Ислам дініне дұшпан болудың ақыры жақсылыққа апармайды!
Ислам дініне дұшпан болудың ақыры жақсылыққа апармайды!
24 күн бұрын 1691 islam.kz/

"Мәсәд" сүресін ой жүгіртіп оқыған адам - жүрекке иман ұялататын, Аллаға деген сенімді күшейтетін және менмендік пен тәкәппарлықты жойып, жан дүниені тазартып жіберетін көптеген ғибраттар мен маңызды мән-мағыналарды көреді.

Мәсәд сүресі — Пайғамбарға ашық түрде дұшпандық танытқан Әбу Ләһәб пен оның әйелі Үмму Жәмилді айыптап, олардың ақырының түнек екендігін білдіру үшін түскен. Өйткені, ол екеуі өздерін Алланың Елшісіне және оның әкелген дініне қарсы шығуға арнаған адамдар еді. Сондықтан, Құран сүресі оларды мінеп, ақырының ауыр екендігі жайлы хабар берді.

Алла Тағаланың бұл сүресі ол екеуін қияметке дейін абыройдан жұрдай болатынын хабар берді. Және де ең таңқаларлығы – аталмыш сүре Әбу Ләһәбтың ажалынан бірнеше жыл бұрын түскен еді, соған қарамастан Әбу Ләһәбтың имансыз кететіндігінен жылдар бұрын хабар беріп отыр. Әбу Ләһәб расында да имансыз өтіп, соңында көмусіз қалды. Мұның өзі екі нәрсені айғақтайды: Алланың жазмышынан озмыш жоқ екендігін және Құран сүрелерінің шынында да бүкіл адамзаттың болашағын білетін Жаратушы Йеміз тарапынан түскендігін.

Раббысы тарапынан айыпталып, осы дүниеде-ақ масқара болудан асқан бейшаралық бар ма, айтыңызшы?!

Кім де кім осыған тереңірек үңілсе, бір ғажап сырды байқай алады. Ол — Пайғамбар (с.а.у.) өз туыстарын жиіп: «Мен сендерді ауыр азап алдында ескертемін!» — деп уағыз айтқанда, Әбу Ләһәб пен оның әйелі орнынан тұрып: «Саған нәлет болсын, бізді осы үшін жинадың ба?!» — деп тіл тигізді, осылайша дінге қарсы екендігін жиналған жұрттың көзінше ашық айтып, дұшпандықтарын жария түрде білдірген еді. Осыған жауап ретінде Алла Тағала мына сүрені түсірді:

«Әбу Ләһәбтің қолы құрысын! Өзi де құрыды. Мал-мүлкі мен тапқандары оны құтқара алмады. Ол лапылдаған отқа күйеді. Әйелi де отын арқалап, мойнында ширатылған арқан болады» (Мәсәд сүресі, 1–5 аяттар).

Сира кітаптарына айтылғандай, Пайғамбарымыз базарларда жұртқа Исламды түсіндіріп жүргенде Әбу Ләһәб Оның артынан қалмай, елге: «Оған сенбеңдер, ол — дінінен шыққан жалғаншы!» — деп жар салып жүреді екен. Сонда ел Пайғамбардың жақын туысының өзі сенбей, інісінің дағуатына қарсы шығып жатқандығына қарап: «Егер оның айтқаны (пайғамбардың айтқаны) шын болса, өз туысы сеніп, соңынан ерер еді ғой», — деп Исламнан теріс айналатын болған. Яғни Әбу Ләһәб адамдарды Алланың дінінен жирендіріп, дінге де, діннің өкілдерімен де ашық жауласушы еді. Сондықтан, Алла оны халыққа масқаралап, ақыретке дейін абыройынан айырды — енді ол тек қарғысқа ұшыраған адам ретінде ғана еске алынатын болды.

Міне, кім Аллаға, Оның Елшісіне және Алланың хақ дініне қарсы тұрамын десе, Алла оны осы дүниеде-ақ қор қылып, жермен-жексен етеді және оны жұртқа сабақ болатындай етіп жазалайды. Оған бұл дүниеде де, ақыретте де қарғыс пен мазақ ілеседі.

Алла Тағала Құранда «Кәусәр» сүресінде:

«Сөзсіз, сені жек көрген адам – ұрпағы кесілген нағыз бейбақ сол», — делінеді.

Демек, кім Алла мен Оның Елшісіне жау болса, ол — ұлық болса да, мал-мүлкі көп болса да, құтылып кете алмайды: «Мал-дүниесі мен тапқаны оны құтқармады» (Мәсәд сүресі, 2-аят).

Тағы бір хадис-құдсида Алла Тағала былай дейді:

«Кім менің досыма жау болса, Мен оған соғыс жариялаймын».

Сондықтан кімде-кім Исламға қарсы шығуға бел буса, дінге қарсы соғыс ашса, ол өзін опатқа ұрындырып жатыр деген сөз. Ондай еркек, не, әйел дұрыс жолдан тайып, қарғыс пен азапқа бастайтын жолмен кетіп бара жатыр деген сөз.

Алла тауфиқ берсін! Дінге қарсы болғандарға һидаят нәсіп қылсын!

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: