Өзегіңді жалғар бір үзім наның болса, уайымға бой алдырма! (мотивация)
Өзегіңді жалғар бір үзім наның болса, уайымға бой алдырма! (мотивация)
2 күн бұрын 351 islam.kz/
Аяз Қарани, "Лә тәхзән".

Егер алдыңда бір үзім наның, ішерге бір ұрттам суың және үстіңді жапқан киімің болса — еш мұңайма!

Бірде Тынық мұхитында адасып кеткен теңізші жиырма бір күн бойы ашық теңізде жалғыз қалады. Ақыры аман қалып, үйіне оралғаннан соң жұрт одан: «Басыңыздан өткерген ұшбу жағдайдан қандай сабақ алдыңыз?» — деп сұрапты. Сонда ол: «Бұл тәжірибеден түйген ең үлкен сабағым мынау: егер ішерге асың мен таза суың болса, ешқашан ештеңеге шағымданбауың керек!» — деп жауап беріпті.

Біреулер айтқан екен:

«Өмір деген — бір үзім ас пен бір жұтым судан тұрады, қалғаны — артық дүние».

Ибн әл-Варди болса былай жырлаған:

«Парсы патшасы Хұсраудың салтанатынанбір үзім нан артық,
Теңіздің суынан бір ұрттам су артық».

Джонатан Свифт былай дейді:

«Әлемдегі ең үздік дәрігерлер — олар: Доктор Режим (немесе диета, қанағат) мырза, Доктор Сабырлылық (байсалдылық) мырза және Доктор Көтеріңкі көңіл-күй. Аз тамақ және жан тыныштығы мен шаттық — теңдесі жоқ ең абзал ем».

Осы тұрғыда менің айтарым:

«Семіздік — созылмалы дерт, ал «тән тойған жерде — жан ашиды» демекші, қарын тойса, зейін азаяды, тойған жерде ой тоқтайды.  Ал жан тыныштығы — жүректің рахаты мен рухтың мерекесі, жайдары көңіл — адамды сол сәтте-ақ бақытқа бөлеп, бойына қуат беретін шипалы азық»[1].

*Автордың айтқысы келген басты ойы — адамның бақыты материалдық байлықтың көптігінде емес, барында барын бағалай білуінде. Егер адамның аштан өлмейтіндей асы, шөлін басар суы және үстінде киімі болса, ол — бақытты жан. Теңізшінің оқиғасы арқылы автор біз күнделікті мән бермейтін «ішер ас пен таза судың» өзі өмір мен өлім арасында қаншалықты қымбат екенін көрсетеді.


[1] Аяз Қарани: «Лә тахзан!» («Мұңайма»). Араб тілінде. Қазақшалаған islam.kz

0 пікір