Миды сергітетін және Альцгеймер ауруынан қорғайтын көптеген тағамдар мен сусындар және өмір салтының өзгерістері бар. Бірақ ойға көп келетіні - антиоксидантқа бай қай сусын миға көбірек пайда береді? деген сауал.
Көп адамдар күнді кофемен бастау – миға сергектік беріп, жұмысқа зейін қоюға және күні бойы ұйқышылдық сезбеуге таптырмас жол деп ойлайды, ал кейбіреулер көк шайды жақсы көреді, өйткені, көк шай энергия береді, организмді токсиндерден тазартады және когнитивті функцияларды жақсартады.
Кофе: миға бір шыныаяқтық сергектік
«Economic Times» сайтының жариялағанына сәйкес, бұл көп талқыланатын сұраққа – қайсысы миға пайдалы: жасыл шай ма, әлде кофе ме? – терең жауап беруге болады. Бұл туралы невролог доктор Роберт Лоу екі сусынның пайдасын былай түсіндіреді:
«Кофе тек таңғы әдет қана емес, ол мидың күшті серігі бола алады. Қантсыз жаңа жасалған бір шыныаяқ кофе күнді бастауға ең дұрыс жол болуы мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, кофе ішу әдетке айналуы, Альцгеймер ауруының негізгі белгілері мен себептерінің бірі болып саналатын амилоидтық тақтайшалардың (бляшкалардың) мида жиналуын азайтады. Ал бұл – қартаюдың негізгі белгілерінің бірі және Альцгеймер ауруының себебі болып саналады» дейді маман.
Кофенің құрамындағы пайдалы заттар
«PubMed Central» сайтында жарияланған зерттеу көрсеткендей, кофеде 1000-нан астам биологиялық белсенді қосынды бар. Оған кофеин, полифенолдар, антиоксиданттар, тригонеллин сияқты заттар кіреді, олардың көбісі қабынуға қарсы, антиоксиданттық, нерв жүйесін қорғаушы, қатерлі ісікке қарсы және жүрек үшін пайдалы әсер береді.
Сонымен қатар, кофе Альцгеймер ауруына шалдығу мүмкіндігін 65%-ға дейін, Паркинсон ауруын – 29%-ға дейін азайтуы мүмкін дейтін де ақпаратты кездестіруге болады. Дегенмен, артықшылығы болғаны сияқты, кемішілігі де жоқ емес. Мәселен, кофе темірдің сіңуіне кедергі келтіруі мүмкін, остеопорозға арналған дәрілермен және кейбір антибиотиктермен үйлеспейді.
Кофенің басқа пайдасы
Доктор Роберт Лоу айтқандай, кофе ойлау қабілетін арттырады, зейінді күшейтеді, есте сақтауды жақсартады және назар аудару қабілетін арттырады. Кофеде полифенолдар көп, олар кофеге қою түс береді және ішек денсаулығына өте пайдалы. Себебі сау ішек микробиомы мидың жұмысын жақсартумен тығыз байланысты.
Органикалық кофе
Доктор Лоу – органикалық кофені таңдауды кеңес етеді. Себебі дәстүрлі кофеде көбіне зиянды пестицидтер болады. Ең жақсы әсер алу үшін кофені фторсыз, сүзілген немесе кері осмос арқылы алынған сумен дайындаған дұрыс.
Көк шай: ойлау қабілетін күшейтеді
Көк шай өзінің когнитивті қабілетті арттыратын пайдалы әсерімен ерекшеленеді және жұмсақ, әрі, сергітетін энергия береді. «Жасыл шай мен кофені қалыпты мөлшерде ішудің деменциядан қорғаудағы оң әсерін көрсететін ұзақ мерзімді зерттеу» атты зерттеу жарияланды. Негізгі нәтижелер бойынша, күніне 2–3 шыныаяқ шай ішу когнитивтік қабілеттің нашарлау қаупін едәуір азайтады – шай ішпейтіндермен салыстырғанда бұл көрсеткіш 44%-ға төмендеген.
Алайда бұл әсер тек егде жастағы адамдарда байқалған, ал жастар арасында айтарлықтай әсер көрінбеген. Бірақ көк шайды көп ішу әрдайым пайдалы бола бермейді: күніне 4 шыныаяқтан астам ішу пайда әкелмеген.
Жасыл шайдың пайдасы
Доктор Роберт Лоу айтқандай, жасыл шай энергияны теңестіруге көмектеседі. Ол кофеинге ие, бірақ сонымен қатар L-теанин атты амин қышқылын да қамтиды, ол тыныштық пен босаңсу сезімін күшейтеді. Жасыл шай ішек үшін де пайдалы, полифенолдарға бай, кофе сияқты ішек саулығын қолдайды және миды «ішек–ми» осі арқылы қоректендіреді.
Қайсысы жақсы?
Кофе мен көк шай екеуінің де артықшылықтары мен адамға пайдалы әсері бар. Кофе миды белсендіріп, сергітсе, көк шай энергияны жұмсақ әрі тыныш энергия береді. Соңында, доктор Лоу айтқандай, ең жақсы таңдау – адамға ұнайтын және өзіне сәйкес келетін сусын деп атап өтті.
alarabiya net сайтынан аударылды