Ораза айт күнгі сүннет амалдар
Ораза айт күнгі сүннет амалдар
21 күн бұрын 3001

«Айт» сөзі араб тілінен алынған. Ол - «қайту, оралу, мейрам, қуанышты күн»деген мағыналарды білдіреді. Ибн Араби: Айттың "айт (оралу)" деп аталуының себебі, жыл сайын жаңа қуанышпен қайта келіп отырғандығынан» дейді. Қуанышты сәт саналатыны – отыз күн оразадан кейінгі ауыз ашу мейрамы болғандықтан. Айт намаздары һижреттің алғашқы жылында шариғатқа енді. Бұған дәлел Әнастың (р.а.) жеткізген хадисінде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдина қаласына келгенде, жергілікті халық жылына екі күн ойын-сауық құратын. Сонда Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бұл қандай екі күн?» – деп сұрайды. Олар: «Бұл жаһилия кезеңінде ойын-сауық құратын күндер еді», – деп жауап береді. Артынша Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): – Аллаһ тағала бұл екі күндеріңді одан да қайырлы екі күнге алмастырды. Олар: «Құрбан айт пен ораза айт»2, – деп, мұсылмандардың екі мейрам күндерін белгілеген. 

Ораза айттың сүннеттері

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Әбу Бәкірге: «يا أبا بكر، إنّ لكلِّ قوم عيداً، وهذا عيدنا» «Уа, Әбу Бәкір, барлық қауымның мейрамы бар, бұл біздің мейрамымыз»деп, ораз айттың мұсылмандардың мейрамы, қуанышты күні екендігін білдірген.

Ораза айт күндері ерте тұрып, мешітке барардың алдында жуынып, жақсы иіс-су себініп, ең жақсы киімдерін киіп, мұсылман бауырларымен қуана жолығып, қолынан келгенше садақа береді. Ибн Омар ораза айт күні ғұсыл құйынып шығатын болған. Сайд Ибн әл-Мусайб: «Ораза айттың үш сүннеті бар: намазға жаяу бару, намазға бір нәрсе жеп шығу мен жуынып шығу» деген.

Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ораза айт күні жуынатын. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айт күні киетін қызыл шапаны болатын. Сол күні өзінде иіс су болмаса туыстарынан алып үйіне әдемі иіс себетін.

Мешітке барарда бір жолмен барса, қайтарда басқа жолмен қайту сүннет. Жабирдің риуаят еткен хадисінде: «Нәби (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)

Айт намазына шыққанда бір жүрген жолымен қайта жүрмейтін»– делінген. Кейбір ғалымдардың айтуынша, сауабы мол болсын, әрбір қадам сауаптан жазылсын деген ниетпен ұзын жолмен мешітке барып, қысқа жолмен қайтуды дұрыс санаған. 

Ораза айтта мешітке бармай тұрып біреу, үшеу, бесеу секілді тақ санда құрма жеп шығады. Әнастың (р.а.) риуаят еткен хадисінде: «Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ораза айт намазына құрма жемейінше бармайтын»– делінген.

Айт түндерін құлшылықпен өткізу – мұстахап. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде-кім ораза айт түні мен құрбан айт түнінің сауабын Аллаһтан тілеп, сол түнді құлшылықпен өткізсе, жүректер өлетін күні оның жүрегі өлмейді»6 – деген. Яғни оның жүрегі иман нұрынан нәр алып тұрады. Ораза айт намазынан бұрын немесе одан кейін үйіне келгенше нәпіл намаз оқуға болмайды. Ибн Аббас (р.а.): «Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ораза айт күні шығып, екі рәкаттық (айт) намазын оқыды. Бұдан бұрын да кейін де ешқандай намаз оқымады және онымен бірге Білал болды» дейді.

Мұсылман бауырлар бір-бірін құттықтап, «ғафараллаһу ләнә уа ләкум» (Аллаһ біздің де, сендердің де қате-күнәларымызды кешірсін) немесе «тақаббалаллаһу минна уа минкум» (Аллаһ бізден де, сіздерден де қабыл етсін) деп дұға айтысады.

Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов, «ОРАЗА – теңдессіз құлшылық». 


1  Лисанул Араб 3/319. 
2  Мүснәд Ахмед, 3/103; Сүнән Әбу Дәуіт, Китабус-салә, "бабуъидайн". 
3  Фатхул барии 949. 
4  Бұхари, 986; Субулус-сәлам, 2/488.
5  Бұхари риуят еткен. Насбур-райә, 2/208
6  Марақи әл-Фәлах, 1/89; Фәтхул-қадир, 1/423

0 пікір