Жалғыздық феномені: Жалғыздыққа құштар қоғам пайда болды
Жалғыздық феномені: Жалғыздыққа құштар қоғам пайда болды
14 күн бұрын 1540
islam.kz

Бүгінгі қоғамда бір ерекше құбылыс пайда болды: адамдар енді жалғыз қалуды қалауға айналды. Бұрын жалғыздық – мұң, күйзеліс, тіпті қорқыныш болып есептелсе, қазір ол тыныштықтың, қауіпсіздіктің, еркіндіктің белгісіне айналды. Көп адам елден жырақ кеткісі келеді, көпшілік ортадан қашады, достарымен де жиі кездескісі келмейді. Адамдар «жалғыз болсам — жаным тыныш» дейтін кезеңге жетті. Бұл — жай ғана жалғыз қалу емес, бұл — жеке оқшаулануға бейімделудің әлеуметтік феномені.

Ерікті түрде оңашалану

Бұрын жалғыздық — амалсыздықтың нәтижесі еді. Қазір бұл — таңдау. Кейбір адамдар өмірін жалғыз өткізуге бел байлайды. Кейбіреулер шетелге көшіп, елден, туыстан, таныстан байланыс үзеді. Енді біреулер қала ішінде бола тұра, әлеуметтік желілерде де белсенді болмай, ешкіммен хабарласпай, өзімен-өзі өмір сүреді.

Бұл — бұрынғы дәстүрлі қоғам үшін жат болғанымен, қазіргі жаңа қоғамда әдеттегі құбылысқа айналып барады. Бұрын адам ортаға тәуелді, қоғамға байланған еді. Қазір ол еркін жалғыздыққа ұмтылады.

Бұл құбылыс неге пайда болды?

Еркін оқшаулану феномені неге пайда болды? Оған себеп не болуы мүмкін? Әрине себеп салдар әртүрлі болуы ғажап емес. Соның ең бірінші себебі – тағы да сол смартфон, интернет десек қателеспеспіз. Кісі сматрфондағы өз әлемінде бақытты. Әлеуметтік желілердегі қызықты видеоларға сүңгіп, оның қызығына батумен, ол өзін бақытты сезінеді. Ал дос-жараңға уақыт өткізіп, олармен араласу оның тәуелсіз әлеміне кедергі жасайтын сыңайлы. Сол себепті де ол смартфондағы әлемді шынайы ортамнан артық көреді. Әрине, жалғыздық құбылысын тудырып жатқан ол ғана емес. Одан басқа да себептерді былай сайып өтуге болады:

а) Адамдардан қажу

Көп адамдар өзгенің сөзі, көзқарасы, айыптауы, екіжүзділігі, риясы, артық кеңесінен шаршады. Қоғамда шынайылық азайды, бәрі роль сомдап жүрген сияқты. Ал жалғыздықта — адам маскасыз, өзімен өзі, шынайы.

ә) Эмоционалды күйзелістен қорғану

Жақын адамдармен араласқанда ренжу, ренжіту, түсінбеушілік, жанжал болатыны жасырын емес. Ал жалғыз жүрген адам жан дүниесін сақтағысы келеді.

б) Еркіндікке құштарлық

Көп адам жалғыздықты — ешкімге тәуелді болмау, өз уақытына, кеңістігіне өзі қожайын болу деп түсінеді. Бұл — бақылаудан қашу, еркін өмір сүруге талпыныс.

в) Сенім жоғалуы

Адамдар көп алданды, көп адасты. Бірге жүріп сатып кеткендер, сырын жария еткендер, жанын жаралағандар көбейген сайын адам жалғыздықты қауіпсіз деп көреді.

Бұл феноменнің қауіпті жағы

Бастапқыда жалғыздық жайлылық болса да, ұзақ уақытқа жалғасса, ол адамның:

психикалық саулығына
әлеуметтік дағдыларына
рухани дүниесіне теріс әсер етеді.

Көп адам кейін қайта араласқысы келгенде, адаммен сөйлесе алмай қалатын жағдайға түседі. Өзіне де, өзгеге де жат бола бастайды. Ал бұл рухани әлсіреу мен оқшау күйзелістің басы.

Не істеу керек?

а) Жалғыздық пен оңашалықты тең көрмеу керек. Оңаша қалу — пайдалы. Ол өзіңмен жұмыс істеуге, терең ойлануға, тынығуға көмектеседі. Бірақ толық оқшаулану — адам табиғатына жат.

ә) Қауіпсіз әрі шынайы байланыс құру керек. Бізге көп адам емес, бір-екі сенімді, шынайы жан керек. Шынайы қарым-қатынас — жанға шипа.

б) Рухани тірек табу. Адам қанша өзін-өзі жұбатса да, шын тыныштық — Жаратушыны тануда. Өйткені жалғыз қалғанда да жалғыз емессіз. Алланың назарындасыз. Бұл — адамның ішкі жалғыздығын жеңетін ең үлкен күш.

Қорытынды:

Қоғамда жаңа жалғыздық феномені пайда болды: адамдар жалғыздықты сүйе бастады. Бұл — бір жағынан өзін қорғау болса, екінші жағынан рухани оқшаулану қаупі. Адам жалғыз бола алады, бірақ жалғыз өмір сүре алмайды. Біз бәрібір адамбыз — өзара мейірім мен байланысқа мұқтажбыз. Жақсылықты бөліскен сайын көбейеді, ауырлықты бөліскен сайын жеңілдейді. Сондықтан, жанымыз тыныштықты іздегенмен, жүрегіміз шынайы байланысты жоғалтпасын.

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: