желілерде діннен, білімнен, мәдениеттен жұрдай «танымал» тұлғаларды жастарға үлгі етіп ұсынып жатқан жайлары бар. Соларға еліктеген адамдар рухани құрдымға түсуде.

6. Күнәларға бой алдыру

Күнә — иман әлсіздігінің белгісі әрі оның нәтижесі. Пенденің иманы әлсіресе, күнә жасауы да оңай бола бастайды. Ал күнә жасаған сайын иман одан сайын әлсіреп, жүрегі (рухани тұрғыда) ауруға шалдығады. Бұған байланысты сахаба Ибн Аббас (р.а.) айтқандай:

«Күнә іс бетте — қараңғылықты, жүректе — түнекті, денеде — әлсіздікті, ризықта — кемістігі және адамдардың жүрегінде — жеккөрініштілікті тудырады». Әрбір күнә жүрекке бір қара дақ болып түседі, егер тәубе етілмесе, ол дақ ұлғайып, жүректі толықтай қаптап алады. Құранда былай делінген: «Әсте, олай емес! Керісінше, жасаған іс-әрекеттері (күнәлары) себепті жүректерін тат басып қалды». «Мұтафифин» сүресі, 14 аят).

Міне, бұлар — иманды әлсірететін негізгі себептер. Осыларды біліп, оларға қарсы амал ету арқылы мұсылман өз иманын әлсіреуден сақтай алады.

Алла Тағала баршамызға иман байлығын берсін!

0 пікір