Мейірім – имандылықтың нышаны
Мейірім – имандылықтың нышаны
1 ай бұрын 1050 islam.kz/
Абдулла Самға

 

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: "مَنْ لَا يَرْحَمُ النَّاسَ لَا يَرْحَمْهُ اللَّهُ".
(Сахих әл-Бухари, 6013; Сахих Муслим, 2319)

«Адамдарға мейірімі жоқ адамға, Алла Тағала да мейірім етпейді». Хадис.

Бұл хадис адам баласына қойылған асыл талап - жүрек тәрбиесінің негізі мейірім екендігін мензеп тұр. Расында да, мейірім – иманның жемісі, ал иман – жүректің нәрі. Адамның Алламен байланысы дұрысталуы үшін, алдымен оның адамдармен қарым-қатынасы түзелуі керек. Ал бұл қарым-қатынас – мейірім мен жұмсақтыққа негізделмесе, онда пенденің рухани деңгейі де төмен болмақ.

Мейірім – Алланың сипаты

Алла Тағала Өзінің есімдерінің арасынан «Ар-Рахман» (аса рақымды), «Ар-Рахим» (мейірімді) деген есімдерін бекерге жиі айтпаған. Ол арқылы Жаратушы күллі жаратылысты қамтып, күнәһар пендеге де кешірім есігін ашып қойғандығын ұқтыру үшін. Ендеше, Алла мейірімді болса, Оның мейіріміне үміт артқан пенде де мейірімді болуға тырысуы керек емес пе?

Мейірім – жүректің сәні

Адамның ішкі әлемінің қандай екенін жүріс-тұрысы мен сөзі арқылы білуге болады. Кімде кім мейірімді, жұмсақ, кешірімді болса – ол адамның жүрегі тірі деген сөз. Себебі мейірімділік – тек бір сәттік эмоция емес, ол – Алланы еске алумен, жүректегі иманмен келетін сипат.

Мейірім – жүректегі таза сезім. Ол ата-анаға, балаға, туысқа ғана емес, жатқа да, тіпті жан-жануарға да бағытталуы тиіс. Пайғамбарымыз ﷺ бір иттің шөлдеп жатқанын көріп, оған су берген күнәһар әйелдің жәннатқа кіргені туралы айтады. Бұл оқиға – мейірімнің салмағы мен Алланың оған берер сыйының қаншалықты екенін ұқтырады!

Қоғам мейірімге мұқтаж

Қазіргі қоғамда адамдар арасында ашу мен қатыгездік көбейіп барады. Бір-біріне мейіріммен қарау, кешіріммен қарау, жанашырлықпен сөйлеу – сиреп барады. Әрине, оған күнде теледидардан көріп жатқан қатігездік, ұрда-соқ фильмдердің де әсері бары сөзсіз. Осындай қоғамда, мейірімділік пен рахымдылықты жиі насихаттап, ұрпақтың санасына мейірбан болудың маңыздылығын құйып отырған жөн. Мұсылман – әрдайым сабырлы, жұмсақ мінезді, мейірімді болуы керек. Қатаң сөз, ауыр көзқарас – жүректерді жаралайды. Ал мейірім – жүректі емдейді.

Алла елшісі ﷺ:
«Кімде-кім кішіге мейірімділік танытпаса, үлкенді құрметтемесе, ол бізден емес» – деген. (Ахмад, Әбу Дәуд)

Мейірім – отбасындағы берекенің кілті, қоғамдағы тыныштықтың негізі, адамдықтың өлшемі. Мейірімсіз адам – тірі жан иесі болғанымен, рухани тұрғыда өлі десек, қателеспейміз. Саналы робот.

Мейірімді болудың жолдары

Пайғамбарымыз (с.а.у.) жүректі жұмсартудың жолын былай деп үйреткен: «Егер жүрегіңнің жұмсаруын қаласаң пақырды тойдыр және жетімнің басын сипа»

  • Құран оқу. Құран қарайған жүректі ағартады. Ағарған жүректе мейірім пайда болды. 
  • Зікір, тәспихат айту. Иистиғфар айту, дұға жасау, зікір тәспихат айту – жүректі жұмсартып, мейірімділікті оятады. "Жүректер Алланың еске алумен тыныш табады" дейді аятта. 

  • Жиі садақа беру. Кедей-кепшікке садақа беріп, кішкене болса да көмек қолын созған кісінің жүрегінде жанашырлық пайда болады.

  • Жақсылық іздеу. Кісіге жымию, жылы сөз айту – кішігірім амал болса да, үлкен сауап.

  • Өзгені кешіре білу. Өзгелерді кешіре алатын адам – Алланың кешіріміне лайық.


Қорытынды

Адамдарға мейірімділікпен қарау – тек этика емес, бұл – құлшылықтың бір түрі. Себебі Пайғамбарымыз ﷺ "бүкіл әлемге мейірім шуағы болып жіберілген". Ол (с.а.у.) мейірім арқылы адамдардың жүрегін жаулап, бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген. Олай болса, біз де «мұсылманмын» деген атымызға лайық болу үшін мейіріммен өмір сүруге тырысайық. Өйткені мейірім – иманның айнасы.

islam.kz

 

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: